Орман жайын кім ойлайды?

Орман жайын кім ойлайды?
ашық дереккөз
Орман жайын кім ойлайды?

Тиісті сала мамандарына жұмысты әлі де ширату қажет

Кеше облыстық әкімдікте өңір басшысы Асқар Мырзахметовтің төрағалық етуімен табиғи ресурстар мен табиғатты тиімді пайдалану мәселелері жөнінде кеңес өтті. Оған тиісті салалар мен мүдделі мекемелердің басшылары мен қызметкерлері қатысты. Жиын барысында облыс аумағындағы орман шаруашылығының әлеуеті мен мүмкіндігін ұтымды пайдалану, орман қорларын дамыту, заңсыз аң аулау мен орманды отаудың алдын алу, ормандарды және жануарларды қорғау саласының өзекті мәселелерін шешу үшін тиісті шаралар қабылдау жайы қаралып, талқыланды.

Кеңесте облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұржан Нұржігітов баяндама жасады. Оның айтуынша, өңірдегі орман қорының жалпы аумағы 4,4 миллион гектарды алып жатыр. Оның ішінде орманды жерлердің үлесі 2,3 миллион гектар көлемінде. «Орман қоры жерлері облыс аумағының 30,8, ал орманмен көмкерілген жерлері 15,5 пайызды құрайды. Бүгінгі таңда өңірдегі ормандарды қорғау, олардың қорын молайту және жаңадан орман өсіру шараларымен 14 орман шаруашылығы мекемесі мен «Ормандарды қорғау жедел қызметі» айналысады. Жалпы, салада 756 қызметкер жұмыс атқарады», – деді ол. Алайда жауапты мекеме басшысының айтқан мәліметтеріне қанағаттанбаған Асқар Исабекұлы «Баяндаманың қажеті жоқ», – деп жауапты сала басшыларға біраз сауалдар қойғанымен, көңілге қонымды жауап ала алған жоқ. Аймақ басшысы мұнан соң табиғатқа жаны ашитын адамдардан құралған арнайы топ құру қажеттігін баса айтты. «Тікелей облыс әкіміне бағыныстылықта болатын топ құрумыз қажет. Оның құрамына табиғатқа жанашырлық танытып, қамқорлықпен қарайтын азаматтар тартылуы қажет. Сонда ғана нақты шындыққа жетеміз әрі жұмысымызда оң нәтиже болады», – деген облыс әкімі бүгінгі күні орман шаруашылығына жауапты мекемелерде жастар тәжірибесімен жұмыс істеу жолға қойылмағандығына тоқталып өтті. «Заңнамаға сүйене отырып, жастарды осындай жұмыстарға неге тартпасқа? Бұрыннан осыны ойлаған болсақ, бір оқпен екі қоянды атып алар едік қой. Біріншіден, орман ағаштарының тұқымы қайдан алынатынын, оны кім әкелетінін білеміз, екіншіден, көптеген жұмыссыз жүрген жастарды тиімді жұмыспен қамтыған болар едік», – деді облыс әкімі. Сондай-ақ жиын барысында орман шаруашылығындағы арнайы техникалардың сапасыздығы, өрт кезіндегі қарым-қатынас жасаудың қиындығы, әлі де сенімді байланыстың орнықтырылмай отырғаны секілді бірқатар өзекті мәселелер де сөз болды. Мұны жауапты мекеме басшылары да жоққа шығармады. Орман алқаптарына өрт қаупі төнген жағдайда олардың бір-бірімен байланысуы оңайға түспейді екен. Дәл осындай кедергілердің кесірінен былтыр Қосқұдықта 7513,7, Жуалыда 3750, Мойынқұмда 16,5 және Көктеректе 1,5, Меркіде 1,7 алқап өртке оранған. Бұл орайда, көршілес Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданының басшыларымен арнайы тіркемелі техникалар алу үшін келісім жасау қажеттігін айтқан Асқар Исабекұлы қайсыбір мүдделі мекеме басшыларына қосымша табыс табу үшін тиімді жоспар құруды ойластыру керектігін ескертті. – Өңірімізде бүгінде миллиондаған гектар жер бос жатыр. Қаражат керек дейсіздер. Өздеріңізде қосымша табыс табатын жоспар бар ма? Мүмкіндік бар, бірақ бюджетке қол салғанымыз қалай? Бәрін тек қана бюджетке тіреп қою керек пе? Бюджет жете ме оған? Осыны ескеру керек. Жақында әртүрлі қоғамдық ұйымдардың өкілдерінен арнайы топ құрылмақ. Сонда, барлығына көз жеткізетін боламыз, – деді аймақ басшысы. Жиын барысында бұдан бөлек балық шаруашылығы саласының жағдайы да сөз болып, бірқатар маңызды мәселелер қозғалды. Өңір басшысы аталған саланың ұңғыл-шұңғылына дейін назардан тыс қалдырылмай, дер уақытында оң шешімін табатынына сенім білдірді.

Есен Өтеулиев

Ұқсас жаңалықтар