Елбасы елшілерден сенім грамоталарын қабылдады 

Елбасы елшілерден сенім грамоталарын қабылдады 
ашық дереккөз
Елбасы елшілерден сенім грамоталарын қабылдады 

Елбасы Ақордада 5 мемлекеттің елшісінен сенім грамоталарын қабылдады. Енді Ливан, Украина, Бразилия мен Германия және Пәкістанның жаңадан тағайындалған дипломаттары екі ел арасын жақындатуға атсалыспақ.

Президент елшілерге сәттілік тілеп, әріптестіктің басым бағыттарын сөз етті. Соның бірі – көлік-логистика саласындағы ынтымақтастық. Бұл ретте, Мемлекет басшысы: «Жуырда Ақтауда өткен V Каспий саммитінде қол қойылған конвенция теңіз маңындағы 5 елдің транзиттік әлеуетін арттыруға ықпал етеді» деді. Ал жуырда салынған Құрық порты Транскаспий бағытындағы жүк тасымалының тиімді логистикасын қамтамасыз етеді. Осы тұста Қазақстан өз өнімдерін әлемнің 120-дан аса еліне жөнелтіп жатқанын айта кеткен жөн. Сауда-экономикалық ықпалдастықты тереңдетуге, көптеген мемлекеттерге визасыз жүйенің енгізілгені ықпал етті. Осыған мән берген Нұрсұлтан Назарбаев кәсіпкерлер мен инвесторларды Астана халықаралық қаржы орталығының жұмысына, ал делегаттарды 10-11 қазан күндері өтетін Діндер көшбасшыларының VI съезіне қатысуға шақырды.

Ал елшілер Қазақстан мен әріптестіктің көкжиегін одан сайын жандандыра түсуге мүдделі екенін жеткізді. Мәселен Украинамен арадағы сауда айналымы былтыр 19%-ға артқан. Елімізде мыңға жуық бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Бразилиямен де ынтымақтастық бекемделе түсуде. Биыл елдеріміздің арасында дипломатиялық байланыстың орнағанына 25 жыл. Германия да 6 млрд еуро болатын сауда-саттық көлемін екі есе арттыруға ниетті. Ливан мемлекеті де инвестициялық байланыстарды нығайтуды көздейді. Пәкістан болса, Шанхай ынтымақтастық ұйымына қосылу кезінде Қазақстанның көрсеткен қолдауына дән риза.

Иван Кулеба, Украинаның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі:

- Біз Қазақстанмен саяси диалогты жандандырғымыз келеді. Бұл ретте біздің Парламенттің бірінші вице-спикері жуырда сіздердің елдеріңізге сапар жасауды жоспарлап отыр. Біз әріптестігіміздің басым бағыттарын талқылап, жол картасын түзетін боламыз. Әрине, сауда-экономикалық байланысты нығайту да маңызды. Ал мәдени-гуманитарлық байланыстарды айтар болсақ, биыл Қазақстан Президентінің Днепродзержинск қаласында оқығанына 60 жыл болды. Бұл ретте біз сол кезең суреттелген кітап шығаруды жоспарлап отырмыз.

Тило Клиннер, ГФР Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі:

Қазақстан мен Германия арасындағы тауар айналымы 6 млрд еуродан асады. Бірақ біз өз мүмкіндіктерімізді толық пайдаланып отырған жоқпыз. Ауыл шаруашылығы, химия, машина жасау саласындағы әріптестікті жандандыру керек. Нәтижесінде алдағы жылдары арадағы алыс-берісті 10 млрд еуроға дейін жеткізуге болады. Біз инвесторларды осында іске асып жатқан жобаларға тартып, Қазақстанның көлік хабы ретінде дамуына атсалысуға әзірміз.

Марсия Доннер Абреу, Бразилияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі:

- Мен Қазақстанның мүмкіндіктерін Бразилияға таныстыру бағытыда көбірек жұмыс істейтін боламын. Әсіресе, ауыл шаруашылығы, баламалы энергетика және мәдени-гуманитарлық бағыттағы әріптестікті тереңдете түсуге атсалысамын.

  24.kz

Ұқсас жаңалықтар