«Мәңгілік Ел» идеясын әйгілеген көшбасшы

«Мәңгілік Ел» идеясын әйгілеген көшбасшы
ашық дереккөз
«Мәңгілік Ел» идеясын әйгілеген көшбасшы

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев елімізді өркендету мен мемлекетімізді дамытудың жарқын болашағына даңғыл жол бастады. Бүгінде ата-баба аманатын орындаған Ұлт Көшбасшысының биік саяси бейнесі, зор тарихи тұлғасы ұлтымен ажырамас егіз ұғымға айналды.

Бүгінгі таңда жалпыхалықтық сипатқа ие болған бұл мерейлі мереке көп ұлтты қазақстандықтардың ерекше құрметіне ие болуда. Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті отандастарының үкілі үмітін, сара сенімін арқалаған дара тарихи тұлға екені даусыз. Елбасы жүргізген сындарлы саясат арқасында елімізде экономикалық, қоғамдық-саяси және әлеуметтік реформалар жүзеге асып, елімізді жаңа ғасырдағы бәсекеге қабілетті мемлекет ретінде әлемге паш етті. Намысына бекем, ұлтына адал Н.Ә.Назарбаевтың батыл шешімі арқасында Арқа төсінен еліміздің ару Астанасы бой көтеріп, нарықтық экономикаға негіз болған айшықты табыстарға қол жеткізді. Қазақстан аграрлық елден индустриалдық даму бағытындағы мемлекетке айналды. Ол елімізде ұлтаралық қарама-қайшылыққа жол бермей, қайта татулық пен келісім саясатына қанат бітіріп, Қазақстан халқы Ассамблеясының негізін қалады. Еліміздің Тұңғыш Президенті Орталық Азиядағы бейбіт өмір, даму, қауіпсіздік және тұрақтылық бағытын ұстанған геосаясаттың идеялық жетекшісі, оны алға апарушы реформатор ретінде кеңінен танылды. Аса қысқа мерзімде ел экономикасын қарышты дамытып, ішкі және сыртқы саясатты әлемдік деңгейге көтерген Елбасы Н.Ә.Назарбаев ғасырлар бойы ата-баба аңсаған еркіндіктің есігін ашқаны – дәуір ақиқаты. Ақ сөйлеп, адал іс атқарған, қайсар мінезімен, табанды талапшылдығымен ерекшеленген Елбасымыз тәуелсіздік жылдары жас мемлекетіміздің қабырғасын қатайтып, шаңырағын шайқалтпады. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы, ЮНЕСКО, ЕҚЫҰ, ШОС сияқты әлем мойындаған көптеген ірі халықаралық ұйымдарға мүше болды. Тұңғыш қазақ ғарышкері ғарыш әлеміне жол салды. Руханиятты өркендетіп, Ана тілін төрге шығарды. Семей сынақ алаңын жауып, әлемдегі ядролық қарудан бас тартқан жалғыз мемлекетке айналдық. Бүгінде ТМД аймағында саяси және экономикалық тұрақтылықты дамытуға кепіл болып отырған Еуразия кеңістігін құру, Бірыңғай Кедендік Одақ та Н.Ә.Назарбаевтан бастау алған баға жетпес интеграциялық даму бастамасы болды. Сондай-ақ Елбасының тікелей қолдауымен «EXPO-2017» халықаралық көрмесінің Астанада өтуі де бүгінде төрткүл дүние назарын Қазақстанға еріксіз аударып отыр. От шашқан домна пешінің ыстығында ысылған Мемлекет басшысын алға жетелеген арман, жігерін жаныған намыс екені ақиқат. Ол қазақ халқының қаһармандыққа толы өткенін, жасампаздыққа толы бүгінін, кемел ертеңін жалғаушы заман заңғары! Өйткені ұлт қамын ойлаған Нұрсұлтан Назарбаев – Ұлы Даланың Ұлы Перзенті! Сондықтан да оның өмірі мен қызметі ұлтқа үлгі, ұрпаққа өнеге. Ұлы бабалардың ат тұяғының ізі мен өнегелі өсиеттері қалған қасиетті Ұлы Дала демократиясын қайта жаңғыртып, «Мәңгілік Ел» идеясының тұсауын кескен Ұлт Көшбасшысы жаһанға елімізде қоғамдық-саяси тұрақтылық пен татулықтың, ынтымақ пен бірліктің, тұтас елдің шаңырағын биік көтеруге бел байлаған саяси лидер болып танылды. Бұл сөз жоқ елі сүйген, елін сүйген Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тынымсыз тірліктері арқасында қол жеткен ғаламат жетістіктер. Өйткені еліміздің Тұңғыш Президенті қысқа мерзім ішінде мемлекетін күлден құлпыра көтерілген Самұрық құстай, қанатын талдырмай Бәйтеректей биікке көтерді. Осылайша, ол аңызды ақиқатқа, сағымды шындыққа айналдырды. Бүгінде Елтұтқаға айналған Тұңғыш Президент қазақ елі үшін төрткүл дүниеден тұрақты дос, шынайы тілектес, айнымас саяси әріптес тапқан дәуір саясатының дарабозы. Қазіргі таңда Ұлт Көшбасшысы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында қуатты мемлекет құрғанымызды, дархан ел болғанымызды мақтаныш сезіммен айта аламыз. Ал бүгінгі жас ұрпақ уақыт тынысын ерте сезген Елбасының дағдарыс кезеңінде де мемлекеттік саясат пен ұлттық идеологияны жүргізудегі көрегендік қасиеттерін айырықша бағалай білуі керек. Өйткені қаһармандыққа толы өткеніміз, жасампаздыққа толы бүгініміз, батыл бастамаға толы ертеңіміз Елбасының есімімен бірге жасайтындығы ақиқат. Халқы бірауыздан сенім артып, ел тізгінін еркіне берген Н.Ә.Назарбаев бұл күнде ұлтының құрметіне, елінің мақтанышына, ұрпағының алғысына бөленіп отырғандығы – уақыт шындығы. Қашанда өзінің шұғылалы саяси ойларымен, арынды мақсаттарымен, толағай табыстарымен барша жұртты тәнті ете отырып, қалың қауымды артынан ерте білген Елбасы Н.Ә.Назарбаев биылғы Жолдауымен де елді елең еткізгені шындық. Мемлекет басшысы өз Жолдауында халық табысының өсуі, тұрмыс сапасын көтеру, өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру, азаматтар сұранысына бейімделген мемлекеттік аппаратты әзірлеу, тиімді сыртқы саясатты жүргізу, әрбір қазақстандықтың еліміздегі өзгерістер үдерісіне атсалысуы сияқты ауқымды да маңызды мәселелерді қарастырды. Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің ұжымы үшін бұл Жолдaу eгeмeн eліміздің тұрaқты дaмуын қaмтитын, мeмлeкeтіміздің бaрлық caлacынa ceрпін бeрeтін, хaлқымыздың игілігін көздeйтін шынaйы іc-жоcпaрғa құрылғaн әрі құндылықтaрымызды зaмaнaуи бaғыттa жaңғыртуғa жол cілтeйтін жaңa қaдaм болды. Жылдың бас құжатында Мемлекет басшысы жоғары оқу орнының табыстылығын бағалаудың басты критерийі – оқу бітірген студенттердің жұмыспен қамтылуы және жалақысы жоғары жұмысқа орналасуын айта келе, жоғары оқу орындарын ірілендіру саясатын жүргізу қажеттілігіне тоқталды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы ұстаз беделін қоғамның алдында арттыру мәселесін көтеріп, Жолдауға сәйкес келесі жылы «Педагогтердің мәртебесі» туралы Заң қабылданады. Заңда педагогтің әлеуметтік мәртебесін көтеретін стимулдар, оқу жүктемесін, қажетсіз тексерістерді азайту мәселелері көрініс табатын болады деген үміт зор. Осы тұста ескеретін тағы бір жайт, Елбасының кеше ғана жарық көрген, сиясы кеппеген «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласына зер салсақ, Елбасының ел тарихы мен болашағына бағыт-бағдар сілтеген жаңа сөзі тыңдарманға өзінің зерделілігімен ой салып отыр. Елбасы халықты рухани жаңғыруға шақырса, бұл жолы Ұлы Дала баласын, азаматын жүректегі елге деген сенімді жаңғыруға шақырады. Аталарымыз бізді ұятқа қалдырған жоқ, бүгінгі ағаларымыз сол қасиетті әдемі сипатта халыққа жеткізе білді, енді болашақ ұрпақ соны көтеріп кетсе игі. Болашаққа сеніммен қарау үшін қазақстандықтар кез келген ортада өзінің басқадан кіші емес, өзінің орнын білетін кісі екенін білуі керек. Елбасының үндеуі – «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласы халыққа рухани жаңғырудан болашаққа деген сенімді жаңғыртуға шақырып отыр. Мен ұлы тарихтың жалғасымын, мен ұлы елдің перзентімін, мен ұлылардың ізімін деген сенім, әрбір ел азаматының жүрегінде жануы тиіс. Болашаққа деген сенім өткеннің ізімен, аталарымыздың болмысымен қалыптасады. Құт қонып, бақ дарыған ұлтымыздың болашағы баянды, келешегі кемел болсын. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні – мемлекеттік мерекесі құтты болсын!

Ержан ӘМІРБЕКҰЛЫ, Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры.

Ұқсас жаңалықтар