Қаржы министрлігі 8 млн теңгеге жуық жалған ақша тәркіледі

Қаржы министрлігі 8 млн теңгеге жуық жалған ақша тәркіледі
ашық дереккөз
Қаржы министрлігі 8 млн теңгеге жуық жалған ақша тәркіледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда 8 миллион теңгеге жуық жасанды ақшалар айналымнан алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінен мәлім еткендей, республикада биылғы 7 айдың ішінде жалпы сомасы 7,9 млн теңгені құрайтын Қазақстанның ұлттық валютасы, сондай-ақ 10 млн теңгеден астам соманың шетелдік валютасы айналымнан алынды. «Жасанды ақша қаражатының көп бөлігі Алматы қаласынан (776 дана немесе 53,4%), Қызылорда облысынан (190 немесе 13%), Астана қаласынан (134 немесе 9%), Қарағанды облысынан (109 немесе 7,5%) алынды. Фактілерге сүйенер болсақ, ең жиі қолдан жасалатыны - 10 000 (531 дана немесе 36,5%), 2 000 (527 дана немесе 36,3%), 1000 (89 дана немесе 6%), 5000 (72 дана немесе 4,9%) және 20 000 теңгелік (53 дана немесе 3,6%) валюталар», - деп атап өтті комитеттен. Көп жағдайда анықтау мүмкіндігінің болмауына байланысты жалған ақшаның көп бөлігі дүкендерде және базарларда есеп айырысу ретінде немесе қоғамдық орындарда ақшаны ұсақтау түрінде айналымда болады. «Бұған бірнеше себеп бар. Кейбіріне тоқтала кетсек. Біріншіден, қазіргі заманғы технологиялар жағдайында жалған ақша жасауды қылмыстық топтар жоғары кәсіби деңгейге және ағынға қойған. Мамандардың айтуынша, жалған ақша жасаушылар валютаның түсін, бедерін, сутаңбаны, қорғаныш жіптерін аса дәлдікпен қайталайды. Сол себепті шынайы ақшаны жалған ақшадан айыру қиынға соғады. Сатушылардың көпшілігінде тіпті күдік тумайды. Екіншіден, азаматтар банкнотаның түпнұсқалылығы жайлы қарапайым белгілерді білмейді және сауда орындарында (дүкендер, базарлар, АМҚС) ақша қайтарымын тексермей, жеңіл қабылдайды», - делінген хабарламада. Жалған ақша қолына түскенін байқаған адамдардың азын-аулағы ғана полицияға немесе банкке жүгінеді. Көбінесе, жасанды ақша белгілерін байқап, адам мұндай ақшадан өзіне түскен тәсілмен құтылуға тырысады. Бұл жалған ақша қаражатын өткізу ретінде бағалануы мүмкін. Бірақ қылмыс құрбаны болғанша, ескі ақша үлгілерін білген және жаңа ақша үлгілерін зерттеген абзал. Мемлекеттік кірістер комитетінің Экономикалық тергеу қызметі жалған ақшаларды өткізушілерді ғана емес, сонымен қатар дайындаушыларды анықтау бойынша белгілі бір жұмыс жүргізген. Осы жылдың тек 8 айында жалған ақша дайындайтын 3 астыртын цех анықталды. Сонымен қатар, шетел валютасында, атап айтқанда, 32 700 АҚШ доллары болатын жалған ақша белгісін өткізгені үшін Алматы облысы Қарасай аудандық сотының өкімімен Тәжікстанның 2 азаматы және Қазақстанның 2 азаматы 5 жыл бас бостандығынан айыруға сотталған.

kazinform.kz

 

Ұқсас жаңалықтар