Бүгінгі Аңырақайдың бейнесі

Бүгінгі Аңырақайдың бейнесі
ашық дереккөз
Бүгінгі Аңырақайдың бейнесі

Игере білгенге игілік мол

12Аңырақай даласында болудың сәті түсті. Бұл өзі көптен ойда жүргенімен, әртүрлі себептермен жол түспей қойған іссапар еді. Жолсерігім – «Қордай» ормандар және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің» директоры Сағатбек Тәтібеков пен орман қорықшылары. Бүгінде бос қалған ен даланың бірден-бір иесі әзірге осы мекеме ғана. Ал, бұрынғы Одақтың дүрілдеп тұрған кезінде мұнда әр ұжымшар мен кеңшардың ондаған қой отарлары жаз жайлап, қыс қыстайтын. Жем-шөп, отын-су артқан, шопандардың керек-жарағын тасыған көліктер ерсілі-қарсылы ағылып жатар еді. Қазақ жерінің сайын даласынан ойып біздің облыстан бес жүз мың гектарға жуық жерді (оның жүз мыңдайы Қордай ауданынан) елу жылдық келісім-шартпен жалға алған қырғыздар өз алдына сапырылысып жататын. Ал, қазір... солардың бірі жоқ. 11 10О шеті мен бұ шетіне ұшқан құстың қанаты талатын, жүгірген аңның тұяғы кетілетін, ар жағы ұлан-байтақ Бетпаққа ұласып жатқан ұшы-қиырсыз жазира дала жетімсіреп жатқандай. Тек, орман шаруашылығының қорықшылары кезекшілік етіп, даланың өрттен, өсімдіктері мен аң-құстарының суық қолдардан сақталуын қадағалайды.

Әскери полигонда бүгін тыныштық

Су жаңа жүрдек «Нива» жер апшысын қуырып-ақ келеді. Аудан орталығынан таң бозара шығып едік, ел ұйқысынан ояна Отардан да өтіп барады екенбіз. Бұл жерден Аңырақайға қарай екі жол шығады. Бірі – темір жолды жағалай жүріп «Аңырақай» разъезінен бұрылатын айналма жол. Ол ұзақ әрі жолдың ой-шұқыры да көп. Ал, әскери полигон арқылы өтетін төте жолға кім көрінгенді жібере бермейді. Орман шаруашылығының басшысы күзетте тұрған сарбаздарға қызметтік куәлігін көрсетіп, өздерінің «жұмыс орнына» келе жатқандығын түсіндіріп жатып шлагбаумды аштырды. Мұндағы әдеттегі беймаза өмірдің тыныштық кезеңіне тұспа-тұс келсек керек. Әйтпесе, қандай да бір үлкенді-кішілі әскери-жаттығулары өтіп жатқан болса, кімді де болса маңайлатпас еді. Сөйтіп, қырық шақырымдай жолды қысқартып, сай-саланы қуалай, беткейді бөктерлеген асфальтпен жүйткіп келеміз. Ол сүт пісірімде бізді қырға алып шықты. Мұнда да блокпост, шлагбаум. Одан әрі айналасын тау қоршаған алып астаудай болып соғыс амалдарына жаттығу алаңы көсіліп жатыр. Ресми атауы – Қазақстан Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің Қордай ауданы аумағындағы Мәтібұлақ жалпы әскери полигоны. Осыдан үш жыл бұрын ғана осында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің қатысуымен өткізілген «Бейбіт миссия – 2010» лаңкестікке қарсы әскери оқу-жаттығуларына куә болғаным бар. 2001 жылы Қытай, Ресей, Қазақстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Өзбекстан басшылары құрған аймақтық халықаралық ұйымның рет саны жетінші болып табылатын Мәтібұлақтағы әскери оқу-жаттығуларына осы елдерден алты жарым мың әскер тартылып, ұшақ және тікұшақтарын қоса есептегенде 1,5 мыңнан аса қару-жарақ пен әскери техника қатысқан болатын. Осыдан 284 жыл бұрын қазақтардың жоңғар шапқыншылығына қарсы ғасырлар бойғы бітіспес күресін жеңіске бастаған Аңырақай шайқасы өткен ұлан-ғайыр дала сол күні тағы бір дүр сілкінген. Өзімізді нақ бір тірі «киноның» ішіне еніп кеткендей сезінгенбіз сонда. Осы замандық қуатты әскери техникалардың гүрілінен, атылған зымыран, жарылған снаряд пен бомбалардың даусынан құлақ тұнып, көкке көтерілген қошқыл түтін мен қою шаңнан былайғы жұртқа ешнәрсені айырып болмастай болып кетіп еді. Ал, бүгін сол жер шіліңгір шілденің аптабында сағымға бөгіп, үнсіз мүлгіп жатыр. Өн бойында түрлі жолдар, шартты белгілер, қазылған окоп, блиндаж, бақылау пункттері... Нысана ретінде қойылған танктер мен бронды машиналардың қаңқалары... Полигон аумағын көктей өткенше де жарты сағаттан аса уақыт артта қалды. – Мәтібұлақ – үлкені, мұнда басқа да шағын полигондар бар, – дейді жол бастаушымыз Сағатбек жан-жағына қарап қойып. – Былтыр Отан қорғаушылар күні – 7 мамырда ТМД мемлекеттері арасында тұңғыш далалық жағдайдағы Жауынгерлік парад болғанын білесіздер. Ол мына жақта Отар ауылынан батысқа қарай тау бөктерлей жатқан төменгі полигонда өтті, – деп қолын түстік шығысқа қарай сілтеді. Әне-міне дегенше, облыс аумағындағы еліміздің Қорғаныс министрлігі еншілеген жердің шегінен шығып, қарсы алдымыздан мұнартқан Аңырақай адырларына да табан іліндірген едік.

Әр тасы тарихтың сырын бүккен

Көз жетер жерге дейін біріне-бірі иық артқан таулы адырлар, тіпті, таусылып болмады. Бір кезеңнен ассаң, алдыңнан екіншісі шығады. Сонау бір қиырда, оң қол жақта Аңырақай таулары мұнартады, оның биіктеу бір пұшпағын жұрт Жәмила тауы дейді. Неге бұлай аталды екен? Жалпы, бұл жердің әр жотасы, әр тасы бойына тылсым сырлар бүккен. Аттап басқан сайын алдыңнан шығатын қолдан үйген тас обалар, төбесіне белгі қойылған қарауыл төбелер, ескі қорымдар ше? Жер бетінде қазақ деген халықтың сақталып қалуында шешуші орын алатындығымен халқымыздың тарихында алтын әріптермен жазылуы тиіс Аңырақай шайқасынан қалған белгілер осылар ғана. Сосын жер-су атаулары. Алматы жақтағы Қаскелең, Шамалған тәрізді қазақтармен соғыста қаза тапқан қалмақ батырларының атын дәріптейтін атаулар мұнда да баршылық. Сайын даланың біраз бөлігін еншілеп жатқан Дәржі жазығы ажалын осында тапқан қалмақ батыры Доржының атын дәріптейді. «Доржы өлген жер» деп айтыла келе қысқарып Дәржі аталып кеткен. Тіпті, Ақырақай атауының өзін қалмақтың Аңырақ деген батырының жекпе-жекте ажал құшуынан туған деседі. Тағы бірде қазақ қолынан ойсырай жеңілген ойраттардың аңыраған даусын күллі қазақ даласы түгел естігендей болмады ма, содан бері осы жазық «Аңырақай» аталған деген де жорамал бар. Қалай болғанда да 1730 жылдың көктемінде жүздеген мың қазақтар мен жоңғарлар қырық бір күн бойы жан алып, жан берісіп шайқасқан Аңырақай даласында молалар мен обалардан көз сүрінеді. Кезінде осында мал баққан шопандар әр төбенің түбінен сынған қылыш, жебелер, найзаның ұштарын, аттың тұяғына қадалатын үштаған істік темір тәрізді алапат шайқастың белгілерін тауып алып жатты. Кейбір обаларды қазғанда, сауытымен көмілген адам сүйектері шығыпты деп еститінбіз. Жалпы, бұл тақырып тарихшылардың, жергілікті білікті азаматтардың қатысуымен арнайы журналистік экспедициямен шығып, атақты Аңырақай шайқасы өткен киелі жерлерді жүйелі түрде зерттеу туралы мақсатты ойларға жетелейді.

Ақтылы қойдың өрісі

Дүние жаралып, су аққалы бөкен жортқан, аң мен мал тұяғынан басқаны білмеген осынау ен дала төсінің адам қолымен жаңғырған кезі есте. Әсіресе, өткен ғасырдың алпысыншы – сексенінші жылдары бұл жер ақтылы малдың шұрайлы өрісіне айналып, аудан шаруашылықтарынан отар-отар қойлар «отгондағы» жаздық жайылымға шығарылатын. Жолдар төселіп, құрылыстар салынып, әр шаруашылықтың дербес базасында жемшөп қоры молынан жиналып, отарларға мал мамандары осы жерден қатынап бақылау жүргізетін, түрлі алдын алу, егу шараларын атқаратын. Ал енді, аудан бойынша орталық саналатын Райсайда іздегеніңнің бәрі табылушы еді. Кез-келген сауда орындарында бола бермейтін қат дүниелер – шетелдік қымбат киім, маталардан үнді шәйіне дейін түр-түрімен мұндағы дүкенде тұнып тұратын еді. Әр шаруашылықтың малшылары кезегімен келіп түсіп жататын монша тоқтаусыз жұмыс істейтін. Ауданмен сымсыз тікелей байланысатын рация да осында. Ұзақ жылдар «отгонның» жауаптысы болып, Райсайдың тұрақты тұрғынына айналған Тәйтен Иткеев ағамыз жол талғамайтын көлікпен Аңырақайдың қиыр-шиырын күн құрғатпай аралап, ондағы отарлар мен шопандардың жағдайы туралы күн сайын аудан басшыларына, шаруашылықтарға мәлімет жіберіп тұратын еді. Жазы аптап ыстық, ал, қысы қатал, аптаға созылатын бораны бет қаратпай ұлитын бұл өңірде мекендеп, мал бағу кім-кімге де оңайға соқпайтын. Сондықтан, Аңырақайға ең тәжірибелі малшылар, малдан суыққа төзімді ірі еркек қой отарлары жіберілетін. Мал қыстату науқаны қызған кезде ауданнан сырнайлатып-кернейлетіп автокеруендер жолға шығатын. Құрамында дәрігерлері, саясаттан сауат ашатын лекторлары, көркемөнерпаздары, автодүкені, шаштаразы, автомоншасы бар топ әр шаруашылықтың базаларына, шопан үйлеріне атбасын тіреп қызмет көрсететін. Ал, Райсайға келуі үлкен мерекеге айналушы еді. Шалғайдағы малшылар онда сауда-саттығын жасап, бала-шағасымен әуезді ән тыңдап, кино көріп, жуынып-шайынып бір жасап қалатын. Сондай керуеннің құрамында жүргенімде Аңырақай жұртының өмірі өзгеше бір қызығымен есте қалыпты, Райсай үлкен елді мекен сияқты көрінуші еді маған сонда... Ақ «Нива» адырлардың арасын қуалай соңына қою шаң қалдыра бірде беткейлеп, бірде сай, табанымен зырлап келе жатқанда, мен еріктен тыс сол өткен күндерді ойладым, сондағы қым-қуыт қайнаған тірліктің белгілерін іздедім. Бірақ, жол-жөнекей қозы көш жерден сағымға малына қарауытқанға еліте көз тіктей қалсаң, не бұзылған сарайдың құлаған дуалы, не ескіден қалған тас қорған болып шығады. Бұрынғыдай кезең ассаң-ақ алдыңнан өріп шығатын отар-отар қойлардың, табын-табын сиырдың, үйірлі жылқылардың қарасы көрінбейді. Адамдардың оқта-текте мал қайырған айқайы да естілмейді. Аспан айналып жерге түскендей аптапта мүлгіген тыныштықты автокөліктің гүрілі ғана бұзып келеді. – Міне, Райсайға да келдік, – деген жүргізуші Ерболдың даусы бәрімізді серпілтіп жіберді. Алға ұмсына түстік. Бірақ, өрекпіген көңілім тез басылды. Көкейімде жатталып қалған бұрынғы көріністердің орнында тұрғындары әлдеқашан тастап кетіп бүлінген үйлер мен сарайлардың құлазыған жұрты жатыр. – Әне, анау бұрынғы штабтың орны, – дейді жолбасшымыз дуалы жартылай опырылып, құлап жатқан бір үйді көрсетіп. – Мынау монша болса керек, ал ана шеткері тұрған дүкен-ау шамасы... Көліктен түсіп, жан-жаққа қараймыз. Аяқ басқан сайын әр бұтаның түбінен пыр етіп кекілік ұшады. Төбеде бозторғай шырылдайды, одан да биік алыста көкшіл бір құс самғап барады. Ителгі болар, сірә. Бұлардан өзге тіршілік иесі жоқтай. Иесіз жұртты қалдырып, тағы да алға ұзадық. Қызылқайнардан өтіп Баба сайына түскенде лағын ерткен елік алдымыздан кесіп өтті. Жақпар тасты беткейге шығып алып, біз көрінбей кеткенше құлақтарын қайшылап артымыздан қарады да тұрды. Одан Жыңғылды сай басталды. Бұл өзі ұзаған сайын жол-жөнекей бұлақ суларымен үлкейе беретін кішігірім өзенге айналады екен. Көктемгі жауын-шашынды кездері суы едәуір көтеріліп таситыны бұрынғы арнасынан байқалады. Қазір суы тартылып кеткен. Жылғаны бойлай өскен қалың жыңғыл гүлдей бастапты. Төмендеген сайын бұталар қалыңдап, ит тұмсығы батпас ну қорысқа айналған, жолбасшымыздың айтуынша, бұл тұста жабайы қабандар мекендейді. Жылына екі рет гүлдейтін бұл жыңғылды сәндік өсімдік ретінде көшелеріне егетін қалалар да бар деседі. Осы жылғаның аяғынан тоспа салынған дегенді бұрын еститінмін. Бірақ, көрген емес едім, соның сәті бүгін түсті. Алыстан жалтырап көрінген су айдыны жақындай келе аумақты көлге айналды. Тоспа дегеніміз – кәдімгідей арнайы жасалған су қоймасы екен. Бұл өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының екінші жартысында қырғыздар иелік еткен кезде жазасын өтеушілердің күшімен салынған құрылыс болып шықты. Одан қозы көш жерде түрме бастығының, одан әріде түрменің де орны жатыр. Оннан аса ұзынша барактардың болуына қарап, сотталғандардың саны осал болмаған-ау деп түйдік. Үйлердің көбі қирап, тас дуалдары қалған. Тек, шеткері карцердің терезесіндегі темір торлары сол күйі тұр, төбесі де бүтін көрінеді. Оның әр екі бөлмесіне ортақ пештеріне (контрамарка) дейін әлі орнында. – Ерте көктемде сексеуіл тұқымын себуге келгенде жігіттерімізбен осы үйдің бір бөлмесіне от жағып, уақытша жылынып амалдаған болатынбыз, – дейді орман шаруашылығының басшысы Сағатбек Тәтібеков. Ал, ит байласа тұрғысыз жапан түздегі бұл не қылған түрме, не қылған су қоймасы дегенге келсек, осыдан терістік батысқа қарай небәрі алпыс шақырымдай жердегі Ақсүйек уран кеніші орнына техникалық су жеткізу үшін жасалған көрінеді. Ол мақсаттың кезінде қаншалықты орындалғанынан хабарымыз шамалы, қазір болса су қоймасын тендерде ұтып алған көрші облыстың кәсіпкерлері мұнда балық шаруашылығымен айналысуда екен. Енді, Қопалы өзенін бойлай терістікке, Дәржі жазығына қарай тартып келеміз. Қопалының өзен деген аты ғана. Оның да суы жазда тартылып кетеді. Жол бойы әр жердің шөптесін өсімдіктері әрқалай көрінді. Манағы Қызылқайнар жақта баялыш қалың еді. Кезінде малшылар оны түбірімен қазып алып отынға пайдаланған. Жапырағы мен сабағы мосыға ілген шәугімді қайнатуға жараса, түбірі темір пештің өзін қызартып жіберетін сексеуілдей қызулы екен. Ал, мына тұста ақтаспа мен бидайық мол. Орманшылардың айтуынша, кеңес үкіметі кезінде мұндағы жазық жайылымдардың отын молайту үшін көпжылдық бидайық (житняк) тұқымын ұшақпен арнайы сепкен кездері болған. Соның сарқыты әлі де бар. Қайда қарасаң да мал тұяғы тимеген жайылымдар. Ылғал мол жиналатын сайлауыт жердегі шабындық, тіпті, ат сауырынан келеді. Төменгі елді мекендерде мал көбейген сайын өріс тарылып, биылғыдай қуаңшылықта шабатын шөп табылмай жатқан шақта қызығарлық-ақ көрініс. Алайда, мұнда мал әкелуге де, шабындыққа шалғы салуға да қол қысқа. Біріншіден, жер арқасы қиянға қатынаудың қиындықтары шаш етектен дегенмен, алайда, басты себеп бұл да емес. Жамбыл облысы әкімінің 2002 жылғы 29 желтоқсандағы шешімімен «Қордай» ормандары және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» құрылған болатын. Оның қарамағына Қырғыз Республикасының пайдалануында ұзақ мерзімде болып келген Кеңес-Аңырақай атырабын қоса алғанда Қордай ауданынан 109 мың гектардан астам, Шу ауданының аумағынан 75 мың гектардай жер бөлініп берілген. Сөйтіп, мемлекеттік мекемеге қарасты жалпы жер көлемі 184,3 мың гектарды құрайды. Одан бөлек, Қаракемер ауылдық округінің аумағындағы Ақжігіт жайлауы және бар. Демек, «Орман кодексінің» талаптарына сай бұл аймақтарға орман қорықшылары мен түз аң-құстарының есебін жүргізушілерден өзгелердің аяқ басуға құқығы жоқ. Яғни, заңсыз аң аулау өз алдына, «ақыры бос жатыр ғой» деп орман қорының жеріне мал жайып, шөбін шауып алуға да болмайды деген сөз. Бұрнағы жылдары бес жеке тұлғамен Аңырақайдың мал жайылымын уақытша пайдалануға келісім-шарт жасалған болса, былтырғы прокуратура тексеруінен кейін олардың да күші жойылып, жер орман қорына қайтарылып алынған.

Орманшылардың жалақысы төмен

Осылай, бүгінгі таңда Аңырақайдың бірден-бір қожасы орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі болса,оның да өзіндік шегіп отырған тауқыметтерін айтпасқа болмайды. Осы аудандағы небәрі он үш мың гектарда жинақы орналасқан Қарақоңыз орман шаруашылығынан өзгешелігі, бұлардың жері жоғарыда айтылғандай, екі жүз мың гектарға жуық алапта шашырап жатыр. Оның бір шеті Алматы облысымен, бір қиыры Бетпақдаламен ұласады. Бұл жерлердің орналасуы Іле Алатауының баурайындағы шөл далалы аймақ. Климаты қатал, жазда өте ыстық, қыста суық, қар да қалың түседі. Су көздері өте тапшы. Жердің алпыс пайызы таулы-қыратты, қалғаны далалы, жер қыртысы құмайтты. Осыншама жерді бірнеше кордонға бөліп жиырмашақты адамнан тұратын мекеме қорықшылары көлікпен, кейде атпен аралап қадағалайды. Олардың екі «Уаз», бір «Нива» көліктері, дөңгелекті трактор, мотоциклі бар екен. Биыл орман шаруашылығының құрамынан өрт сөндірушілер тобы ашылып, «Ақкөл» орман шаруашылығынан бір өрт сөндіргіш машина, соқалы трактор беріліпті. Жазғы маусым басталғалы қорықшылар мен өрт сөндірушілер вахталық әдіспен кезекшілік етуде. Орманшылардың мұндағы тұрағы – кезінде «Трудовик» колхозының базасы болған орын екен. Өзгелерден өзгешелігі, ол кезде Ленин орденді шаруашылық Аңырақайда бір саулық фермасын да ұстап, көктемде ол отарлардан қой төлдететін. Сондағы мықты сарайлар мен шопан үйлерінен қазір тамтық қалмапты. Тіпті, орманшыларға сая болуға жарары жоқ. Біз келген күні аға орманшы Жанболат Жаманкөзов бастаған команда кезекшілікте екен. Бірі егерь, бірі қорықшы Мырзабек Кәрібаев, Мырзахан Кенжебаев, Александр Чистяков, Дархан Байтіковтер орманшылардың өз күштерімен дөңгелек орнатып алған жылжымалы контейнер үйшікте күнелтеді. Анығында, мынадай шыжыған ыстықта контейнерде тұру мүмкін емес, көрпе-төсектерін оның көлеңкесіне жайып, жерде жатады. Ағаш көлеңкесін, басқа да ықтасынды паналайды. Арнайы «орманшы үйін» салу жылда айтылғанмен, қаржы бөлінбегендіктен көрген күндері осы. Үйден әкелген ас-ауқат ұзаққа шыдамайтындықтан, оның да сүрі болған, кепкен, қатқан түрлерін талғажау етеді. Айлық-жалақыларын айтудың өзі ұят, небәрі 30 мың теңге. Оны-мұны ұстағанынан қалған 26 мың теңге қолдарына тиеді екен. Содан да кадрлар тұрақтамайды. Арнайы білімді орманшы, аңшылық мамандар да тапшы. Аңшылық демекші, Аңырақай даласында түз тағыларынан – арқар, муфон (арқар мен таутекенің буданы), елік, қарақұйрық, борсық, қабан, суыр, қарсақ, қасқыр, түлкі, күзен, қоян, ал құстардан – ителгі, бүркіт, қырғауыл, кекілік, қасқалдақ, дуадақ, шіл, бұлдырық, сарыала қаз, от үйрек, т.б. кездеседі. Олардың ішінде «Қызыл кітапқа» енгендері де барын ескерсек, өңірдегі аң-құстардың есебін жүргізіп, суық қолдардан қорғаудың қаншалықты маңыздылығы көрінеді. Орман шаруашылығының аңшылықтанушы жалғыз маманы Геннадий Сироштың мүмкіндігі мұның біріне үлгеруге жетсе, біріне жетпей жатады. Оның үстіне браконьерлер де төбе көрсетпей қоймайды. Жүздеген шақырымдағы жапан түзге елік немесе үйрек атуға екінің бірі бара қоймасы анық. Мылтық аузын қандауға құмарлар көбінше билігі мен байлығына сенген, бос уақытын қайда жіберерін білмей еріккендер болып келеді. Арындаған «Джип» мініп, бес қаруын сайлап келетін оларға қарсы «Уаз» мінген қарапайым қорықшылардың қауқары шамалы. Қуған күнде де жеткізбей кетеді. Дегенмен, биыл олардың бірнешеуінің бетін қайтарған, екінші тоқсанда заңсыз балық аулаудың төрт оқиғасы бойынша іс қозғап, келтірілген шығын өндірілген. Аңшылықтың да өз ережесі, уақыты бар. Айталық, облыс әкімдігінің «Облыс аумағындағы зиянкес жыртқыш аңдардың санын реттеу туралы» қаулысы негізінде қасқыр атушыларға қолдау көрсетіледі. Биыл осылай ірі қасқыр атқан он адамға жыртқыштың әр терісіне 12800 теңгеден орман қорғау мекемесі есебінен төлемақы берілген. Орман қызметкерлері вахталық бақылаудан бөлек, ара-тұра жұмылдырушы топтар құрып, дала өрті мен браконьерліктің алдын алуға рейдтер ұйымдастырып тұрады екен. Бір жақсысы, биыл орман шаруашылығы жерінде өрт оқиғасы тіркелмеген. 15 шілдеде ғана Кенен ауылдық округінің жерінде «Аңырақай» стансасының маңында аумақты жайылым өртеніп, оны сөндіруге бүкіл аудан болып жұмылғанда орман шаруашылығының өрт сөндірушілері де солардың бел ортасында болған. Қордай орманшылары тындырып отырған тағы бір үлкен шаруа – 2006 жылдан басталған сексеуіл тұқымын егуі болса керек. Арнайы тұқым сепкіштің жоқтығына қарамастан, өздері ыңғайлап алған түтікті жабдықтың көмегімен-ақ жылына жүздеген гектарға сексеуіл тұқымын сеуіп келеді. Өсімі әрқилы. Мәселен, 2008 жылы Өзбекстаннан әкеліп сепкен тұқым мүлде өспей қалды. Одан бергі жылдарғысы көктеп шықты. Сол өскіннен соңғы жылдары Мойынқұм ауданындағы «Көктерек», «Мойынқұм» орман шаруашылықтарына жүз мыңдап сексеуіл көшеті беріліп жатыр. – Сексеуіл өте баяу өсетін өсімдік. Оның толық кемеліне келуіне екі жүз елу жылдай уақыт керек, – дейді орманшылар. – Екіншіден, стратегиялық тұрғыда Аңырақай даласын болашақта құм көшкінінің астында қалдырмас үшін де қазірден сексеуіл егілуде. Демек, біз болашаққа жұмыс істеп жатырмыз... Олардың сөзінің жаны бар. Көктемде тұқым сеуіп, күзде өнімін жинап алатын егіншіліктегі немесе мал шаруашылығындағы тәрізді емес, орман шаруашылығындағы бүгінгі жұмыстардың қайтарымын болашақ ұрпақ қана көре алады. Қазіргі жұмсаған шығыны тап бүгін-ертең еселеп пайда әкелмейтіндіктен де Үкімет орман шаруашылығына қырын қарайтын тәрізді. Әйтеуір, ілдалдаған күй кештіріп, не өсірмейтін, не өшірмейтін саясат ұстанатындай. Бұл бір біздің облыстағы ғана емес, бүкіл еліміздегі орман шаруашылықтарының басындағы жағдай осылай. Әйтпесе, неге олардың айлығы өспейді? 30 мың теңгені ауылда кез-келген қалқайып жүрген күзетші алады емес пе? Апталап үй бетін көрмей, кейде бастарын қауіпке тігіп дала кезіп кететін орман қорықшылары мен аңшылық мамандарының ерлікке барабар еңбегі жете бағаланбауын басқа қалайша түсіндіруге болады? – 2015-2016 жылдары біздің аймақта орман орналастыру жұмыстарының басталуы күтіледі. Құжаттамалары дайын, тек республикалық бюджеттен арнайы қаржы бөлінсе-ақ, қазіргі қиындықтар бір күнгідей болмайды, – деп ауданның бас орманшысы Сағатбек Тәтібеков оптимистік тұрғыда ойын білдіріп жатыр. Жақсы-ақ үміт. Қаржы бөлініп, «Орман орналастыру институтынан» мамандар келіп, Аңырақайдың әр бөлігінде жекелей зерттеулер жүргізіп, бұл жерді болашақта қалай тиімді пайдаланудың және игерудің жоспары жасалып, мемлекеттік бағдарлама түзілетін болса, орманшылардың екінші тынысы ашылды дей бер. Бірақ, ондай күн қашан келеді?

8Белгілі журналист Құрманбек Әлімжан газетіміздің Қордай ауданы бойынша меншікті тілшісі қызметіне кірісті.

Қордай ауданы.

Ұқсас жаңалықтар