Майкөт ақынның жоқшысы

Майкөт ақынның  жоқшысы
ашық дереккөз
Майкөт ақынның жоқшысы

немесе ақынның қазақтың мыңжылдық тарихын жырлаған туындысы туралы тағылымды сөз

Халық ақындары шығармаларының жиналуы, зерттелуі, насихатталуы аса маңызды. Өйткені қазақ халқының небір қилы тарихы бізге халық ақындарының туындылары арқылы жетті. Сондықтан да көптеген тарихи зерттеулерде олардың сол уақыттың шындығын, тыныс-тіршілігін, адамдарын, тұлғаларын баяндайтын өлең-жырлары тарихи дерек ретінде кеңінен қолданылып келеді.
Халық ақындарының шығармашылығын іздеушілер әр уақытта болды. Әсіресе ХІХ ғасырда ресейлік шығыстанушы ғалымдар тарапынан бұл жұмыс кеңінен өрістеді. Оның басты себептері де белгілі. Біріншіден, әлі зерттелінбеген, танылмаған халықты тану үшін оның әдебиетіне, өнеріне мән беру қажет болса, екіншіден, Ресей империясының белсенді жүргізген отарлау саясатымен тығыз байланысты болатын. Одан кейінгі кеңестік кезеңде де ел арасынан халық шығармашылығын жинауға белгілі ғалымдар мен ауыз әдебиетінің жанашырлары атсалысты. Дегенмен жиналған халықтық мұралардың барлығы дерлік зерттеу объектісіне айналып, халықтың игілігіне ұсынылмады. Мұның бәрі айналып келгенде, халық ақындарының өзіне лайықты бағасын алуға, терең зерттелуіне, ел арасында кеңінен насихатталуына айтарлықтай бөгет жасады.
Кезінде сондай өз бағасын алмаған халық поэзиясының ірі өкілі қатарында Майкөт ақын Сандыбайұлы болды. Оның шығармашылығы мүлде айтылмады, халық назарына ұсынылмады деуге келмейді. Құлмамбет ақынмен айтысының үзіндісі 30-жылдары С.Сейфуллин құрастырған халық шығармашылығының хрестоматиясына енсе, М.Әуезов, С.Мұқанов, Е.Ысмайылов сынды ғалымдардың зерттеулерінде айтыстары жоғары бағаланды. Тәуелсіздік кезеңінде «Жампоз» атты шығармасы жарық көрді. Дегенмен бүгінгі күнге дейін Майкөт ақынның мол мұрасы толық зерттелініп, өзінің лайықты бағасын алды деп айта алмаймыз. Сондықтан бұл жұмыс күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Ел ішінен ақын мұрасын жинауға атсалысқан азаматтың бірі – Саудакент ауылының азаматы, соғыс және еңбек ардагері Дүйсенбек Мұсаев. Бұл кісінің есімін біз Майкөт ақынның «Жампоз» атты шығармалар жинағында кездестіргенбіз. Жақында ақын мұрасының жанашыры, ұрпағы, зейнеткер тағы бір сарысулық ағамыз Егізбек Сәтұлы жолығып, Дүйсенбек ағаның жинақталған қағаздарымен таныстырды.
Сұр папкінің ішінде Майкөт туралы бұрын-соңды жазылған зерттеулер мен мақалалардың, ақын туындыларының, «Ақсауыт» жинағында шыққан ақын жырлаған «Алпамыс батыр» жырының, сондай-ақ Д. Мұсаевтың өзінің ұсынуымен мерзімді басылым беттерінде жарияланған ақынның туындылары мен мақалаларының, Ғылым академиясына жазған хаттарының көшірмелері бар екен. Сарғайған, мәшіңкеге басылған қағаздар, газет беттері сонау 90-жылдары елдің қиын жағдайына қарамастан тынымсыз ізденген жанның қыруар еңбегінің куәсі болып көрінеді.
Алдымен ақын мұрасын іздеуші, насихаттаушы Дүйсенбек Мұсаев туралы айтып өтсек. Ол жөнінде журналист Б.Сәдуақасовтың «Сарысу» газетінде жарияланған мақаласы «Дала дәрігері» деп аталыпты. 1922 жылы Сарысу өңірінде дүниеге келген Дүйсенбек тағдыр тауқыметін ерте татыпты. Ата-анасынан ерте айырылған ол Тараз қаласындағы балалар үйінде тәрбиеленеді. 8-класты жақсы бітірген ол Шымкенттегі дәрігерлік техникумға оқуға қабылданады. Онда фельдшер-акушер мамандығын алып, 1939 жылы Сарысу аудандық санитарлық-эпидемиологиялық стансасында мемлекеттік инспектор болып қызмет жолын бастайды. Ұлы Отан соғысы басталғанда алғашқылардың бірі болып майданға аттанады. Онда екі мәрте ауыр жараланады. Сөйтіп 1945 жылдың тамыз айында ауылға ІІ топтағы мүгедек болып оралады. Сарысу аудандық санитарлық-эпидемиологиялық стансасының меңгерушісі, сондай-ақ аудандық денсаулық сақтау бөлімінде де басшылық қызмет атқарады. 1951 жылы аудан басшыларының ұйғаруымен жылжымалы дәрігерлік пункттің меңгерушісі болып, барлық саналы ғұмырын ауданның малшы қауымының жағдайын жақсартуға арнайды. Ел тарихын зерттеумен, Майкөт ақынның шығармашылығын жинаумен, насихаттаумен, ауданның табиғатын қорғау мәселелерімен 90-жылдары белсенді айналысады. Жалпы, ардагердің ғибратты өмір жолы Сарысу ауданы жұртшылығының тұрмыс-жағдайының жақсаруына арналады.
Оның Майкөт ақынға қатысты еңбегін бірнеше салада қарастыруға болады. Біріншісі – ақын туралы жазылған ғылыми мақалалардың, еңбектердің көшірмелерін жинастыруы. Соның ішінде бір назар аударарлығы – ғалым Т.Сыдықовтың «Ғасырлар кәусар бұлағы» еңбегінің көшірмесі. Онда ғалым «Алпамыс батырдың» жырлану нұсқаларына талдау жасай келіп, Майкөт ақын жырлаған нұсқаға кеңінен тоқталады.
«Осы толық версияның көлемді де бағалы, һәм көркем нұсқасы – «Алпамыс батырдың қиссасы» деп аталатын Сандыбаев-Аққожаев нұсқасы болып табылады. Бұл нұсқаны ХІХ ғасырдың аяқ шенінде ақын Майкөт Сандыбаев жырлап берген. Майкөттен қолжазба бойынша жыршы Сұлтанбек Аққожаев жаттап алған. Сұлтанбек ұзақ жылдар бойына Майкөттің қасына еріп, онымен бірге жүрген адам. Бұл нұсқа 1899 жылғы Қазан баспасынан алынған деп айтуға (екі нұсқаның біраз жері бір-біріне ұқсас келгенмен) дәлел аз да, оған дейін, яғни ертерек шығарылған деуге болатындай. Алайда фактіге жүгініп, екі нұсқаны өзара салыстыра отырып, қайсысы бұрын, қайсысы кейін деген мәселені ашып айтқан жөн» дей келіп, «Қазан баспасы мен Сандыбаев-Аққожаев нұсқасының ортақ эпизодтарын салыстыру нәтижесінде сол сияқты Сандыбаев-Аққожаевтың көпшілік жағдайда эпостың өлеңдік түрін жақсы сақтағандығын, Қазан баспасына қарағанда оқиғаны әлдеқайда көркем етіп беретіндігін байқаймыз» деп тұжырым жасайды ғалым Т.Сыдықов. Бұдан Майкөт ақын жырлаған «Алпамыс батыр» жыры нұсқасының қазақ халық ауыз әдебиетіне үлкен қазына болып қосылғанын аңғарамыз.
Дүйсенбек Мұсаев өз уақытында Майкөт ақынның ел ішінен жинастырған туындыларын жариялауға, мақалалар жазып, оның есімін ұлықтауға, насихаттауға күш салған. Оның «Молшылық» газетінде «Тарих беттерінен» айдарымен «Бір сөзі бір сөзінен басым түскен» деген көлемді мақаласы жарияланып, сол газеттің келесі сандарының бірінде «Майкөт пен Жамбылдың дидарласуы» туындысын берген. Сондай-ақ 1994 жылы ақынның туғанына 170 жыл толуы қарсаңында «Жас қазақ» газетінде «Саңқылдаған сарайы саңлақ ақын» мақаласы мен «Майкөт пен Жамбылдың дидарласуы» туындысын жарияласа, «Қазақ әдебиеті» газетінде «Мың жылдық тарихты жырлаған» атты көлемді танымдық мақаласы басылған. Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінде «Асыл мұра» айдарымен «Майкөт ақын хақында» беташар мақаласымен бірге «Майкөт пен Бөлтіріктің айтысы» туындысы жарияланған.
Майкөт айтыс ақыны, халықтық дастандарды жырлаушы танымал жыршы ғана емес, қазақ халқының мың жылдық тарихын жырлаған терең өнер иесі болғандығына Д.Мұсаев өз мақаласында жұртшылықтың назарын аударады. «Майкөт сонымен бірге көптеген дастандар жазып қалдырған. Мәселен, «Қазақтың 1000 жылдық тарихы» атты хиссасы, «20 жастан 100 жасқа дейін» деп аталатын дастаны өзіндік өрісі бар, философиялық шығармалар. «Қазақтың 1000 жылдық тарихын» жырлау үшін үлкен және терең білім, кемеңгер ой-парасат керек екендігі белгілі. Демек, бұл қасиеттер Майкөт ақынның бойынан табылады екен. Халықтың мың жылдық тарихын поэзия тілімен айшықтаған Майкөт ақын философиялық терең де нақты дерекпен тебірене жыр етуіне қарағанда оның Қаратау өңіріндегі бірден-бір сауатты ақын екендігін дәлелдесе керек» дейді «Молшылық» газетінде шыққан мақаласында (5 тамыз 1992 ж.). Оның дәлеліне шығыстанушы-фольклорист Ә.Диваевтың: «Наконец встретился вблизи Чимкента, в Каратауе эпиком Майкотом Сандыбаевым, в творчестве которого своеобразно отразились тысячелетняя история казахского народа» (Стеногр. выступил. А.Х.Маргулана на юбил. сессии Ан. КазССР посвящ. памяти А.А.Диваева (1957)», – деген сөзін келтіреді.
Д.Мұсаев мақаласында ақынның ұлы Арқабай ақын жөнінде де мәлімет беріледі: «Майкөттың ұлы Арқабай әкесінің жолын қуып, өнер жолына түскен. Арқабай қобызшы, домбырашы және ақын болған. Мұның бәріне әке ықпалы болғандығы сөзсіз. Арқабай – халық ақыны. Ол Байзақ ауданында (1872-1931) туып, өскен. Ақындық өнерді үйренген Арқабай Жетісу, Оңтүстік өңірлерді, қырғыз, өзбек елін аралап, ақындық өнерін дамытқан. Оның Ұлбике, Қылышбай, Сауытбек және басқа ақындармен айтыстары және Сәт, Саймасай, Саржан болыстарға айтқан өлеңдері бар. Алайда Арқабай ақынның айтыстары баспа бетінде жарияланбаған.
Арқабай қырғыз манабы Шабданның тойында Жамбыл, Кенен, Жәміл, Қалмырза сияқты қазақ, қырғыз ақын-жырауларымен кездесіп, олардың бірқатарымен сөз сайысына түскен. «Қобыланды», «Алпамыс», «Қыз Жібек», «Нәрік батыр» және тағы басқа халық эпостарын жатқа айтып таратқан» деп жазады.
Сондай-ақ Д.Мұсаевтың қолжазба қорында ел аузынан жазып алған Майкөт туындылары кездеседі. Онда ақын шығармаларын кімнен, қашан жазып алғанын көрсетеді. Бұл өлеңдер Майкөт ақынның соңғы шыққан «Жампоз» атты шығармалар жинағына енбеген.
Рахымбай Кәрімбаевтан жазып алған «Ғибрат-өсиет нама» атты туындыға «Дүйсенбек Мұсаев 10.09.94.ж.» деп уақытын көрсеткен.
Бабаңыз Есімбаба Қарынбайды,
Бұл Майкөт ортаңа кеп орындайды.
Атаңнан Есім-баба қалған қыдыр,
Басынан өле-өлгенше арылмайды.

«Бисимилла» деп сөз қозғайтын әуел бастан,
Асылдар гауһар, жауһар бәрі тастан,
Мұхамед Расул Алла құрметі үшін
Жаралған әуелден-ақ жер мен аспан, – деп басталып, 43 шумаққа ұласатын бұл туынды үлкен бір шығарманың кіріспесі ретінде де танылады. Шығармада ақын өмірдің мәнін, оның жалғандығын, аңыздық желілерде қайбір пенде тарапынан әр алуан әрекеттер жасалғанмен, ешкімнің басында бұ дүниенің тұрақтап қалмағанын қызықты мысалдармен жырлайды. Негізінен өмір туралы ой-толғамға құрылған өлеңде кейде аңыздық желі кірігіп, өзіндік үйлесім тапқан. Туындыдан ақынның білімдарлығы, мұсылмандық дүниетанымының кеңдігі аңғарылады. Шығарманың бір түйіні: «Ұмытпа бай болдым деп бір Құдайды, Жер жұтқан қайырсызды, сараң байды» деген өлең жолдарынан байқалады. Шындығына келгенде, бұл туынды Майкөт шығармашылығының өзіндік қырын толықтыра, аша түсетін, арнайы әңгімелеуді, талдауды қажет ететін шығарма.
Бұдан соң Дүйсенбек қарияның жазбасынан мынандай жазуларды кездестіреміз: «Қоқыр – Шотан – Медет – Алшынбай – Жалаңтөс – Жәлмеш ұрпағы – Сарысу ауданы, Коммунар совхозы 1-бөлімшесінің тұрғыны (1909 ж.т.) 86 жастағы Шаукиев Мәді қарияның 40 жыл бойы көзі көрмей, тұрмыс тауқыметін, қиыншылықтарды жеңе жүріп, ел арасында көптеген әндері, өлеңдері шыққан. Академик Мырзатай Жолдасбеков арнайы кинофильмге түсіргізген. Ел құрметіне бөленген жаны жайсаң жан, жас кезінде Майкөт жырын айтып, ел арасына таратқан. Соның үзіндісі: 30. 09. 94 ж. марқұм асында» деген түсінік келтіре отырып, жазып алған өлең жолдарын келтіреді:
Айналайын Қаратау,
Әулиенің кені еді.
Тоқсан тоғыз мың Сәруар,
Отан еткен жері еді.
Кіші Мекке дер еді,
Меккелігін айтайын:
Ұлсыздарға ұл берген,
Қызсыздарға қыз берген.
Тарыққанға жол берген.
Әзірет Сұлтан туылған,
Кіндік қаны жуылған.
Бұрынғы өткен машайық,
Осылайша дер еді, – деп келетін өлең жолдарын Құлмамбет пен Майкөт ақынның айтысынан алынған жұрнақ деп қабылдауға болады. Айтыста Құлмамбет ақын жерің жаман, шаң-топырақ, адамдардың күн көрісі төмен дегенде Майкөт ақынның екпіндетіп төгіп айтатыны бар. Мәді қария соның есінде қалған үзіндісін айтқан тәрізді.
Дүние ойлап тұрсам өшеді екен,
Мұратқа, дәулетіне кім жетеді екен!
Басынан ер жігіттің тайса бағы,
Қор болып кемшілікпен өтеді екен.

Нанбасаң сұм дүниені жинап қара,
Жиғанмен тақ түбіне жетеді екен.
Шіркінді жанға бермей досым десең,
Азабы қияметке кетеді екен.

Жігіттер, қате болса алып таста,
Ойлансаң қайсы сөзім бекер екен.
Бисимилла сөздің басы әуел қойып,
Хауа ана Адам ата ерлі-зайып.

Дұшпаның табалайды сазайын деп,
Осындай көп жиылып кез келгенде.
Сөйлейін білгенімді дәптер жайын,
Бір күні Майкөтті де таба алмассың.
Қармағына іліп кетсе ажал-ғайып, – деп келетін өлең жолдары жоғарыда айтқанымыздай, үлкен шығарманың кіріспесі, бәлкім ақынның қазақтың мың жылдық тарихын баяндаған туындысының жұрнағы шығар деп ойлаймыз.
Я, Алла жар, Алла жар,
Аллам жар сізге қылдым зар.
Жасаған ием жаппай бер,
Жарылқар күнің қашан бар.
Жайсыз күнге жауар қар,
Жаман адам пейлі тар.
Алдым биік, артым жар,
Айналарға жерім тар.
Ғафу ет өзің бір Құдай!
Бейғам жатқан пендең бар.
Жаратқанға кәдір Мәулайым,
Әр не қылсаң еркің бар, – деп төгілткен өлең жолдарында халық поэзиясының дәстүрлік сипаты сақталған. Мұнда да мұсылмандық дүниетаным, халықтық ой-толғам көрініс берген. «Бейғам жатқан пендең бар» деген өлең жолынан ақынның ел-жұрт тіршілігі жөніндегі азаматтық мазасыз ойы білінеді.
Дүйсенбек қарияның жазбасында Майкөт ақынның туындысы деп тағы да мынандай өлең жолдары берілген.
Дүние бір қисық жол бұраңдаған,
Бақ тайса елге дәулет құра алмаған.
Мегзеген асқар тауды қайран көңлім,
Бір жерде пайыз етіп тұра алмаған.

Күніне мың бір түрлі көрсең пәле,
Сонда да күдер үзбе бір Алладан.
Алланың бергеніндей еш болмайды,
Алғанмен қанша дүние құдандадан.

Ілгері жұмысыңды бастырмайды,
Жаманмен жолдас болма сыр алмаған.
Үлкеннің өсиетін аңдау керек,
Жалғанда пайда таппас тіл алмаған, – деген ғибрат өлең жолдары да кездеседі. Сондай-ақ «Мәді қариядан» деп Құлмамбет ақын мен Майкөт ақынның жауаптасуынан үзінді береді:

Құлмамбет:
Сен едің әй, Рысқұлбек шумақтаған.
Көргенше асық едім шырақ саған.
Айналып түйіп өткен ақ сұңқардай,
Бар екен бір мінезің шумақтаған.
Айтамын тағы бір сөз кейімесең,
Ағаңды Әбден, Суан бейімдесең,
Екі әруақ бір Құдайға жүгінермін,
Ағаңды бір Ыстыдан кейін көрсең.
Е! Майкөт құлағың сал сөзге қарап,
Бар екен бір бойыңда таудай талап.
Айналып өз Ыстыңды мақтай бердің,
Қайда жүр Ошақты, Ойық кенже қалып.

Майкөт:
Сұрасаң елімізді батыр Сапақ,
Ат қойған Наурызбай деп ұранға атап.
Көзіне Жалаңбастың бір көрінсең,
Бәріңді қояр еді аттай матап.
Түйіп айтқанда, Д.Мұсаев тарапынан жинақталған бұл жазбалардың бәрі құнды. Шығармалар жырлау табиғаты жағынан ақын туындыларымен туыстас келеді. Сондықтан біздің ойымызша, бұл жазбаларды Майкөт ақынның шығармалары, не шығармаларының үзінділері деп батыл айтуымызға, қабылдауымызға болады. Майкөт ақынның мұхиттай мол мұрасына «теңіздің тамшысы» болып қосылған бұл жәдігерлер ақын шығармашылығын жинауға, зерттеуге қосылған елеулі үлес болды. Ел ішінен ақын шығармашылығының Дүйсенбек Мұсаевтай жанашырлары тағы да табылып, жаңа туындыларымен жұртты қауыштырып жатса, игілікті іс болар еді.

Сәмен ҚҰЛБАРАҚ,
филология ғылымдарының
докторы, профессор.

Ұқсас жаңалықтар