Қадірше Молдашқызы 1944 жылдың 2 қазанында дүниеге келген. Есалы екеуі жастай қосылыпты. Қадірше күйеуі Алматыдағы оқуын бітіріп келгенше ата-енесімен бірге тұрады. Олардың ас-суын әзірлеп, қас-қабақтарына қарап, келіндік міндетін адал атқарады. Жастығына қарамай, қазаны мен қызметін қатар алып, арасында балаларына қарап, ата-ененің де бабын жасап жүреді. Алматыда оқып, жұмыс істеп, кейін дипломын алып елге оралған ер азаматының қадіріне де жете білген қадірлі келіншекті көп адам үлгі тұтты. Ақылдың адамына қарай ашылатыны рас, өзінің кішіпейілділігі мен алғырлығының арқасында осынша жүкті қабақ шытпай арқалаған.
Қадірше әженің әрбір әңгімесінен сабақ алуға болады. Кейде ол қақпағы жабылып қайнап жатқан қазан сияқты көрінеді. Ашып қалсаң, ақтарылып сала береді. Кітапханада зейнет жасына дейін еңбек еткен жанның кемелділіктен кенде болмауы заңдылықтай. «Дулат Исабековтің «Өкпек жолаушы» деген повесіндегі шалдың бейнесі көз алдымнан кетпейді. Ол күнде бір мезгілде бір жаққа қарай аяңдап бара жатады екен. Әлгі қариядан бір кісі: «Ата, қайда барасыз, күнде осы уақытта қайдан келе жатасыз?» деп сұрапты. Сонда әлгі қария «Ана ауылда бір кеуіп қалған құдық бар. Соған барып айқайлап келе жатырмын. Бұл ауылда сөз тыңдайтын адам қалды ма?» депті. Бұл шалдың басындағы қайғы біздердің, бүгінгі қариялардың басында бар ғой. Күнделікті күйбең тіршіліктің әңгімесі таусылмайды. Ал ақыл айтып, терең сыр шерткің келсе тыңдайтындардың қарасы жоқ» деп отыратын Қадіршенің қазақ жазушыларының шығармаларымен таныстығы, одан әрі шетел классиктерінің де құнды дүниелерін көп оқығаны оны одан сайын биіктете түседі. Өткен жылдардан әңгіме тиегін ағытқанда тек қана жақсы әңгімелер айтады. Ата-енесінің жақсы адам болғандарын, олардың өзін қалай тәрбиелегенін тілге тиек етіп отырады. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған Қадіршенің даналығын дәріптейтін тағы бір оқиға болды. Үш жыл бұрын «Бармысың бауырым» бағдарламасы арқылы Есалыны «Әкем еді» деп іздеген қыз пайда болды. Бақсақ, бұл бір кездері Есекеңнің Алматыда жүрген кезінде бір нақсүйерінен дүниеге келген қызы екен. Оқиға анықталып, ол қыздың өздерінің бауырлары екенін білгенде Қадіршенің балалары абдырап қалады. Сонда олардың есін аналарының бір ауыз сөзі жинатқан. «Есалының қызы болса, менің де қызым. Осыған дейін он балам болса, енді он бір балам бар. Араласыңдар!». Мұндай ерлікке ананың анасы ғана бара алады. Ал енді мынаны қараңыз. Ол аздай бар баласын жинап, қыздың артынан жасауын жасап жібергені бар емес пе?!. Ағайындарының айтуынша, «табылған» қызы Есекеңнен аумайды екен. Бүгінде Қадірше оның барлық қызығына ортақтасып, туған қызындай боп кетті. Анасынан жастай жетім қалған Салтанат та «Құдай жалғыз, мен жалғыз деп жүр едім. Енді он бауырым бар» деп, Қадірше әжені «мамалап» жүр. «Естеріңде болсын, ерін жөнсіз қызғанудың соңы жақсылыққа апармайды. Ер адамның азығы түзде. Оны матап ұстаймын деген әйел қателеседі» деген ақылын ол үнемі келіндеріне айтып отырады. Бұл жерде бар гәп Қадірше ананың сабырлылығы, өзінен кейінгіге көрсеткен тәлім-тәрбиесі, үлгі-өнегесінің молдығында жатыр. Сонымен бірге Қадірше бес уақыт намазын үзбейтін иманды әже. Меккеге барып, мұсылмандық парызының бірін орындап келді. Имандылық дәрісін өзінің өмірлік тәжірибесімен ұштастыра отырып, өнегелілік көрсетіп те жүр. Күйеуі Есалының артында қалған өнегелі ұл-қыздарына бас ие боп отырған абзал ананың ғұмыры ұзақ болсын дейміз.
Ұқсас жаңалықтар
Атқарылған іс – арқалаған сенімді ақтайды
- Бүгін, 15:22
Облыс әкімі азаматтарды қабылдады
- Бүгін, 14:00
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді