Еліне қамқор болған ер

Еліне қамқор болған ер
ашық дереккөз
Еліне қамқор болған ер
Биназар батырдың туғанына 210 жыл Тарих – жыр, тарих – өлең, тарих – қайғы, Өзінше әркім оны парықтайды. Жас ұрпақ ұмытпауы керек бабаларын, Ұмытқан ұрпақ болып жарытпайды. Қадыр Мырза Әлі. ХVII – ХIХ ғасырлар қазақ халқына көп қасірет әкелгені тарихтан мәлім. Кең-байтақ жерімізге қызығып, көз сұғын қадаған Қоқан хандығы, жоңғар басқыншылары, тіпті Еділ қалмақтары, одан беріде орыс отаршылары тұс-тұстан шүйіліп, елдің берекесін алды. Осындай қиын-қыстау кезеңде Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Райымбек, Жәнібек, Тайлақ, Қойгелді, Сыпатай, Саңырақ, Жауғаш, Мәмбет, Биназар, Қосы, тағы басқа да ондаған, жүздеген жаужүрек батырлар атқа қонып, елін, жерін қорғады. Үш жүздің басын қосып, бір тудың астына жинаған Абылай ханның соңына ерді. Олардың ерлік істері бүгінгі өскелең ұрпаққа аңыз болып жетті. Сондай аты аңызға айналған тарихи тұлғаларымыздың бірі – Биназар батыр. Қазақ жерінің оңтүстік бөлігінде Қоқан хандығының билігі жүріп тұрған кезі ғой. Бірде қоқандықтардың кезекті шабуылына Сыпатай батыр Дулаттың Сиқым, Жаныс, Ботпай, Шымыр ұлдары ұрпақтарының басын қосып, қарсы тұрады. Сол кездегі ұрыс салты бойынша екі жақтың батырлары жекпе-жекке шығып, күш сынасатын болған. Қоқандық дүлей күштің иесіне қазақтан бірінен соң бірі шыққан екі-үш батыры төтеп бере алмай, ат жалын құша құлайды. Сонда қаны қарайған, мұндай сынның неше атасын көрген Сыпатай батыр қоқанның батырымен жекпе-жекке өзі шықпаққа оқталғанда ақылгөй қариялар жағы қарсы болып: «Сыпатай, қолбасшы тек қолбасшымен ғана жекпе-жекке шығуы тиіс» деп тоқтатады. Осы кезде ұрысқа бірінші кіргелі тұрған, манадан бері жау батырының қимылын жіті бақылап, екі көзі шоқтай жайнаған бір жас жігіт атына қамшыны басып-басып жіберіп, топ ішінен ытырыла суырылып шығыпты. Келе Сыпатайға «Батыр аға, батаңызды беріңіз» деп саңқ етеді. Жас жігіттің жүректілігіне тәнті болған батыр «Әруақ қолдасын, жауға дес берме» деп бетін сипайды. Сол сол-ақ екен, жігіт «Биназар, Биназар!» деп ұрандай жауға қарсы шаба жөнеледі. Ер қасына ілулі найзасын алып, жаудың жүрек тұсына тақай кезеп, оны әп-сәтте ат үстінен аударып түсіреді. Оның осы жекпе-жекте қоқанның бір емес, үш батырын найза ұшына байлауы дем беріп, қалың дулаттар қолы шабуылға бастаған Сыпатай даусы естілісімен, алға қарай лап қойған екен. Шайқас жеңіспен аяқталғаннан соң Сыпатай жас батырды алдына шақыртып «Өзіңді бұрын-соңды көрмеген едім, қай баласың?» деп сұрайды. – Шымырдың Шынболат баласынан тарайтын көкірек руынанмын, аға. Әкемнің азан шақырып қойған аты Биназар, – дейді жігіт іркілмей. – Жасың нешеде? – Он жетідемін, батыр аға. – Шымырдың көкірегі болсаң еліңнің жастүлек қыраны, руыңның ұраны бол! – деп жігітке батыр ақ батасын береді. Биназардың Сыпатай батыр туралы сырттай естігені болмаса, бұрын бетпе-бет кездеспеген еді. Осы шайқастан кейін Биназардың есімі ел арасында тарап кетеді. Көкіректердің байырғы мекені қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданының жері болғаны белгілі. Алдында мыңғырған малы жоқ, елдің көбі кедейшілікте өмір сүрген. Біразы тіршілігін күйттеп, жан-жаққа ауып көше бастайды. Міне, сол тұста Биназар тарыдай шашыла бастаған ағайындарының басын қосып, іргелі ел етсем деген мақсатпен қолайлы қоныс іздеп, арнайы жолға шығады. Шудың бойын жағалап, Мойынқұмның «Бетпақ» аталатын ұшы-қиырсыз ен даласына жетеді. «Әр сексеуілінің түбі бір асым ет», жүгірген аң, ұшқан құсы да айрықша мол әрі жаудың құрығы жете қоймайтын ел шеті, жел өті екеніне көз жеткізгенмен, Биназар баба Мойынқұмның аса қолайлы қоныс бола қоймайтынын түсініп, көп ұзамай ағайындарын арнасы ауқымды, суы да мол Шу өзені бойына көшіріп әкеледі. Ерте көктемде жұртшылықты жұмылдырып, арық, тоғандар қаздырып, Шу өзенінің қылта тұсын бөгеп, елге су жеткізіп, егін ектіреді. Бірер жылда-ақ елдің тұрмыс деңгейі едәуір көтеріледі. Көзі ашық, көкірегі ояу Биназар батыр балаларды оқыту ісіне де айрықша мән берген. Мектеп аштырып, ауыл балаларын арабша оқытуды қолға да алады. Мұны көрген өзгелер Биназар ауылын жағалай бастайды. Қызығушылар да, қызғанушылар да болды. Өз руластары, ағайындарының ішінен де көре алмаушылар табылды. Биназардың Дуана атты ұлы бар-тын. Ол хат таныған, көзі ашық, көкірегі ояу азамат еді. Ақылдылығымен көптің көңілінен шыққан Дуананы ояз болыстыққа сайлауды мақұл көреді. Бұрынғы болыс Байболат қулыққа басып, оязға пара бермек болады. Бірақ, ояз өз шешімін өзгертпейді. Бұған шамданған Байболат Дуананы алдап қармаққа түсіріп, қалайда көзін жоюды көздейді. Бірде Байболат Дуананы үйіне қонаққа шақырып: «Шырағым Дуана, жас та болсаң ел сыйлаған азаматсың. Әкең Биназардың атақ-даңқын білмейтін адам жоқ. Бір ұрпақтан таралған бауырласпыз. Бір-бірімізбен айтысып жатқанымыз жөн болмас», – деп болған іске көнген жанның сыңайын танытып, алдына ас тартып, сый-құрмет көрсетеді. Ас ішіліп, қонақтар көңілді тарасады. Жолда Дуананың мазасы кетеді. Белгісіз дерт жабысып, жол үстінде жантәсілім етеді. Бұл хабар лезде Биназарға жетіп, қайғыдан жаны күйзелген батыр әрі ойлап, бері ойлап, бұл сұмдықтың Байболаттан келгенін іштей сезеді. Батыр қателеспеген екен. Дуананың үзеңгі бауына баттастырыла у жағылған болып шығады. Қаскөйдің ісіне қастықпен жауап қатпақ болған ағайындарын Биназардың өзі басыпты. Ашуды ақылға жеңдіріп «Қанға – қан» дегенмен, болған іс енді қайтып орнына келе ме? Жоқ, әлде, барша ағайын сол үшін бір-бірімізбен қырқысып, ырың-жырың боламыз ба? Онсыз да қазақтың опық жеп жатқаны аз ба, сабырлылық танытайық. Алла жар болса, Байболаттың өзі-ақ әлі сазайын тартады» – деп руластарына басу айтыпты. Кейін Биназар мен Дуана бастаған істің нәтижесі ақырына шығып, Шудың төменгі сағасын жайлаған ел өзінше бір болыс болып бөлінеді. Жаңа болыстыққа батыр Верный қаласында губерниялық кеңседе қызмет істеп жүрген туысы Ыбырайым деген жігітті шақыртып, сайлауға түсіреді. Ел-жұрт Ыбырайымды бірауыздан болыс етіп сайлайды. Ыбырайым жұртқа жайлы болыс болыпты. Оны мінезінің жайлылығына қарай ел Жайлыбек деп атап кетіпті. Биназар атақты Сыпатай батыр, Бөлтірік шешен, шұбыртпалы Ағыбай батырлармен үзеңгілес болған, көптеген жорықтарға қатысқан. Рулас ағайындарын отырықшылыққа үйретіп, Шу бойынан тоғандар қаздырған. Батырдың осы ісінің дәлелі ретінде Биназар, Баймұрат, Байбарақ, Күшаман, Көкжелек тоғандары пайда болды. Әйтсе де, бұл кезде айнала әлі де тыныштала қоймаған еді. Бір жағынан Қоқан хандығы қоқаңдаса, екінші жағында елді қыспаққа алып, казачество казактары тұрды. Бұлармен жарыса қырғыздың бай-манаптары барымталықты жиілеткен болатын. Осы кезеңде Биназар батыр және оның Көкжелек балуан мен Алданазар атты інілері де ат үстінен түспей, ел тыныштығы үшін күресті. Шу бойына қоқандықтардың билігі таралған-ды. Бірде осы өңірді басқаруға жіберілген Дуашы деген әмірші қарамағындағыларға «Биназарды алдыма келтіріңдер» деп бұйырады. Ұзамай сол шақырту бойынша жеткен Биназар кіріп келгенде, жайбарақат отырған Дуашы орнынан қалай тұрып кеткенін байқамай қалады. Онысы аз болғандай, батырға қалбалақтай қызмет көрсетіп: – Батыр, біздің тарапымыздан біраз білместік кетті, айып көрмеңіз, – деп бәйек бола кетеді. Батыр аз-кем әңгімелесіп «Қоқан-лоққыларың көбейіп кеткені рас. Бірақ, шыли басына берме!» деп сес көрсете шығып жүре береді. Ол кетісімен қасында отырғандар «Әмірші мырза, Биназар үйге кіріп келгенде орныңыздан атып тұра келгеніңіз не, не болды сонша?» деп сұрағанда Дуашы «Соны өзім де білмей қалдым, екі иығында екі арыстаны бар екен, соны көрдім. Тек батыр емес, әруақты кісі көрінеді. Оны өзім де іштей сезетінмін. Сендердің сөздеріңе ілесіп нем бар, бір ажалдан қалдым» депті. Иә, бұл да батырдың бойында бар ерекше қасиеттердің бірі ғана еді. Алайда, Биназар батырдың жау қолынан емес, ағайынының қолынан ажал тапқаны өкінішті-ақ. Бұл оқиға шілде айының орта шенінде болған секілді. Өйткені, жұрт Сұңқар тауының етегіндегі кең өзекте шөп шауып жатыпты. Биназар батыр мен Жайлыбек болыс осы маңда жүр екен. Байболат болыс шөпшілерінің шабындығы да жақын жерде болса керек. Бірде оның шабарманы келіп: «Сіздерді болыс ағам ерулікке шақырып жатыр», – дейді. «Батыр аңғал» деген осы емес пе, «Жарайды, барсақ барайық», – депті Биназар сөзге келместен. Көршілерінің ойда жоқта меймандостық танытуынан секемденген Жайлыбек: «Батыр аға, осымыз қалай болар екен», – деп қалады. Бірақ, батыр «Бармағаны несі, астан үлкен дәм жоқ, өткендегі өкпе-ренішті ұмытқанымызға біраз болды ғой», – деп көнбейді. «Әй, қайдам, ішім бір нәрсені сезетіндей», –деп сөзінің соңын жұтып қалған Жайлыбек ағасының соңынан үнсіз ереді. Болыс меймандарын үйден шығып қарсы алып, айрықша ілтипат танытып, екеуін бірден төрге оздырады. Дастарханға ас келгенде бас пен жамбасты Жайлыбектің алдына қоя берген жігітке «Жайлыбек қанша жерден болыс болғанмен, ата салтты бұзуға болмайды. Бас пен жамбасты батырдың алдына, ал мына сүбе салған табақты Жайлыбектің алдына тарт», – деп Байболат жекіріп тастайды. Даяшы болыстың айтқанын екі етпейді. Дәл осы жерде манадан бері үнсіз отырған Биназар әлденеден секем алып, өңі бір бозарып, бір қызарыпты. Мұны Байболаттың әйелі Ұмсынай сезіп, қипақтап кетеді. Биназар өз алдындағы табақты Жайлыбекке ұсынып: «Жайлыбек жас та болса ел ағасы ғой. Бас пен жамбасты саған ұсынайын», – деп оған тартылған табақты өз алдына қойып, пышақпен еттен бір-екі кесіп кертіп жейді. Тамақ желініп болған соң бата жасалады. Сонда орнынан тұра берген Биназар Жайлыбекке: «Ауылға тез жетейікші» депті. Сұңқардағы ауылға жеткенше біраз жер. Көпке дейін сыр бермеген батыр ауылға жақындағанда қатты қинала бастайды. Маңдайынан аққан тер бетін жуып кетеді. Одан арыға шыдай алмайтынын сезінген ол Жайлыбекке ымдап «Аттан түсір» дегендей белгі береді. – Шырағым, Жайлыбек, алдыңа қойған асты өз алдыма алған себебім, ол табақтың тегін тартылмағанын сезіндім. «Жақсыдан –шарапат, жаманнан – кесапат» деген ата сөзі бар. Байболат пасықтығын әлі қоймаған екен. Бірақ, ол үшін екі ел бүлінбесін, айтыс-тартыс болмасын. «Имансыздықтың арты даулы», менің кегімді қуып жүрме, тағдырдың жазуы солай шығар. Сүйегімді Сұңқардың сайына қоярсыңдар, жатқан жерім екі елдің шекарасы болсын. Ал енді, еліңе ие бол, қайыр қош, – деп көзін жұмыпты есіл ер. Атақты Хан тауының биік шоқыларының бірі – Сұңқар тауының етегінде Биназар батырдың сүйегі жатыр. Батырдың кесенесі елді бірлікке үндеп, тыныштықтың күзетінде тұрғандай оқшау, мүлгіп тұр. Ал анау ирелең тартқан жол сол сағанаға қарай жүріңдер деп жетелей түсетін секілді. Жалғыз аяқ соқпақтың бедері айқын. Бұл – бүгінде осы кесенеге тәу етіп келушілердің көптігінің көрінісі. Биыл Биназар батырдың туылғанына 210 жыл толмақ. Қазақтың өзге батырларындай оның да есімі мен ерлік істері өскелең ұрпақ жадында мәңгі сақталған. Осыдан он жыл бұрын батыр мерейтойының аталып өтуі – соның дәлелі. Сонау Алматыдан Қарағандыға қарай созылып жатқан кең күрежолдың бойына батырға арнайы қойылған ескерткіш те көп нәрсені аңғартады. Туған халқының отырықшылықты үйреніп, тұрақтанып, өсіп-өркендеуіне сіңірген еңбегі ерен тұлға Биназар Ақаділұлының Сұңқар сайындағы зиратының басына елі еңселі кесене де тұрғызған. Батыр бабаның сүйікті ұлы мен өзінің өміріне жасалған қастандыққа кек сақтамай, елді алаламай, жұртшылықты ынтымақты бірлікке үндеп, жарастыруы кім-кімге де үлгі-өнеге емес пе? Осы игі дәстүрді оның ұрпақтары жалғастыруда.

Елтай қажы МЫРЗАТАЙҰЛЫ, республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер, тыл және еңбек ардагері, Қазақстанның құрметті журналисі.

Мойынқұм ауданы.

Ұқсас жаңалықтар