Алматы-Тараз ұшағы таксиден тиімді

Алматы-Тараз ұшағы таксиден  тиімді
ашық дереккөз
Алматы-Тараз ұшағы таксиден тиімді

«Астана Эйр» компаниясының «Fly Arystan» бойнгі ендігі жерде Тараз бен Алматы қалалары аралығындағы жол сапарлар мерзімін едәуір қысқартатын болды. Аталмыш әуе рейсі 1 мамырдан бастап ашылғалы отыр. Жолаушылар екі қала аралығында бар-жоғы 40 минут қана ұшады. Бір адамдық билеттің құны 4 мың теңгеден басталып, қол жүктерін, басқа да қызмет көрсету шығындарын қоса есептегенде 5-6 мың теңге аралығында болады. Одан көп емес. Жалпы «Fly Arystan» ұшағының бортында бір мезгілде 180 адамға дейін ұша алады. Осынау игілікті істі «Золотой караван» туристік фирмасы ұйымдастыруда. Бұл құрылым осы саладағы қызметін 15 жылдан бері жемісті жалғастырып келе жатқанын атап өту ләзім. Шетелдерге саяхат жасаушыларға әуе билеттері сатылымын да негізінен солар жүзеге асырады. Туристік орталық экскурсиялық іс-шаралар мен кездесулер ұйымдастыру ісіндегі жетістіктері үшін Үкімет тарапынан Алтын медальмен де марапатталған. – Өңірлік ішкі туризмді дамыту қауымдастығының төрайымы ретінде маған «Астана Эйр» компаниясы «Тараз–Алматы» әуе бағыты бойынша ұшулар ұйымдастыру жөнінде біраздан бері қолқа салып жүр еді. Соның сәті енді түскендей. Біздің фирмамыз – аталған компанияның туристік операторы. Алдағы уақытта екі қала арасына ұшақтардың күн сайын ұшуы қамтамасыз етілмек. Атап айтқанда, олар Тараздан кешкі сағат 20.50-де жөнелтілсе, Алматыдан 19.20-да бері қарай ұшып шығатын болады. Былайша айтқанда, екі ара бұрнағыдан да жақындай түспек. Осы мүмкіндікті пайдаланып, еліміздің ішкі туризмін дамытуды, ересектердің, балалардың қалалар бойынша саяхаттарын ұйымдастыруды көздеп отырмыз. Алматылықтар тарапынан біздің өңірімізге деген қызығушылықтың артуы байқалуда. Сондықтан оңтүстікастаналықтарға облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тапсырмасымен қайта жаңғыртылған «Жеңіс», Қ.Рысқұлбеков саябақтарын, «Үшбұлақ» жағажайын, «Желтоқсан» скверін, «Жастар» аллеясын, басқа да көрнекі орындарымызды аралатып көрсетіп, жаңа да жасампаз қаламыздың екі мың жылдан астам уақытты қамтитын тағылымды тарихымен таныстыруды да көздеп отырмыз. Осыған байланысты «Ежелгі Тараз – жаңа кешенде» атты жаңа экскурсиялық бағыт түздік. Өз өңірімізде балалар туризмін мейлінше дамытуға үлес қоссақ дейміз. Ару қала Алматыға да көп ұшулар болатынына сенімдіміз, – дейді «Золотой караван» туристік фирмасының төрайымы Альбина Веймар.

«Aq jol – Aqparat».

Ұқсас жаңалықтар