Тараздағы «Шахристан-Көне Тараз», «Тектұрмас» кешендері өңіріміздің сәніне айналады

Тараздағы «Шахристан-Көне Тараз», «Тектұрмас» кешендері өңіріміздің сәніне айналады
ашық дереккөз
Тараздағы «Шахристан-Көне Тараз», «Тектұрмас» кешендері өңіріміздің сәніне айналады

Былтыр тарихи Тараздың сәулеттік кескін-келбетін жаңарту мақсатында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылып, баршамыздың көз қуанышымызға айналғаны белгілі. Атап өтсек, Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағы қайта жөндеуден өтіп, саябақ ішінен «Ерлік» мемориалды кешені ашылды. «Үшбұлақ» каналының жағалауы абаттандырылды. Халық Қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақ толық жаңғыртудан кейін ел игілігіне берілді. «Желтоқсан-86» орталығы, «Тәуелсіздік ұшқыны» алауы, Шахмат алаңшасы, балалар ойын алаңы, сондай-ақ «Ғибрат» орталығы ашылды. «Желтоқсан» аллеясында ұзындығы 220 метрді құрайтын республика көлеміндегі ең ұзын субұрқақ іске қосылды. Биыл Тараз қаласындағы Ы.Сүлейменов көшесінің бойына орналасқан «Атшабар» аллеясы көркімен көз тартатын «Жастар аллеясына» айналды. Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамына орай ашылған демалыс орнында «Ұлы Дала ұландары» стеласы, «Білім» алаңы, «Jastar» қабілет орталығы, «Кітап» ескерткіші, LED экран мен Сахна алаңшасы бой көтеріп, заманауи үлгідегі 2 субұрқақ іске қосылды. Бүгінде аллея жастардың серуендейтін орнына айналып үлгерді. Осындай игі іске Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы «Туған жерге туыңды тік» жобасы да өз үлесін тигізуде. Өйткені кіндік қаны тамған өлкесін өркендету әркімнің перзенттік парызы десек, артық айтқандық емес. Ондай азаматтар елімізде баршылық. Биыл – ұлы ақын Жамбылдың есімін иеленген облысымыздың 80 жылдығы. Осыған орай тарихи шаһарда «Шахристан-Көне Тараз» орталығы мен «Тектұрмас» кешендерінің құрылысы қолға алынбақшы. Аталмыш жобаларға байланысты «Достық» үйінде «Тараздың түрленуі» іскерлік-әріптестік кездесуі өтті. Өңірімізден шыққан танымал кәсіпкерлерді, меценаттарды, өңір азаматтарын өз туған жерін көркейтуге, өркендетуге тарту мақсатында өткен басқосуға облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Сембек Сейдәзімов, түрлі мекеме, қор басшыларымен қатар инвесторлар да қатысты. Іс-шараны ашып жүргізген Тараз қаласы әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай келген қауымға сәттілік тілеп, ауқымды жиынның негізгі міндеттеріне тоқталды. – Бүгінгі таңда көне шаһар Таразымыздың мазмұнына мән, көркіне сән беретін жаңашыл жобалар жалғасын таппақшы. Осыған байланысты коммерциялық сипаттағы нысандарды өз есебінен құрылысын жүргізіп, пайдалануға ниет білдіретін азаматтарға қала әкімдігі тарапынан жер телімдерін инженерлік-құрылымымен бірге бөлуге дайын, – деді модератор. Ауқымды жобалар аясында «Мәдени-іскерлік» орталық пен «Шахристан-Көне Тараз», «Тектұрмас» кешендері макеттерінің таныстырылымы өтті. Болашақ нысандардың кішірейтілген үлгісін көпшілік назарына ұсынған облыстық «Сәулеттік бюро» мекемесінің басшысы Арман Әбдешовтен кейін аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына 2011 жылдан бастап өз үлесін қосып келе жатқан «Көне Тараз» қоғамдық қорының президенті Марат Әбдіре сөз сөйледі. Аталған жобаларды іске асыру үшін үлкен күш-жігер қажет. Ол үшін «Көне Тараз» қоғамдық қорының қамқоршылық кеңесін жасақтау өте маңызды. Қор құрылтайшысы Еркеғали Қосымов осыған байланысты қамқоршылық кеңесіне ұсынылған азаматтардың есімдерін атап өтті. Алайда ұсыныстың әлі де пысықталу қажеттігі айтылды. Кездесу соңында аталған игі бастамаға қолдау білдіріп, қаржы аударған мекеме басшыларына «Көне Тараз» қоғамдық қорының атынан сертификат тапсырылды. Келіссөздер жүргізу алаңында меморандумға қол қойылып, көне Тараздың киелі де көрнекті орындарына экскурсия ұйымдастырылды.

 

Альмира ОМАРОВА

Ұқсас жаңалықтар