Мәскеуде «Equus: Жылқының тарихы» трилогиясы таныстырылды

Мәскеуде «Equus: Жылқының тарихы» трилогиясы таныстырылды
ашық дереккөз
Мәскеуде «Equus: Жылқының тарихы» трилогиясы таныстырылды

МӘСКЕУ. ҚазАқпарат - Мәскеуде «Equus: Жылқының тарихы» деректі трилогиясының «Алғашқы шабуылшылар» деп аталатын екінші эпизодының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісі.

Фильмді «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында Қазақстанның Түркістан қаласынан бағыт алған «The Great Steppe Project» халықаралық автожарыс қатысушылары ұсынды. Халықаралық шара Еуропаның 26 еліне сапарлайтыны жоспарланған.

Деректі фильм ғылыми зерттеу жұмыстары мен заманауи ақпараттық технологияларға негізделген. Онда жылқыны қолға үйретумен айналысқан Қазақстан аумағындағы ежелгі мәдениеттердің кезеңдері қайта жаңғыртылған. Бұл үдеріс адамзат коммуникациясына қатысты жаңа жүйенің қалыптасуын айқындап, көші-қонның жандануына және ежелгі мемлекеттердің пайда болуына жол ашты.

Жоба Канада мен Қазақстан продюсерлерінің халықаралық ынтымақтастық байланысының жемісі. Фильмді режиссер, антрополог Найоби Томпсон мен қазақстандық продюсер, зерттеуші Нұрбол Баймұханов жетекшілік еткен канадалық түсіру тобы еліміздің аумағында түсірген. Оған отандық суретшілерден, әртістерден, каскадерлерден, дублерлер мен безендірушілерден құралған шығармашылық топ жұмылдырылған.

«Картинада жылқылар алғаш рет Қазақстан жерінде қолға үйретілгені  баяндалады. Мұның негізгі дәлелдерінің бірі - әлемнің жетекші ғалым-сарапшыларының генетикалық зерттеулерінен өткен ДНҚ нәтижесі. Ол - «Ботай» қонысындағы қазба жұмыстары барысында табылған артефакт арқасында алынған сынама. Мұның бәрі біздің ата-бабаларымыздың күллі адамзаттың дамуына, жаңа этникалық топтар мен ерте мемлекеттердің пайда болуына үлкен тарихи үлес қосқанын айғақтайды.  Аталған дерек Тұңғыш Президентіміздің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында да айтылған», - деді картинаның продюсері.

«Equus: Жылқының тарихы» картинасының түсірілімі 3 жыл бойы 11 елде түсірілді. Қазақстанда түсірілім Алматы және Ақмола облыстарының аумағында жүргізілді. Қазіргі уақытта фильм Қазақстан, АҚШ және Канада халқының назарына ұсынылып үлгерді», - деді Н.Баймұханов.

Қазақстан аумағындағы «Equus» жобасының түсіріліміне тарихшы кеңесшілер, суретшілер, актерлер, құрылысшылар, декораторлар, өнер және костюм дизайны саласындағы мамандар жұмылдырылды. Сонымен қатар, түсірілімге 1500-ден астам  жылқы қатыстырылды.

«Мәскеу - автомобиль жарысының алғашқы аялдамасы ретінде алынды. Одан кейін Минск, Вильнюс, Хельсинки, Стокгольм, Осло, Брюссель, Париж, Лондон, Мадрид, Женева, Берн, Рим, Вена және басқа да қалалар бар», - деді Н.Баймұханов.

Алдағы уақытта тұсаукесерді Гётеборг, Гаага, Будапешт, Прага, Берлин, Варшава, Бухарест, София, Афина, Ыстанбұл, Анкара, Тбилиси және Бакуде өткізу күтіледі. Жалпы деректі трилогия 2019 жылғы наурызда 50 ел, оның ішінде Канада, АҚШ, Германия, Франция мен Данияның және Қазақстанның телеарналарында көрсетіледі деп жоспарланған.

«The Great Steppe Project» автожарысы ҚР Сыртқы істер министрлігінің қолғабыс етуімен  ұйымдастырылды. Мақсаты - халықаралық аудиторияға Қазақстанның имиджін насихаттау, еліміздің туристік және инвестициялық әлеуетін алға жылжыту, ғылыми негізде дәлелденген - жылқыны қолға үйрету үрдісі Қазақстан жерінде жүзеге асырылғанын әлем  жұртшылығына паш ету.

Деректі фильм Ресей астанасының тұрғындарында ерекше әсер қалдырды.

«Фильм тамаша түсірілген, өткенге керемет саяхат жасадық. Ата-бабаларымыздың өміріне енгендей болдық. Ауқымдылығы мен көлемі  тұрғысынан  «Адамзаттың ұлы одиссейі» фильмімен салыстыруға болады. Жылқының ең алғаш Қазақстан жерінде қолға үйретілгенін картина сөзсіз дәлелдеп берді», - деді Мәскеу тұрғыны Андрей Стригуненко. 

Айта кетейік, «Equus: Жылқының тарихы»  деректі трилогияның екінші бөлімі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа 25 қаңтар күні таныстырылған болатын.


Авторы Медет Ахметов

kazinform.kz

Ұқсас жаңалықтар