Құнды жәдігерлер көзден таса қалмайды

Құнды жәдігерлер  көзден таса қалмайды
ашық дереккөз
Құнды жәдігерлер көзден таса қалмайды

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан туындаған міндеттерді жүзеге асыру аясында әлеуметтік, мәдени, тарихи салада атқарылып жатқан істер аз емес. Бұл қадамдардың барлығы рухани кемелденуімізге ықпал етеді. Бағдарламалық мақала аясында М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры Махметғали Сарыбековтің «Әулиеата өңірінің киелі географиясы» атты ғылыми-зерттеу жұмыстары өткен жылы бастау алған еді. Жақында университеттің бас ғимаратының алдынан «Әулиеата – киелі мекен-ІІ» атты ғылыми экспедиция аудандарға жол тартты. Ғылыми экспедицияны шығарып салуға арналған салтанатты жиында университет ректоры Махметғали Сарыбеков сөз сөйлеп, Елбасының бағдарламалық мақаласының маңызына тоқталып, былтырғы сапарда ауылдардан бірнеше құнды жәдігерлер, тарихи құжаттар табылғанын айта келіп, экспедиция мүшелерінің биылғы жұмысына да сәттілік тіледі. Бұл экспедиция төрт бағыт бойынша зерделеу, зерттеу жұмыстарын жүргізуді көздеп отыр. Бірінші бағыты: Тараздағы Қарахан кесенесі, Қали Жүніс моншасы, Төрткүл керуен сарайы, Қарасай шатқалы, Тектұрмас кесенесі. Екінші бағытына: Айша бибі, Бабаджа хатун кесенесі, Жуалы ауданының Берікқара шатқалы мен ғұн-сармат қорғаны, Талас және Сарысу аудандарының киелі жерлері белгіленген. Үшінші бағыты: Жетітөбе қорғаны, Құлан кенті, Меркі қалашығы, Аспара бекінісі, Сыпатай батыр кесенесі, Меркі, Т.Рысқұлов және Қордай аудандарындағы мәдени кешендер. Төртінші бағытта Шу ауданындағы Жайсаң ғибадатханасы, Баласағұн қалашығы, Хиам бекінісі, Жаңажол қонысы және Мойынқұмның Сұңқартау мен Хантау киелі мекендері қамтылған. – Біз Тараз мемлекеттік университетінің ғалым-профессорларымен бірлесе отырып, осы ғылыми жұмыстарды жүргізіп келеміз. Былтырғы экспедиция барысында Тараз қаласы және аудандардан ескі мешіт, көне моншаларды, орта ғасырлық тарихи құндылыққа жататын мұраларды көп кездестірдік. Қаратау жоталары мен Жуалының Берікқара шатқалдары тарихи құндылыққа толы. Сапар барысында бірнеше музей қызметкерімен пікірлесіп, жер мен судың тарихын білетін жергілікті тұрғындармен тілдестік. Олардан салмақты мәліметтер жинадық. Биылғы экспедиция жұмысы да сәтті жалғасады деп ойлаймын, – дейді Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Айман Досымбаева.

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар