Хабар-ошарсыз жоғалған жауынгер

Хабар-ошарсыз жоғалған жауынгер
ашық дереккөз
Хабар-ошарсыз жоғалған жауынгер

Саудакент ауылының тумасы Ораз Ысқақовтың Ауған соғысында хабарсыз кеткеніне табаны күректей 32 жыл болды. Оразын он жыл күтіп, бір дерегін біле алмай Рысжан апаның да өмірден өткеніне 20 жылдан асыпты.

Жарықтықтың әруағы кешірсін, Рысжан апа Оразды сіңлісі Малдыбаладан алып, бауырына басып өсірді. Әкесі Асқарбай екеуі балалары тәй-тәй басып, енді жүре бастағанда әпкесі «ана жалғызым – Еркініме серік болсын» деп қолқа салып, бауырына басады. «Жиенім» деген жоқ, өз ұлы Еркінімен бірдей көріп, азамат етіп тәрбиеледі. Ол жасынан алғыр еді. Ауыл баласы үй тірлігі мен оқудан қолы қалт етіп жатса, асық ойнап, доп қуады. Ораз асық ойнаудың нағыз шебері. Қызыл түспен боялған сақасымен қаздай тізілген асықтың бірнешеуін атып түсіретін. Біздің бала кезімізде кім асықты мықты ойнаса, достарының арасында беделі жоғары. Ұтылып қалған балалар қарызға асық сұрап, айналшықтап жүргені. Ондайда ешкімнің көңілін қалдырмайтын. Есейе келе, доп та қуды. Футболда шабуылшы ретінде ерекшеленді. Ол мектеп бітірген соң, туған анасындай болған Рысжан апаны қиып кете алмай, Саудакент ауылындағы №19 Байқадам кәсіптік-техникалық училищесіне түсіп, бітіріп шықты. Ауылдағы автокөлік кәсіпорнында еңбек жолын бастады. Ол кездің жастары тепсе темір үзердей қайратты келуші еді. Содан да шығар, әскерге шақырылғандардың медициналық комиссиядан өтпей қалуы ілуде біреу ғана болатын. Ораз да бірден әскерге алынды. Ауылдан ұзап көрмеген ол Өзбекстаннан бір-ақ шықты. Күнде таңмен таласа тұратын жауынгерлер күн ұзақ әскери жаттығудан өтетін. Ұрыс қимылдарына дайындалып жатқан сан ұлттан құралған кеңестік жауынгерлердің бірде-бірі Ауған соғысы күтіп тұрғанын білген жоқ. Тәртіп қатты, командирлердің де қабақтары қатулы. Ешкім тіс жармайды. Осылайша күн артынан күн өтті. Жарты жыл бойы ұрыс қимылдарына әбден машықтанған жауынгерлерді түнгі дабыл ұйқыларынан шырт оятып, көзді ашып-жұмғанша сапқа тұрғызды. Мұндай дабылдың талайын көрген Ораз түннің бір жарымында рота болып, тік көтеріліп, әскери машиналарға асығыс мінгендерінен іштей секем алды. Одан көп ұзамай әуе лайнеріне тиелген кеңес жауынгерлері қара түнді қақ жарып, белгісіз бағытқа ұшып бара жатты... Жат жер, бөтен елге табаны тиіп, сап түзеген жауынгерлер алдында рота командирі: «Сендер Ауғанстанға интернационалдық борыштарыңды өтеуге келдіңдер, көп ұзамай дұшмандармен соғысқа кірісеміз» деді. «Соғыс» деген суық сөз қазақ, орыс, өзбек, қырғыз, украин, беларусь ұлттары өкілдерінен жасақталған кеңестік жауынгерлердің жүрегіне қанжар болып қадалды. «Бұл қандай соғыс, кімді қорғаймыз? Одақтас республикалардың бірі емес, айдаладағы Ауғанстанда кіммен соғысамыз? Дұшманы кім? Соғыс болса ресми жарияланбай ма?» осындай сансыз сұрақ лезде Ораздың ойын шарлап кетті. Қазақ баласы «жарияланбаған соғысты» ашып отырған кеңес одағының басшылығы екенін қайдан білсін?! Енді Отан алдында қабылдаған антқа адалдық таныту ғана. Басқа жол жоқ. Осыны ойлаған Ораз алыста, тым жырақта қалған алтын бесік ауылын – Саудакентін сағынды. «Мына жердің тау-тасы қандай сұсты еді» деп ой құшағында жатып, Рысжан апасын еске алды. Қайран апасы, бұл елден аттанарда: «Оразым азамат болып, әскерге баратын болды» деп қуанған сәті келді көз алдына. Ақ жаулығы желбіреп, көрші-қолаң, ағайын-туыстың бірін қалдырмай семіз қойды сойып, Құдайы тамақ таратып, ата-баба рухына бағыштап, Құран түсіртті. Әскери комиссариатқа келіп, маңдайынан қайта-қайта сүйіп, бауырына қысып, алыс сапарға өзі ақ батасын беріп, аттандырып еді. «Ауылдан әскерге бірге аттанған Серікбек қайда екен?» дейді іштей күбірлеп. Оның да осы жат жерде «интернационалдық борышын» өтеуге келгенін қайдан білсін. Кейін туған ауылы Маятасқа денесі табытпен жеткізілгенінен де хабарсыз. Ораздан алғашқы келген хат туған ағасы Қабылдың отбасында сақтаулы. Онда былай делінген: «Ауғанстанға ұшып келдік. Ұрыс қимылдарына қатысамыз. Оны командиріміз айтты. Ешқандай қорықпаңыздар. Ауылды, достарымды сағындым...». Апасы қарғыс атқыр соғыстың аяқталғанына пәлен жыл өткендіктен «ұрысқа қатысамыз» деген хат жолдарынан еш үрейленген жоқ. Үлкен кісі Ауғанстанды да көп ұлтты кеңес одағының құрамында деп ойлады-ау шамасы. «Ұрыс» дегенді де әскери жаттығу деп түсінсе керек. 1982 жылдың қаңтарынан бастап хабар-ошар сап тыйылды. Сонда да үміт оты өшкен жоқ. Бір күні жарқ етіп, үйге кіріп келетіндей боп көрінетін. Бауырлары бұл жоғалудан секем ала бастаса, апасы «Оразым келгенде соямын» деп жылдың төрт мезгілінде де бір қойды бордақыға қоятын. Осылайша «кебін киген келмейді, кебенек киген келеді» деп ғұмырын күтумен өткізіп, жер бесікке аттанды жарықтық. Бүгінде Сарысу ауданында 29 ауған соғысының ардагері тұрады. Жыл сайын олар кеңес әскерлерінің ауған жерінен шығарылған күні өздері қатысқан түсініксіз соғыста қаза тапқан қарулас достарын, сондай-ақ, денесі туған ауылына жеткізіліп, жерленген жерлестері Серікбек Мәлтаевты еске алып, рухтарына тағзым етеді. Ауыл іргесіндегі қорымдағы мәңгілік мекеніне барып, Құран түсіртеді. Ал, Ораз Ысқақовқа ондай тағзым көрсетілмейді. Өйткені, оның күні бүгінге дейін қаза болғаны туралы бір дерек жоқ. Ауған соғысында белгісіз жағдайда хабарсыз кетті. Ораз Ауған соғысында хабарсыз кеткен Сарысу ауданындағы жалғыз жауынгер. Өлісі де, тірісі де белгісіз Ораз Ысқақовтың дерегін әскери комиссариаттар арқылы сұрастырып, анықтау бүгінгі сарысулық азаматтардың парызы деп білеміз.

Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».

Сарысу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар