Әлжан ана атындағы ауыл

Әлжан ана атындағы ауыл
ашық дереккөз
Әлжан ана атындағы ауыл

Өткен күзде аудан орталығына таяу орналасқан төрт жарым мыңға жуық тұрғыны бар іргелі елді мекенге Нұрсұлтан Назарбаевтай әлем таныған дана перзентті өмірге әкелген ардақты ананың есімі берілгені мәлім. Бұған дейін бұл ауыл Қасық аталып келген еді. Аудандағы тарихы терең, қанатын кеңге жайған іргелі мекенге Әлжан ананың есімі берілуі бекер емес.

Иә, «Нағашы жұртым Қордай жақта» деп Елбасының өзі де айтып жүретіндей, анасы Әлжан 1910 жылы осы Қасықта дүниеге келген. Әлжанның Бөлеген деген туған ағасы осында колхоз басқарып, кейін Красногор ауданында «Ворошилов» колхозының парторгі, 1936 жылдан аупарткомда нұсқаушы болып қызмет еткен. Алайда көзі ашық, көкірегі ояу азамат отыз жетінің дүрмегінен аман шыға алмапты. «Халық жауы» деген жаламен ұсталып, атылып кетеді. Жалғыз бауыры ұсталып кеткеннен кейін, енді Әлжан «Халық жауының» туысы, байдың қызы деген көзтүрткіден бой тасалап ФЗО-ға алынып, қара жұмысқа жегіліпті. Шамалған маңында ер-азаматтармен бірге тасжол құрылысына қатысып жүргенде, өзіндей бейнетқор Әбішпен тағдыры қосылған. Әлжан жаңа жұртқа тастай батып, судай сіңіп кетсе де төркіндерін еш ұмытпаған. Елуінші жылдары жасөспірім Нұрсұлтанды ертіп, Қасыққа бірнеше мәрте келіпті. Сонда болашақ Президент мұнда Қасықбай Асаубаев, Сұлтан Қошқарбаевтай жаңа достар тауып, Дәкүл атты бойжеткенмен де танысады. 1956 жылы осы ауылдан Тұрғанбек Тұрысбаевтың Шамалғандағы техникумға оқуға түсіп, Әлжан әпкесінің үйіне іздеп барғанда өзінен бірер жас кіші Нұрсұлтанмен танысып, достасып кеткені өз алдына бөлек әңгіме. Нұрсұлтан Әбішұлының нағашы ауылын ұмытқан кезі жоқ. 1983 жылы Орталық Комитеттің хатшысы қызметіндегі оның Жоғарғы Кеңестің депутаттығына кандидат ретінде қордайлық сайлаушылармен кездесуі Қасық ауылындағы Мәдениет үйінде өткізілді. 1992 жылы Айдапкел нағашысының асына арнайы келіп қатысты. Одан кейін де жолы түсіп, қасықтықтармен бірнеше мәрте бас қосты. Еліміздің тұңғыш Президентімен туыстық қарым-қатынасын ауыл тұрғындары мақтан етеді. Ауылдың Әлжан ана аталуы бұл мақтанышты еселей түсумен қатар, оларға үлкен жауапкершілік те жүктеп отыр. Тұрғындарының дені қазақтар, сондай-ақ орыс, әзірбайжан, қырғыз, украин, кәріс ұлтының өкілдері бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара ынтымақты өмір сүруде. – Ауыл көркі жыл өткен сайын жақсара түсуде. Кезінде аудан орталығына лайықтап салынған кең де түзу көшелерімізде заман талабына сай сәулетті үйлер көптеп бой түзеді. Мұнда еңселі Мәдениет үйі, екі қабатты мектеп, мешіт, дәрігерлік амбулатория, пошта бөлімшесі, ауыл кәсіпкерлерінің жиырмаға тарта сауда нүктесі, монша, автокөлікке техникалық қызмет, ақша айырбастау орындары тұрғындарға қызмет көрсетеді. Біздің бір ғана ауылымызда үш балабақша жұмыс істейді. 2006 жылдан бастап шетелден қоныс аударып келген қандастарымыз үшін тұрғын үй құрылысына 50 гектар жер бөлініп, ауыл іргесі кеңейе түсті. Жеті жүзден асатын тұрғын үйді газдандыру жұмысы да аяқталып қалды, – дейді Қасық ауылдық округін жиырма жылдан бері басқарып келе жатқан Айтжан Әбдібаев. Ауылға қазір облыстық бюджеттен қосымша қаражат бөлініп, көріктендіру жұмыстары жүргізілуде. Көшелер жөнделіп, аяқ жолдар жасалып, көше шамдары орнатылды. Мәдениет үйінің іші-сырты қайта безендіріліп, қарсы алдынан жаңа аллея ашылды. Тұрғындар да өз үйлері мен жұмыс орындарының айналасын абаттандырып, ардақты ана есіміне лайықты ауыл атануға бір кісідей жұмыла кіріскен. Тараз – Алматы автожолымен аудан орталығына бес шақырымдай таяған тұста оң қапталда кең көсілген ауылдың кіреберісінде «Әлжан ана» есімі айшықтап жазылған көрнекті тақта сонадайдан көз тартады.

Құрманбек ӘЛІМЖАН

Қордай ауданы

Ұқсас жаңалықтар