Тараптар ортақ келісімге келді

Тараптар ортақ келісімге келді
ашық дереккөз
Тараптар ортақ келісімге келді

Кеше облыс әкімі Асқар Мырзахметов «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқару кеңесінің бас директоры Бақтияр Қрықпышев пен «Қазақмыс барлау» ЖШС-ның бас директоры Ғалым Нұржановты қабылдады. Айта кету керек, аталмыш корпорациясының өңіріміздегі Кіндіктас тауының сол жақ шетінде Шатыркөл кен орны бар. Шу ауданында орналасқан мыс өндіру базасы «Балқаштүстімет» өндірістік бірлестігінің бөлімшесі болып есептелінеді. Бұл кен орны бойынша жасалған екіжақты келісімшарт 2025 жылға дейін жарамды. Шатыркөл кен орнынан өткен жылы өңір бюджетіне қоршаған ортаға эмиссия, жерді пайдалану, мүлік және өзге де төлем-салықтары есебінен облыс бюджетіне 183 миллион теңге түскен. Ағымдағы жылғы түсім бұл көрсеткіштен кем болмайды деп күтілуде. Әйтсе де өндіріс базасы Орталық Қазақстан облысындағы «Балқаштүстімет» өндірістік бірлестігіне қарайтындықтан, жеке табыс, әлеуметтік және өзге де бірқатар түсімдер басқа облыстың қазына қазанын толтыруда. Кездесу барысында Бақтияр Әбдірахманұлы Шатыркөл кен орны аумағынан келісімшарт бойынша жер қорын пайдалану үшін 26 гектар жер телімін бөлу мәселесін шешіп беруді сұрады. Өз кезегінде Асқар Исабекұлы корпорация сұранысын қанағаттандыруға қарсы еместігін айтып, бірақ бірқатар талаптардың да жоқ еместігін жеткізді. Өңір басшысы жыл басынан бері облыс бюджетін толықтыру үшін көптеген игі шаралардың атқарылып жатқандығын, соның негізгілерінің бірі – жер қойнауын пайдаланушылардың облысқа тіркеліп, салық түсімдерін жергілікті қазынаға аударуы екендігін айтты. Шатыркөл кен орнын да корпорацияның бір филиалы ретінде облысқа тіркеп, ондағы жұмыскерлердің жеке табыс салығы, әлеуметтік аударымдары арқылы өңір бюджетін толықтыруға ықпал етуді сұрады. Ал ол мүмкін болмаған жағдайда серіктестік басшысын салық-түсімдерінен бөлек өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тұрақты түрде үлес қосуға шақырды. Филиал ашуға әзірге қаржы шығындарының тиімсіздігін алға тартқан Б.Қрықпышев екінші ұсынысқа қарсы еместігін білдіріп, корпорация қаржысы есебінен келер жылы облыстың 80 жылдық мерейтойына тарту ретінде бір әлеуметтік нысан салып беруге келісті. Өңірдің өркендеуі жолындағы бұл қаржылай қолдау кейінгі жылдары да өз жалғасын табады. Ол үшін арнайы меморандумға қол қойылмақ. Өзге де жұмыс жоспарларымен бөліскен корпорация басшылығының өкілдері алдағы уақытта да кез келген жағдайда бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендіктерін жеткізді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Ұқсас жаңалықтар