Ол енді қазақтар үшін «Мырзажан» емес!

Ол енді қазақтар үшін «Мырзажан» емес!
ашық дереккөз
Ол енді қазақтар үшін «Мырзажан» емес!

4 9 14Сол тұстағы ақкөңіл қазақтар Левон Исаевич Мирзоянды «Мырзажан» деп атапты. Кейбір тарихшылар мұның мәнісін Л. Мирзоянның жергілікті халыққа дұрыс көзқараста болғанымен түсіндіргісі келеді. Сонымен бірге, Левон Исаевич 1938 жылы Сталин мен Молотовқа «олар мұнда күріш өсірумен айналыса алмайды» дегенді алға тартып Приморя өлкесінен жер аударылған кәрістерді Қазақстанға қоныс­тандыруға келіспей хат жазыпты, сондай-ақ, Сталин мен Ежовқа НКВД-ның қызметіне деген өзінің күдігі мен күмәнін жеткізген деген де әңгіме айтылады. Бірақ, естіген адамның төбе шашы тік тұратын мына деректен кейін Л. Исаевич Мирзоянның «Мырзажан» деген атқа лайық емес екеніне көзіңіз жетіп, тіпті оның 1938 жылы жылы тұтқындалып, 1939 жылы ату жазасына кесілгеніне де онша қинала қоймайсыз. Неге? Өйткені, екіжүзді опасызға осындай жаза ғана лайық сияқты.

10 8Соңғы жылдары кейбір бұқаралық ақпарат құралдары мен интернет газеттер қолдарына түскен құпия құжаттардағы деректерге сүйене отырып Л. И. Мирзоянның адал партия қызметкері емес, шын мәнінде қанқұйлы баскесер болғанын дәлелдеп берді. Ашып айтсақ, ол Сталинге жазған «қатаң құпия» деген қара таңбасы бар шифрлы хатында «По антисоветским элементам нам было предоставлено право репрессировать по первой категории 8 тысяч человек и по второй – 8 тысяч человек. Сейчас эти лимиты почти полностью использованы. Мы должны к 10 декабря 1937 года окончательно зачистить и покончить с активным антисоветским элементом. По этим двум категориям активного повстанческого, диверсионного и шпионского элемента нами изъято по ликвидированным организациям и группам на 1600 человек больше установленного лимита. Для полной зачистки остатков мы просим разрешить нам дополнительно репрессировать по первой категории 1 тысячу человек» – деп жағымпазданыпты. Мұны қазақшалап ауызды былғаудың керегі жоқ шығар. Белгілі публицист Бейбіт Қойшыбаевтың дерегі мұндай сұмдықтың болғанын растай түседі. Ол, мысалы, КСРО Ішкі істер халық комиссары қызметінде жүргенде Николай Иванович Ежов 1937-1938 жылдардағы жаппай қуғын-сүргіннің басты ұйымдастырушысы және атқарушысы болғанын айта келіп, оның 1937 жылғы 30 шілдеде шығарған № 00447 құпия бұйрығында «Бұрынғы кулактарды, басбұзарлар мен басқа да антикеңестік элементтерді репрессиялау бойынша жүргізілетін операция 5 тамызда басталып, төрт ай мерзім ішінде аяқталуға тиіс» деп тапсырма бергенін жазады. Бұйрыққа қосымша Кеңес одағының әр өңірі бойынша бірінші және екінші категориямен жазалауға жататындардың саны да көрсетіліпті. Яғни, Ежовтың бұйрығымен Қазақ КСР-дегі көптеген жазықсыз адам­дардың «жаназасы» алдын ала шыға­рылып қойылыпты. Мына кестеде алдын ала ұсталуға, жазаға тартылуға тиісті адамдар саны жоспарланған. Мирзоянның «лимитті асыра орындап қойдық» деп отырғаны осы тізім. Сталин 16 17Публицист Бейбіт Қойшыбаев­тың зерттеуінше, кестеге сәйкес 1937 жылдың 5 желтоқсанына дейін 2500 адам атылып, 5000 адам ұзақ мерзімге (бұйрықта 8–10 жыл беру көзделген) сотталуы керек екен. Бірақ іс жүзінде науқанның төрт ай емес, 15–16 ай (1937 жылғы тамыз – 1938 жылғы қараша) бойы жүргізілген. Үкімдерді НКВД-ның республикалық, өлкелік, облыстық «үштіктері» шығарып тұрған. Осы кезеңде № 00447 бұйрықпен белгіленген квота (268095 адамды репрессиялап, оның ішінен 75095 адамды ату) бірнеше есе асыра орындалған. Демек, 1 млн. 770 мыңдай адам репрессияланып, оның 390 мыңы, яғни жартысынан астамы атылды. Ал, Қазақстанда осы кезеңде 118 мың адам репрессияланып, оның 25 мыңдайы атылды деп есептеледі. Яғни, НКВД-ның қасіретті № 00447 бұйрығында көзделген 7500 адамды жазалау жоспары 15 еседен де артығымен орындалған. Бұйрықта 2,5 мың адамды атуға тапсырма берілсе, орындаушылар оны он есе асырып жүзеге асырған. Аталмыш бұйрықта квотамен белгіленген цифрларды өсіруге болмайтыны, егер жағдай өсіруді талап етсе, онда Ежовқа (бұйрықта: «маған» деп нұсқалған) тиісті дәйектеме келтірілген өтініш беру керектігі айтылған. «Демек, аса ірі көлемдегі жаппай жазалау төмендегілердің өз өтініші бойынша жүргізілген болды ғой?!» ғой дейді Б. Қойшыбаев. Ал төмендегілердің бірі сол кезде қазақтар «Мырзажан» деп жүрген мұртты чекисттің өзі болып отыр. «Зерттеулер шынында да солай болғанын көрсетуде. НКВД-ның № 00447 бұйрығындағы республикалар, өлкелер мен облыстарға түсірілген жоспарлы цифрлардың өзі сол әкімшілік бөліністердегі партиялық басшылықтың сұрауы бойынша белгіленген болып шықты. Бұл тараптағы бұлтартпас деректерді кейінгі жылдарғы тарихқа жаңаша көзқараспен келетін іргелі зерттеуден – Юрий Жуковтың «Өзге Сталин» (Ю.Жуков. Иной Сталин. Политические реформы в СССР в 1933–1937 гг. М., 2010) деген кітабынан көреміз» деген Бейбіт: «Кітаптың 446–447-беттеріндегі «Аймақтық партия ұйымдарының басшылары сұраған және Саяси Бюро бекіткен «лимиттер» деген тізімнің ішінде бір жолды Қазақ КСР-і алып тұр. Қазақ КСР-інің партиялық басшылығы атуға 2346, жер аударуға 4403 адам белгілепті және сол болашақ құрбандықтардың санын Саяси Бюро мақұлдапты. Осы тізімде, неге екенін, Солтүстік Қазақстан облысы (ату – 658, жер аудару – 310) мен Қостанай облысы (ату – 145, жер аудару – 354) жеке жолдарға берілген. Бұл өтініштер Мәскеуге 1937 жылғы 11 шілдеге дейін түскен. Егер дербес жазылған екі облыс өтініштерін республикалық цифрларға қосып қарасақ, Қазақстан халқы ішінен 3149 ату, 5067 жер аудару, барлығы 8216 адамды репрессиялау сұралған және осы мөлшерде жазалау шарасын жүргізуді Саяси Бюро бекіткен екен» деп тұжырады ойын. Бұдан ары публицист «НКВД сол цифрларды аздап түзеткен де, айдың аяғында шыққан әйгілі № 00447 бұйрыққа қосып, жергілікті басқармаларға нақты тапсырма түрінде рәсімдеген. Кестеден көрініп тұрғандай, тапсырма сұралған мөлшерден біршама кемітіліп, дөңгелек цифрлармен белгіленген. Қазақстан 3149 «дұшпанды» атуға рұқсат сұраса, НКВД-ның тапсыруы 2500, барлығы 8216 адамды жазалауға рұқсат сұраса, НКВД-ның тапсыруы – 7500. Бұл тапсырмалар «о бастан бірінші хатшылардан түскен өтініштерге», соның ішінде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Л. И. Мирзоянның өтінішіне сүйеніп белгіленген (448, 451-бб.) көрінеді» дейді. 18 Б. Қойшыбаев бұл деректерді тарихи құжаттарға сүйеніп айтып отыр. Демек, бәрі ақиқат. Ендеше, Сталин мен Ежовтың қолшоқпары болып, «шаш ал десе бас алуға» бел буып кіріскен Левон Исаевич Мирзоянды біреулер бір кезде «Мырзажан» деп атады екен деген күмән-күдігі мол сөзге бола, еліміздің іргелі қалаларындағы үлкен көшелерге есімін беріп, құрметтеуге бола ма? Жоқ. Мысалы, орынды сын, уәлі сөзден кейін Астанадағы Л. И. Мирзоян көшесіне елімізге ерен еңбек сіңірген геолог-ғалым, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Қаныш Сәтбаев есімі берілді. Қазір еліміздегі басқа облыстардың зиялы қауым өкілдері де өз қалаларындағы көшелерге беріліп кеткен Л. Мирзоян атын алып тастауды сұрап, жергілікті билікке өтініштермен шығып жатыр. Ендеше Тараз қаласындағы Л. И. Мирзоян көшесінің атын да өшіріп, оны неге елге еңбегі сіңген белгілі тұлғаның немесе тарихи қаһармандар аттарымен өзгертпеске? Өйткені, бұл бүйректен сирақ шығару емес, жоғарыда келтірілген ақиқи деректерден кейінгі орынды ұсыныс деп мән бере қарайтын салмақты мәселе. Әрине, 1936 жылы Әулиеатаның аты Мирзоян болып, 1937 жылы Жамбыл қаласы болып өзгертілгенін білеміз. Ойлап отырсақ, Алла Тағаланың өзі қолы қазақ зиялыларының қанына былғанған жендеттің атын атауға қарсы болған сияқты. Сондықтан, Тараз қаласының әкімдігі мен облыстық ономастика жөніндегі комиссия «Ақ жол» газеті көтеріп отырған осы ұсынысты қарап, тез арада оң шешім шығарады деп сенеміз.

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар