Тараздық Дмитрий ким Жасанды жүрекпен өмір сүріп жүр
- author «Ақ жол»
- 13 наурыз, 2019
- 279
Жасанды жүрегі бар жанмен алғаш Тараз қаласындағы академик Сейтхан Жошыбаев басқаратын «Кардиохирургия және трансплантология ғылыми клиникалық орталықта» кездестік. Тараздық 55 жастағы Дмитрий Ким қандай да бір физикалық шектеулерсіз толыққанды өмір сүруде. Ол өзін өте жақсы сезінетінін айтты. Көбіне жаяу жүреді екен. Дене шынықтырумен айналысып, көліктен гөрі велосипедке мінгенді жөн санапты. Оған осыдан 9 ай бұрын ең күрделі ота жасалған еді. Бұл – өңіріміздегі алғаш рет жүрек қызметін атқаратын механикалық жасанды жүрек орналастырылған емделуші. Мұндай операция біздің облыста тұңғыш рет осы орталықта жасалып отыр. Емдеуші дәрігер-кардиолог Алмас Бегділдаевтың айтуынша, ол миокард инфарктісі мен қатерлі гипертониялық ауру салдарынан ауыр жүрек жетіспеушілігіне ұшырағандықтан орталықта үш жыл мамандардың бақылауында болған. Қан қысымы үнемі жоғары деңгейді көрсетіп, демікпеге шалдығыпты. Өз бетінше тыныс алуы да қиындап кеткен. Соңғы талмадан соң, орталық дәрігерлері Дмитрийге жүректің сол жақ жасанды қарыншасын ауыстыру операциясын жасауға шешім қабылдапты. Осы күрделі отадан соң ғана Д.Кимнің жағдайы жақсарған. Қазір ол өзін өмірге қайта келгендей сезінуде. «Алдымен маған өмір берген Жаратушыға, одан соң осы орталықтың дәрігерлеріне ризашылығым шексіз. Осындай ота жасалмағанда және ол сәтті шықпағанда, мен қазір сіздермен тілдесіп тұрмас едім. Қазір мен өзімді өте жақсы сезінетінім соншалықты, өмірге деген ынтам мен құлшынысым бұрынғыдан да артты. Денсаулығым оңалған соң алдағы уақытта біраз тірліктер тындырамын деген үміттемін», – дейді ол. Созылмалы жүрек жетіспеушілігі – жүрек-қан тамырлары ауруларының құрылымында өлім-жітім бойынша жетекші орын алатын ең көп таралған патологиялардың бірі. Дерекке сүйенсек, жыл сайын осы дерттен 20-30 адам қайтыс болады екен. Ал «Кардиохирургия және трансплантология ғылыми клиникалық орталығында» 500-ге жуық науқас «созылмалы жүрек жетіспеушілігі» диагнозымен есепте тұр. Жасанды жүрек – бионикалық имплантат, ол адам жүрегін жартылай немесе толықтай ауыстырады. Кейде қосымша жүрек ретінде пайдаланылады. Оны орнатқан соң адам денесінде қан айналымы қалыпқа түседі. Аппарат науқастың өмірін кем дегенде бес және одан да көп жылға ұзартады. Бұл – созылмалы жүрек ауруына шалдыққан науқас үшін өмірдің сыйы іспетті. Мұндай операциялар бұған дейін тек шет мемлекеттерде және Астана қаласындағы Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталығында ғана жасалып келген. Енді Тараз қаласындағы «Кардиохирургия және трансплантология ғылыми клиникалық орталығының» кардиохирургтері де күрделі отаны жасай бастады.
Толқын ӨМІРБАЕВА, облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз орталығының жетекшісі.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді