Еуропа лигасы: «Астана» топтық кезеңге шыға ала ма

Еуропа лигасы: «Астана» топтық кезеңге шыға ала ма
ашық дереккөз
Еуропа лигасы: «Астана» топтық кезеңге шыға ала ма
Еуропа лигасы: «Астана» топтық кезеңге шыға ала ма АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, 30 тамыз күні «Астана» футбол клубы Еуропа лигасының плей-офф кезеңі аясында өз алаңында Кипрдің АПОЭЛ-ын қабылдайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Апта бұрын екі команда Кипр жерінде шеберлік байқасқан болатын. Бұл ойында АПОЭЛ 1:0 есебімен жеңіске жетті. Бүгінгі кездесуде жеңімпаз клуб анықталып, ол Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне жолдама алады. Әзірге екі команданың да мүмкіндігі бар. Дегенмен «Астана» үшін екі және одан да көп гол соғу - басты талап. Олар өз қақпасына гол жіберіп алмауға назар аударуы тиіс. Жағдай қалай болады? Оны кездесу аяқталғаннан кейін анықтаймыз.

Бұдан бұрынғы үш жылда да «Астана» Еурокубок ойындарының топтық кезеңінде сынға түскен еді. 2015 жылы Чемпиондар лигасы топтық кезеңінде бақ сынап, Испанияның «Атлетико», Португалияның «Бенфика» және Түркияның «Галатасарай» клубтарымен ойнады.

Ал 2016 жылы елордалық клуб аталмыш бәсекенің плей-офф кезеңіне дейін жетті. Екінші іріктеу кезеңінде Литваның «Жальгирис» командасын орта жолда қалдырған олар, Шотландияның «Селтигінен» әрі аса алмады. Осының нәтижесінде Еуропа лигасы плей-офф кезеңінде сынға түсіп, Беларусьтің БАТЭ клубын жеңді. Осылайша, аталмыш бәсекенің топтық кезеңінде В тобында бүгінгі қарсыласы - АПОЭЛ және Швейцарияның «Янг Бойз», Грекияның «Олимпиакос» командаларымен шеберлік байқасты.

Елордалық клуб былтыр да жарысты Чемпиондар лигасында бастады. Алдымен Латвияның «Спартак» (Юрмала), Польшаның «Легия» клубтарын ұтқан «Астана», плей-офф кезеңінде тағы да «Селтик» клубымен кездесіп, қос ойынның нәтижесімен оларға жол беріп қойды. Осының нәтижесінде елордалық команда Еуропа лигасы топтық кезеңіне жолдама алды. Онда Испанияның «Вильярреал», Чехияның «Славия» және Израильдің «Маккаби» (Тель-Авив) клубтарымен шеберлік байқасты. Айта кетерлігі, бұл жылы олар топтық кезеңде екінші орын алып, жарыстың 1/16 финалдық сатысында сынға түсті. Онда Португалияның «Спортингінен» қос ойынның нәтижесімен қалып қойды. Аталмыш ойыннан кейін болгар маманы Станимир Стоилов Қазақстан ұлттық құрамасының тізгінін ұстауына байланысты «Астанадағы» бас бапкер қызметінен кетті.

Биыл «Астана» Чемпиондар лигасының алғашқы іріктеу кезеңінде Черногорияның «Сутьескасын» (1:0, 2:0) жеңіп, одан кейін Данияның «Мидтьюлланд» командасынан (2:1, 0:0) басым түсті. Дегенмен үшінші іріктеу кезеңінде Хорватияның «Динамо» (Загреб) клубына (0:2, 0:1) есе жіберіп қойды. Бас бапкерлік жұмысына биылғы жылдың маусым айында ғана кіріскен украиналық маман Роман Григорчук белгісіз себептермен қызметінен уақытша кетті. Бұл қызметті қазақстандық Григорий Бабаян уақытша атқаратын болды.

Ал АПОЭЛ жылма-жыл Чемпиондар лигасы және Еуропа лигасында сынға түсіп келеді. Кейбір жылдарда топтық кезеңдерде бақ сынап, кәрі құрлықтың азулы клубтарымен шеберлік байқасқан.

Бүгінгі ойын жайлы «Астананың» бас бапкері міндетін атқарушы Григорий Бабаян: «Біз жанкүйерлерге қуаныш сыйлауға күш саламыз. Сол үшін барымызды саламыз», - деген ойын білдірді.

Ал АПОЭЛ өкілдері негізінен қорғанысқа көңіл бөлетінін жасырған жоқ.

Аталмыш кездесу елордадағы «Астана-арена» стадионында өтеді. «Qazsport» телеарнасынан 19.50-де тікелей эфирде көрсетіледі.

Үстіміздегі жылы Еуропа лигасы іріктеу кезеңдерінде Павлодардың «Ертіс», Қостанайдың «Тобыл» және Алматының «Қайрат» командалары сынға түсті. «Ертіс» бірінші, «Тобыл» екінші, «Қайрат» үшінші іріктеу кезеңінен аса алмады.

 

kazinform.kz

Ұқсас жаңалықтар