Қытай спортының құпиясы неде?

Қытай спортының құпиясы неде?
ашық дереккөз
Қытай спортының құпиясы неде?

Шығыстағы көршіміз Қытай елінің бүгінде қазаны қайнап, ернеуінен асып-тасып төгіліп жатыр. Мәдениеті бай, тарихи тамыры тереңге кеткен Қытай бүгінде қуатты экономикасымен, саяси әлеуетімен ғана дараланып отырған жоқ, спорттағы жетістіктерімен де суырылып алға шықты. Тумысынан еңбекқор, елгезек қысық көздердің спорттағы табысы кімді де болсын таңғалдырмай қоймайды. 10 Спорттық мәдениеті мен тарихы көнелерден жалғасқан Қытайда жауынгерлік өнер, нысана көздеу, үстел теннисі, спорттық гимнастика, бадминтон, жеңіл атлетика, жүзу, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау, конькимен жүгіру, баскетбол мен бильярд сынды спорт түрлері кең таралған. Тарихшылар бұл елде ерте заманның өзінде былғары доппен қазіргі футболға ұқсас ойын ойнағанын, бильярд ойынын ойлап тапқанын алға тартады. Ал, қазіргі Қытайдың әлем спортындағы абыройы, қол жеткізген табысы қандай? Спорттағы жетістіктерді көп ретте Олимпиада ойындарымен өлшегендіктен Қытай елінің төрт жылдықтың басты бәсекесінде жеткен биігін бағамдап көрсек. Жазғы Олимпиада ойындарына алғаш рет 1952 жылы Хельсинкиде қатысқан Қытайдың қоржыны бос қайтқан екен. Бұрындары ырғалып-жырғалып жұрттың ең соңында жүретін қытай спортының қазір қалай шиыршық атып, ширатыла түскенін көріп жүрміз. Қытай жазғы Олимпиада ойындарының тұңғыш медаліне ең алғаш рет 1984 жылы Лос-Анжелесте қол жеткізіпті. Сол жылы Аспанасты елі айды аспанға шығарып, жалпы есепте 4-орынға табан тіреген. Одан кейінгі Сеул Олимпиадасындағы жетістігі – 11-орын. Бұл Қытайдағы саяси өзгерістермен байланысты болған сәтсіздік болса керек. Дегенмен, Қытай құрамасы Барселона мен Атлантада өткен Олимпиадалық ойындарда төртінші орыннан түскен жоқ. Осыдан кейін Қытай спортында тұрақты өсу байқалды. 199 елдің саңлақтары қатысқан Сидней Олимпиадасында АҚШ пен Ресейден кейін жалпы есепте үшінші орыннан көрінді. Афиныда 36 алтын медаль алған АҚШ-тан кейінгі екінші орынға (32 алтын медаль) берік орнықты. 2008 жылы өз жеріндегі Олимпиада ойындарында Қытай спортшыларының жалпыкомандалық есепте тек бірінші орын үшін сынға түсетінін бүкіл әлемнің мамандары алдын ала болжаған-ды. Айтқандай-ақ, Қытай спортшылары өз жерінде өткен дүбірлі додада қоржындарына 100 (!) медаль салды. Оның 51-і алтын, 21-і күміс, 28-і қола медаль. Қашаннан қара орман Қытайдың бақталасы болған АҚШ спортшылары 36 алтын, 38 күміс, 36 қола медальмен екінші орынға сырғыды. Қытай спортшылары бас-аяғы сегіз Олимпиада ойындарына қатысып, алтын медальдің біразын су спортынан, гимнастикадан және ауыр атлетикадан алыпты. 2011 жылғы әлем біріншіліктеріндегі Олимпиадалық спорт түрлері бойынша жинаған алтын медальдарының саны жағынан Қытай бірінші орынды иемденді. Қытай спортының қарқынды дамуы Батыс әлемін алаңдатпай қоймайды. Көптеген спорт мамандары, спортшылар, бапкерлер Қытайдан әлем спортының үздіктерінің қалайша көптеп шығып жатқанына бас қатырып әлек. «Іштегі сырымды ұғып ал» деп сырт көзге сыр алдырмайтын қытайлардың спорттағы табысын көре алмайтындар мұны сан-саққа жорыса, енді бірі бұны қытайлардың қаны мен сүйегіне сіңген еңбексүйгіштігімен түсіндіріп, қалыпты нәрсе деп қабылдайды. Дегенмен, олардың спортта табысқа жетудегі бірнеше себептерін тарқатып көрсек. Қазір Аспанасты елінде мемлекет қаржыландыратын мыңдаған спорт Академиялары бар. Оның әрқайсысында он мыңдаған шәкірт дайындалады. Әлемдік аренадағы қазіргі жетістігіне мақтанып, масаттанып отырған Қытай жоқ, олар қазірдің өзінде балғын спортшыларды 2020 жылғы Олимпиада ойындарына әзірлеп жатыр. Спорт Академияларындағы оқу тәртібі де өте қатал көрінеді. Балаларды 6-7 жасынан бастап қабылдайтын оқу орындарында аптасына 6 күн, күніне 3-4 сағаттан жаттығу өтеді екен. Әр жаттығуды толыққанды меңгергенше қайталап, күндіз-түні тынбай тер төгеді. «Шичахай» деп аталатын Академияның балаларын осындай жаттығу үстінде суретке түсірген ағылшын фототілшілері мұны ғаламторда көрсеткен болатын. Ескек есуден төрт дүркін Олимпиада чемпионы Мэтью Пинсент сол кезде Қытай спорт басшылары туралы былай деп мәлімдеген-ді: «Қытайдағы спорт Академияларының бапкерлері жап-жас балаларды қинап, қатаң жазаға тартуы мені қатты шошындырды. Олар жеткіншектерге өте дөрекі қарайды екен…». 1992-93 жылдары қысқа қашықтыққа жүгіруден Қытайдың қыздар құрамасының бас бапкері Ма Юнреннің жаттығу жүйесіне көз жүгірткен мамандар жағасын ұстаған. Сөйтсе, құрама бапкері бірнеше ай бойы теңіз деңгейінен 2236 метр биікте орналасқан Тибеттің ұлттық жаттығу орталығында спортшы қыздарды күніне 42 шақырым, аптасына 300 шақырым үздіксіз жүгіртіп отырған. «Адам – итжанды» дегенге осыдан соң келіспей көріңіз. Бірақ, осы қыздар кейіннен әлем біріншіліктерінде бақ сынап, бірнеше рет әлемдік рекорд жасады. Аптасына 300 шақырым жүгірген Қытай қыздарының көрсеткішіне батыс желаяқтарының біразы талпынғанымен, өкпелері өшіп, денсаулықтарына зақым келіпті. Қытай спортының қарыштауының тағы бір себебі, спортқа дәстүрлі Қытай медицинасы мен спорттық медицинаны енгізумен тығыз байланысты деп есептеледі. Олар, әсіресе, шөптен жасалған дәрі-дәрмектерді спортшыларының күш-жігерін арттыруы үшін пайдаланады екен. Қытайда медицинаның дамығаны соншалықты олардың шөптен жасалған дәрі-дәрмектері ағзаға тез тарап, допингпен күресу орталықтарының тексеру аппараттарының «көзіне» көп түсе қоймайды. Осыдан болар, соңғы жылдары Ресей мемлекеті Қытайдың бұл «қулығына» қызығушылық таныта бастаған көрінеді. Алайда, Қытай жағы өз құпияларын сыртқа шығармауға тырысып бағуда. Жастайынан қара қытайдың ортасында өскен боксшы Қанат Ислам бұл туралы былай дейді: «Қытай халқы қазаққа қарағанда тумысынан әлжуаз келеді. Дегенмен, олар медицина жағын көбірек пайдаланады. Ол жақта спорттық медицина өте жақсы дамыған. Тіпті ішінде жүрген біздер ол жағын жақсы біле бермейміз. Білетініміз, Қытайда шаршағаныңда тез басатын, қайтадан қалпыңа тезірек келетін, адам бойына күш беретін дәрілік шөптерді көп қолданады. Мәселен, Қытай құрама командасында жүрген кезде күн сайын қан тапсырамыз. Денсаулығымызды үнемі дәрігерлер келіп тексеріп отырды. Бір спортшыны күн сайын бір емес, төрт дәрігер қадағалайды. Былайша айтқанда бір спортшының артында үш-төрт дәрігер жүреді…». Жалпы, Қытай спортшыларының туған жер, өскен елге деген патриоттық сезімі де шексіз секілді. Конфуций ілімін өмірінің темірқазығы етіп алған мұндағы халық мемлекет мүддесін жеке адам мүддесінен жоғары қояды. «Бір сантиметрден алға жылжып отырсаң да жеткілікті» деп санайтын ежелден салқынқанды қарақытайлар алға қарай қарыштап қадам басып келеді. Біз білетін Қытай спортының құпиялары осындай, білмейтінміз қаншама…

Еркебұлан ЕРҒАЛИ.

Ұқсас жаңалықтар