Ең табысты бизнес-ханым Парижге барады

Ең табысты бизнес-ханым Парижге барады
ашық дереккөз
Ең табысты бизнес-ханым Парижге барады

Өңіріміздегі ең табысты жыл бизнес-ханымының есімі анықталды. Бұл атаққа облыстық кәсіпкерлер палатасы іскер әйелдер кеңесінің мүшесі, «Novacom Technology» ЖШС-ның директоры Индира Сатыбалдиева лайық деп табылды. Енді ол биылғы жылдың күз айында Парижге баратын болады. Бұл жай Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында өткен «Business Lady Qazaqstan» байқауы облыстық кезеңінің ақтық сынында белгілі болды. Аталған жарыста әйелдер кәсіпкерлігіне қолдау көрсетілуін, елімізді табысты дамытудағы нәзік жандылардың айрықша рөлі мен бизнестегі белсенді өмірлік ұстанымдарының танымалдығын, олардың шығармашылық әлеуеті мен мүмкіндіктерін ашуды насихаттау мақсаты көзделген-ді. Сондай-ақ «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында іскер ханымдардың қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрлеріне, тарихы мен мәдениетіне қызығушылықтарын арттыру мәселесі де қарастырылған. Айта кету керек, аталған шараға облыстың 10 кәсіпкер әйелі қатысып, өзара бақ сынасқан болатын. Ендігі жерде оның жеңімпазы байқаудың Нұр-Сұлтан қаласында өтетін республикалық кезеңінде облысымыздың намысын қорғайтын болады. Мұндай іс-шара былтыр да еліміздің өңірлерінде табыспен өтіп, жамбылдық үміткерлерге де жан-жақты қолдау көрсетілгені белгілі. Бұл жолы да ақтық сынға дейін ұйымдастырушы-тәлімгерлер тобы жарысқа қатысушыларды елімізге танымал коуч-тренерлерінің, блогерлері мен имидж-стилистерінің шеберлік сыныптарын ұйымдастыру арқылы мұқият дайындықтан өткізген-ді. Оның нәтижесі жаман болған жоқ. «Дана-Дель» сән ательесінің жетекшісі Бақыткүл Тоқтыбаева бірінші орынды жеңіп алды. Ол тоқыма өнеркәсібі саласында 30 жылға жуық уақыт еңбек етуде, сондай-ақ облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы іскер әйелдер кеңесінің де мүшесі. Ал екінші орын «Золотой караван» туристік орталығының директоры Альбина Веймардың еншісіне бұйырды. Ал келесі үміткер, қоларбада би билеуден әлемнің үш дүркін чемпионы, бапкер Факия Шихова үшінші орынға ие болды. Еске сала кетейік, биылғы жылы елімізде «Business Lady Qazaqstan» республикалық байқауының екінші маусымы бастау алды. Ал Тараз аталған іс- шараның өткізілуі үшін таңдалған еліміздегі алғашқы қала болып отыр.

«Aq jol-Aqparat».

Ұқсас жаңалықтар