«Ақ желкен» жастарының ұстанымы – ауызбіршілік

«Ақ желкен» жастарының  ұстанымы – ауызбіршілік
ашық дереккөз
«Ақ желкен» жастарының ұстанымы – ауызбіршілік

Тәуелсіздік белестері – біз үшін тарих толқынындағы ең айтулы кезең. Өйткені бұл кезде егемен еліміз өз алдына мемлекет болып қалыптасты. Бірлік пен берекенің, ынтымақ пен татулықтың арқасында еліміз әлемге танылды. Сондықтан мен үшін тәуелсіздік – халқымыздың бір-біріне деген ниетінің адалдығын айқындайтын ұғым. Біз қазақстандықтар, Қазақстанның жастары бүгінде ел дамуы мен игілігі үшін еңбек етеміз. Себебі Отанымыздың келешегі – біздің қолымызда. Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздің болашағының негізі болатын жастарымен жұмыс жасауға ерекше көңіл аударып отырады. Ассамблея жанынан әртүрлі ұлт өкілдерінің басын қосқан «Ақ желкен» жастар лигасының құрылуы – соның дәлелі. Сонымен қатар Тараз қаласында 20-дан астам және аудандарда 50-ге жуық этномәдени бірлестік жұмыс істейтіні белгілі. Солардың әрқайсысында жастардың белсенді көшбасшылары кіретін жастар қанаты жұмыс істейді. Осы ұйымдар түрлі ұлт өкілдерінің жастарын қамтитын ауқымды жобаларды қарқынды жүзеге асыруда. Олар аудандарда достық фестивалі мен жастар көшбасшылары форумын өткізіп тұруды дәстүрге айналдырған. Этномәдени бірлестіктер жанындағы жастар көшбасшылары – бұл үлкен қоғамдық күш. Олар – этномәдени бірлестіктердің және Қазақстан халқы Ассамблеясы мен аймақтық ассамблеяның өткізетін қоғамдық мәні бар іс-шараларының белсенді ұйымдастырушылары. Тіпті осы жас көшбасшылар арасында Елбасы идеяларын жүргізетін талантты жастар қалыптасып келеді. «Ақ желкен» жастар лигасының құрамына қазақ, дүнген, түрік, тәжік, ұйғыр, шешен-ингуш, еврей, қарашай-балқар этномәдени бірлестіктері және «Радонеж» орыс қауымдастығы жастар қанатының өкілдері кіреді. Олар «Қазақстан-2050» Стратегиясын, Қазақстан халқы Ассамблеясының басты идеясын іске асыруды өз алдарына мақсат етіп қойған. Жастар қоғамда ұлтаралық келісім мен толеранттық мінез-құлықты қалыптастыруды көздейді. Өздерінен кейінгі буынға татулықты дәріптеп, патриоттық рухты сіңіруге ұмтылады.

Зайнутдин МАХУСЕЕВ, облыстық «Вынхуа» дүнгендер этномәдени бірлестігінің өкілі, «Ақ желкен» жастар лигасының төрағасы.

Ұқсас жаңалықтар