«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Хан Кененің сүйегі...

Хан Кененің сүйегі...
ашық дереккөз
Хан Кененің сүйегі...

Он бір жылға деген жерге жерленген дейді Қаракемерлік қариялар

Әулиешоқы

Алыстан мұнартып көрінген әйгілі Әулиешоқының құз-бедері жақындаған сайын айқындала түсті. Әйгілі шың менмұндалап анадайдан көз арбайды. Әйтеуір, кісіні қызықтырып, өзіне тартатын бір сиқыры бар секілді. Біздің де беталысымыз тура осы тұс. Нақтырақ айтсақ, хан Кененің ізі қалған Кекіліксеңгір тауы. Адыр-қырқаларды кесіп өтіп, тау бөктерлей салынған асфальт жолдың кей тұстары үзік-үзік, тастақты екен. Дегенмен, осының өзі жолаушыларға көп көмек болып тұрған көрінеді. Бұрын Қарасай ауылына қырғыз елі арқылы қатынау қиындау соқса, қазір жол едәуір қысқарыпты. Қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлының ақырғы шайқасы Кекіліксеңгір тауының бөктерінде өткені тарихтан белгілі. Осы жерде азаттық үшін арпалысып, басын өлімге тіккен хан Кене көз жұмған. Оның өлімі мен жерленген жері туралы ел аузында неше түрлі аңыз бар. Тіпті, зерттеушілердің өзі әлі күнге ортақ бір тұжырым жасай алмай келеді. Біздің атқа қонғандағы мақсатымыз да осы, тарих «ақтаңдағын» ақтарып, шежіре-аңыздар мен деректерді салыстырып, саралап көру болатын. 16«Біз Орман манаптың әскерімен бетпе-бет келіппіз. Екі жақ Шу өзенінің бойындағы Қарақоныс жазығының күн шығыс шеті Кекіліктау етегінде кездесіппіз. Кекіліктің Әулиешоқы аталатын басында Орман қолы. Ежелден қан жосыған деп саналатын Майтөбе адырының басында біз... Сол жағымызда қалың бұйратты Алмалысай жазығы, одан әрі Шу өзені... Олар биікте, біз төмен. Әулиешоқының басындағы Пішпектің құшбегі Әлішер датқа мен Орман манапты өңімдегідей анық көріп тұрмын...» Жүргенге жол жеткізбей қойсын ба, күн сәскеге таянғанда біз Ілияс Есенберлиннің «Қаһар» атты кітабында осылай деп суреттелген Майтөбе адырына келіп тоқтадық. Құз-жартасы қарауытып, Әулиешоқы төбемізден төне түсіп тұр. Осы тұстан етектегі қырғыз­дардың айылдары алақандағыдай айқын көрінеді екен. Жолдың сол жағында кіші Майтөбе, оң жағында сыммен тартылған қырғыз шекарасы жатыр. Бұл төбеге хан Кене туын тіккен. Осы маңда қанды шайқас болып, қазақтан да, қырғыздан да көп жасақ қырылыпты... «Наурызбай шыға шабады. Кекіліктен зырқырап. Билері шапты қасқа атпен, Құйындай шаңы бұрқырап» – деп Нысанбай жырау жырлаған Кекіліктауы осы. Кешегі жан алысып, жан беріскен адырлар мен қырқалары бүгін моп-момақан күйге еніп, мүлгіп кеткендей. Азаттық үшін күрескен ата-бабаларымыздың қаны тамған мынау адыр 167-рет қайта түлеп, жайнаған жазды қарсы алып отыр. Тек, 13

Майтөбенің үстіндегі ескі қорымдар, балбал тастар мен кейінгі жылдарда бой көтерген ескерткіш белгілер ғана осы жерде үлкен шайқастың болғанынан хабар беріп тұрғандай. Кіші Майтөбедегі ескерткіш белгілердің ішіндегі еңселісі Кенесары ханға арнап қойылған екен. Одан кейінгі үлкеніне Наурызбай Қасымұлының есімі жазылыпты. Жан-жағы тегіс қоршалған ескі қорым бүгінде өскелең ұрпақ бас иіп, тәу етер қасиетті орындардың біріне айналған. Біз де осы жерге тізе бүгіп, қол жайып, шейіт болған құрбандардың рухына Құран бағыштадық. Иә, хан Кененің тұлпарының тұяғы тиген топырақты да бастық. Бабалар ерлігіне, жаулардың небір зұлымдығы мен опасыздығына куә болған Әулиешоқы әне тұр айбындана. Таудан соққан самал жел ғана әлдебір сырды айтқысы келгендей ме, қалай?! Үнсіз машинаға беттедік. Әулиешоқының басын бұлт торлады. Шың екеш шың да тарихтан тәбәрік іздеген перзенттеріне тебіреніп, тілеулес болғандай. Негізі осы аймақты мекен еткендер күннің райын Әулиешоқыға қарап болжайтын көрінеді. Шың басын бұлт көлегейлесе, сол күні міндетті түрде жауын жауады екен. «Осы шоқының әулие атанғаны туралы ел аузында көптеген аңыз бар. Соның бірінде бұл шыңда пайғамбардың (с.ғ.с) тізесінің ізі қалғаны айтылады». Әйтеуір әрбір шежіре-аңыздың астарында шындықтың бары анық. Бірақ, Кенесары өз ордасын басқа жерге емес, осы маңға тігуінде стратегиялық сыр бары аңғарылып тұрғандай.

 «Кім ақсүйек?»

Қарасай ауылына жақындағанда себелеп жауын басталды. Іздеп келген кісіміз ауылында болмай шықты. Көрші Еңбек ауылындағы інісінің үйінде екенін естіп, кері қайттық. Қарияның бізбен Қарасайда емес, осы шаңырақта кездеспек болғанын кейін түсіндік. Шежіре мен жыр жаттап өскен Асық Уәлиев қария естігендері мен көргендерін тізбектеп шыққанымен, сапар мақсатына маңайлай қоймады. «Мен өзім Қырғызстанда оқыдым. Сол жақта көп жыл жұмыс істедім. Бірде қырғыздар қонаққа шақырды. Сондай бір жиында Бухарин деген директорым: «мынау біздің бас инженеріміз, өзі қазақ деп» таныстырды. Сол-ақ екен, бір қырғыз: «балам оны-мұны естігенің бар, көп нәрсені білетін сияқтысың. Ендеше, айтшы қырғыз ақсүйек пе, қазақ ақсүйек пе?» деп тосыннан сұрақ қойды. Мен не дейін. «Ақсүйектер» деп төрелерді айтатынын естуім бар. Соны негізге алып, «әрине, қазақ ақсүйек» дедім. 12Сөйдеп ем, әлгі қырғыз: «Айттым ғой бұл қазақ біледі. Қазақтың ақсүйек болғаны Кенесары деген ханы бастап келіп, қырғызды шабам деп Майтөбе деген жерде бірі қалмай қырылған. Сол жерде қазақтардың сүйегі ақсөңге болып шашылып қалған. Міне, содан қазақ ақсүйек атанған», деп қанымды қайнатқаны. Кенесарының соңғы шайқасы болған жердің Майтөбе деп аталатынын содан білдім», – деп ақсақал әңгімені алыстан орағытып бастады. Қазақ-қырғыз бас қоса қалса, хан Кененің өлімі туралы сөз қозғалмай қалмасы белгілі. Асық ақсақал сондай сөздодаға түскендердің алғашқысы да соңғысы да емес. Ал талас-тартыста бір шындықтың шеті көрінетіні анық. Қарияның сөзді ә дегенде осыдан бастауы бекер емес. 1847 жылы Орман манап анасына ас бергенде Сүйінбай мен Қатағанның айтысына да осы жайт арқау болғандығы мәлім. «Орман хан ас бергенде Қатаған Сүйінбайды қырғыздардың Кенесары ханды қалай өлтіргенін айтып мұқатпақ болған ғой. Сол сөздің астарында бір шындық жатыр. Қатаған: «Кенесары төреңнің, Басын кесіп алғанмын, Наурызбайдай бегіңді, Итке сүйреп салғанмын! Заты жаман Сүйінбай, Кәне кегіңді алғаның! Алам деп кегің жүргенде, Ішіңде кетер арманың!», дегенінде Сүйінбай: «Мастанып жүрсің Қатаған! Бес-алты біткен танаға, Кенесары, Наурызбай! Қырғызды барып бес шауып, Келтірген аузын тобаға! Төрелерін кергілеп, Апарып тыққан молаға, Шындықтан аспай сөйлейін, Өтірік айтып бола ма? Бұл Құдайдың қазасы, Қазаға қарсы бола ма? Ақымақ туған Қатаған, Маңайыма жолама!» деп бетін қайтарған екен. Міне осы жерде бір деректің ұштығы бар. Шайқас Майтөбеде өткенімен, Кенесарыны ол жерде өлтірмеген», – деп бір қайырды қария. 11Санасы сергек жан емес пе, жырды жаңылмай жатқа айтады екен. Жаңа бір әзірде «ол заманда Кенесары туралы айтылмайтын, есімінің өзін ауызға алуға қорқатын көп жұрт» деп отырған қария енді шешіле бастады. «Кейбір деректерде хан Кененің сүйегі Алмалы сайда жатқаны айтылады» деп едік, жастау кезінде естіген әңгімесі санасында қайта жаңғырды-ау шамасы, «бірден жоқ олай емес» деп кесіп айтты. «Ұмытпасам 1975-76 жылдары болуы керек. Бір шаруамен Жаналыш деген қырғыздың ауылына барғанмын. Ертерек шыққаныма қарамастан, мен жеткенше түс болып, мастерскойдағылар үзіліске шығып кетіпті. Есіктің алдында отырған бір қария «кел, балам, олар қайтып келгенше көлеңкеде дем алып, боза іш», деді. Қасына барып, тізе бүгіп ем, бозасынан құйып беріп отырып, маған бір әңгіменің шетін шығарды. Сондағы айтқаны: «Қазақтың баласы екенсің, осы жерде хан аталарың жатыр. Соған келіп, бір қазақ Құран оқымайды, бұл қалай?». Шал қырғыздардың сол жерге барып, мал сойып, Құран оқып, сиынатынын айтты. «Қаласаң, мен саған сол жерді көрсетейін. Бала кезімде әкеммен бірге Бақабұлақ – Он бір жылға деген жерге барғанмын. Әкем қазақтың ханын сол жерге ұстап әкеліп, басын кесіп алған деп айтып отыратын. Біздің айылда Тастанбек дегеннің тұқымы еді, Тайсары деген кісі бар, ханның басын сол кісі шауыпты. Бас домалап жерге түскенде аузы жыбырлапты. Сонда ар жақта қарап тұрған бір әйел жүгіріп шығып, бастың сол құлағын кесіп алыпты. Ақымақшылық көп болды ғой ол кезде. Әйтпесе, қазақ-қырғыз бір туған, осылай жауласып не керек?», – деді қария. Жастау кезім ғой, «бір жол түскенде мені жаңағы жерге апарыңыз, әкемді де алып шығайын» дедім де, қайтып бармадым. Сонда көріп алсам ғой. Қазір бүйтіп отырмас едік», – деп ақсақал өкініш білдірді.

 Дерек көп. Бірақ... керегі аз

Он бір жылға! Бұған дейін хан Кененің сүйегі жатыр деп болжам айтқан деректердің бірде-біреуінде бұл мекеннің атауы айтылмайды. 1994 жылы Тоқмақ облысы, Шу ауданындағы ашық аспан астындағы археологиялық музейдің директоры Е. Төрехановтың «Кенесары ханның сүйегі Алмалы айылында жатыр» деген сөзі түрткі болып, академик Манаш Қозыбаев бастаған қазақ-қырғыз зерттеушілері Алмалыда қазба жұмыстарын жүргізгені белгілі. Бірақ, бұл жұмыс нәтижесіз болып шықты. Жалпы, Алмалы немесе Алмалы сай атауы қырғыз тарихшысы Б. Солтоноевтың еңбегінде ұшырасады. Ол хан Кене мен Наурызбай батырдың тұтқындалуын былайша суреттейді: «Тынай қырғызынан Дайырбек, Калча дегендер таң атарда Норузбайды кармаган. Жана тынай кыргызынан Кармыштын балдары Текиликтин тоосунда Кене ханды шашкеде кармаган. Кенесары мен Норузбай: «Башынарга ээ бола турган кыргыз болсоңор 12 киши экенсиңер, баарыңарга тойгондай дилде берейин, бизди элибизге алып баргыла», – дегенде болбостан алып келип, Токмоктун тоосу Алмалынын оозуна уч кун багып туруп анан соң Жантайга кабар берген». («Қызыл Қыргыз тарихы. 2 том). 3Б. Солтонаевтың туындысында келтірілген мәліметтердің басқа деректерге қайшы тұсы көп. К. Степняктың (Ә. Бөкейханов) «Смерть Кенесары» еңбегінде хан Кене Кекіліксеңгірде емес Алмалыда қолға түсті деп жазған. Х. Досмұхамбетовтің де тұжырымы осыған жақындау. «Кенесары мен Наурызбай да қашқан. Қырғыздар қуып, Шудың күн шығыс жағындағы Кекіліктен он-он бес шықырым жердегі Алмалы сай яки Су Алман деген жерде аты тұрып қалған Кенесарыны ұстап алған. Наурызбай да сол шамада Кенесарыдан бөлек ұсталған» деп көрсетілген Досмұхамбетовтің «Кенесарының соңғы күндері» атты жазбасында. Тізе берсек, бір-біріне кереғар деректер өте көп. Соның бірі қырғыз жазушысы Ж. Токтоналиевтің «Хан Орман» атты кітабында Кенесарыны Мықанның қара сазында қолға түсті деп жазылса, ханды қолға түсірген Дайырбектің шөпшегі Амангелді бұл оқиға Қарабұлақта орын алған деп айтқан. Орыс саяхатшысы В.М. Винниковтің жазбаларында Кененің басы Шу өзенінің жағасындағы Қарақоныста алынғаны көрсетілген. Ал Асық ақсақалдың нұсқауы мүлде басқа тұс. Ол: «Он бір жылға – Майтөбеден анық көрініп тұрады» дейді. Негізі тарихи деректерде Он бір жылға жоқ емес, бар. Бірақ, бұл жердің атауы Кенесары ханның есімімен байланыстырылмаған. Қырғыздар Он бір жылғаның солтүстік шығысынан күн батысқа дейін ұзыннан-ұзақ созылып жатқан Беріктас жотасы Абылай ханның дәуірінде қазақ-қырғыз шекарасы болып бекітілген дейді. Беріктас дегендері Әулиешоқы болса керек-ті. Себебі, «Беріктастың басын бұлт шалса, жауын жауады» дейді олар да. Асық ақсақал Майтөбедегі ескерткіш белгілер хан Кененің соңғы шайқасы сол маңда болғандықтан қойылған шығар дейді. Бірақ, қария Кененің көз жұмған жері басқа тұс екеніне сенімді. «Ол уақытта жол Қырғызстан жақта еді ғой. Айналып өтетінбіз. Бірде жолым түсіп, өтіп бара жатып, ескерткішті орнатып жатқандардан арнайы бұрылып сұрадым. «Сіздер кімсіздер?» дегенімде «Көкшетау жақтың арғындарымыз» деді. Ескерткіш белгілерді қоюшылар біздің ауылдың қарияларын шақырған емес. Бір жолы ғана Қаракемер ауылының ақсақалдарын алдырыпты деп естігенмін», – деді ол.

 Тың дерек! Ол – Он бір жылға!

Біз Еңбек ауылынан шыққанда күн бесіннен ауған болатын. Сонда да болса, жолай Қаракемерге соғып, жөн біледі деген үш-төрт қариямен кездестік. Біздің Кене хан туралы дерек іздеп жүргенімізді естіп, Әбіл Нүсіпбаев атындағы орта мектептің директоры Ғалым Әлімжанов ақсақалдарды білім ошағына алғызыпты. «Кенесары хан туралы түрлі аңыз айтылады. Бірақ, менің Ақаж деген қойшы қырғыздан естігенім, Он бір жылғаның шығыс жағында Қызылсу деген сай бар, сол жерде үлкен бір тал, талдың түбінде бастау бар екен. Әлгі қойшы Наурызбайдың бейіті сол жерде деген. Қырғыздар сол жерге барып тәу етіп, мал сойып, құрбан шалатын көрінеді. Бала көтермеген әйелдер, жүйке ауруымен ауыратындар сол жерге барып түнейді дейтін. Ал біздің жақтағы Добай деген ақсақал шайқас Майтөбенің үстіндегі Қабансай деген жерде болған дейтін. Сол маңда Кенесарыны ұстаған деп айтатын. Ол кездегі тәртіп бойынша соғыста батырдың тұлпарын атпайтын болған ғой. Қырғыздар Наурызбайды қолға түсіре алмаған соң оның астындағы сәйгүлігін атып өлтіріпті. Сонда Наурызбай батыр төбеге малдас құрып отырып: «Мені басқа ат көтере алмайды, ұстаймын дегендерің келе беріңдер» деп күтіп отырыпты. Менің білетінім осы», – дейді Қаракемердің 72 жасар тұрғыны Төлеген Құдашбаев. 15Төлеген қарияның айтқанымен Асық ақсақалдың сөзі бір жерден шығып отыр. Бір ғана өзгешелік қаракемерлік қарттың айтуынша, Он бір жылғада Наурызбай батыр жерленген көрінеді. Кененің сүйегі жатқан жерді Он бір жылға деп нұсқаған тағы бір кісі Есжан Ошақбаев болды. Ол да бұл әңгімені қырғыздың шалынан естіпті. «1985 жылы Покровкадағы ауруханада бір аяғы жоқ қырғыз қариямен бір палатада жаттым. Өзі соғыста Бауыржан Момышұлының қарамағында болған екен. Сол кісі бірде «мен саған Кенесары хандарыңның қай жерге көмілгенін айтайын. Он бір жылға деген Майтөбеден көрініп тұрады. Батысында Комсомольский деген поселке бар. Шығысында айыл жоқ, дөң бар. Сол жерде үлкен екі ағаш тұр, соның түбіне көмілген», - деді. Мен ол жерді қалай табуға болатынын сұрадым. Сондағы айтқаны: «Кененің есімін атаушы болмаңдар, өйтсеңдер қырғыздар айтпай қояды. Барғанда осы маңда әулиелі бір жер бар екен деп сұрастырсаңдар, дөп үстінен түсесіңдер. Қырғыздар Кененің сүйегі қай жерде жатқанын қазақтар білсе, алып кетеді деп айтпайды. Алып кетсе, өздеріне қиын болады деп қорқады». Ол кезде Кенесарының есімін айтуға қорқатын заман еді ғой. Содан бұл әңгімені ешкімге айтпадым, іздеп те бармадым», – дейді ол. Қариялар бұған дейін Кене сүйегін іздестіріп жүргендердің қателесіп келгенін айтады. Зерттеушілер басқа жақтан іздеп жүр дейді олар. Бұрын бір топ ғалымдар келіп, Қаракемер ауылының тұрғыны Хамза Демеуовті алып, бір төбеге барған екен. 90 жастағы ақсақалдың ұлы Ерік Демеуовтің айтуынша, Еңбек ауылына жетпей сол жақ тұста екі тас қорғанды көріп, белгілеп кетіпті. Келесі жылы қазба жұмыстарын жүргіземіз дегенмен, қайта айналып келмепті. Кім білсін, бұл зерттеушілер 2007 жылы Кабардин-Балкар республикасы Нальчик қаласының тұрғыны Юрий Шахмұрзаевтың Елбасы Н. Ә. Назарбаевқа жазған хатта көрсетілген деректерді негізге алған болар бәлкім. Себебі хат иесі әкесі екеуінің Қарасай ауылы маңынан «Кенесарин» деп арабша жазылған белгітасты көргендерін жазды емес пе? Түсініктірек болуы үшін хаттың мәтінін толық бере кетейік. «Құрметті Президент! Осыдан бірнеше жыл бұрын «Мир» телеарнасында даңқты қазақ ханы Кенесарының мүрдесінің табылғанын естіп, Астанада хан Кенеге ескерткіш қойылғанын көрдім. Біздің отбасымыз орталық биліктің Кавказ халықтарына жүргізген депортациялау саясатының құрбаны болып, 1944-57 жылдары Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Қарақоныс елді мекенінде өмір сүрді. 1952 жылы әкем Сайд Шахмұрзаев (Кабардин-Балкар республикасының халық ақыны және еңбек сіңірген мұғалімі) екеуіміз Шу өзенінің оң қапталында орналасқан Михайлов селосының маңынан бірнеше пирамида тәрізді құлпытас қойылған мүрдені кездестірдік. Әкем араб және түрік әдебиеті мен мәдениетінен хабардар жан еді. Мүрде орналасқан жердің оңтүстік батысынан араб жазуы бар ірі тасты көрдік. Әкем тастағы араб жазуын

«Кенесарин» деп оқыды. Қазақтар бұл моланы «Әулие» деп атайтын. Жергілікті тұрғындар осы Михайловтың төңірегінде қазақ ханының қолы қырғынға ұшырағанын айтып отыратын. Қадірменді Президент! Егер, әкем екеуіміз көрген ол жерде Кенесары ханның сүйегі жатқан болса, мен ол жерді дәл көрсетіп бере алатыныма бек сенімдімін». Хат мазмұны осы. Осындай деректі естігендер сол маңға зерттеу жүргізбекші болған шығар деген ой келді. Иә, деректер өте көп және бір-біріне қарама-қайшы тұстары да жоқ емес. Бірі былай сілтесе, екіншісі басқа тұсты нұсқайды. Қаракемерлік қариялар, тіпті Кенесары қолының соңғы шайқасы кіші Майтөбеде емес, үлкен Майтөбеде болғанын айтады. «Ертеректе Қарасай ауылының қариялары үлкен Майтөбенің тұсына келгенде аттан түсіп, Құран оқымай өтпейтін. Бала емеспіз бе, жүгіріп барып, біз де қол жаямыз. Қол жайып отырып, шалдардан «бұл жерге неге Құран оқисыздар» деп сұраймыз. Сонда олар «осы жерде Кенесарының жасақтары қырғыздармен соғысып, қырылған» дейтін. Кейін ескерткіш белгілерді неге екені белгісіз, кіші Майтөбеге қойды ғой. Біздің білуімізше, шайқас үлкен Майтөбеде болған», – деп тағы бір тың деректі алға тартты Есжан Ошақбаев. 10Қай Майтөбені айтқаны белгісіз, белгілі тарихшы Е. Бекмаханов та Мәшһүр Жүсіптің қолжазбасына сүйене отырып: «Хан Кененің қырғыздармен соңғы соғысы Кекіліксеңгір тауының етегіндегі Майтөбеде болды» деп жазады. Бір анығы – қос төбе де осы Кекіліктауының етегінде. Қай төбеде болса да, шайқастың осы маңда болғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Өйткені, Нысанбай жыраудың жырында да осы маңдағы елді мекендердің атауы аталады. «Айқасып қалған мезгілде Төренің асты айласы, Қайраттың тиді пайдасы. Шолтаң етіп Билердің Аспанға шықты найзасы. Билер шығып жолыққан Қызылсу, Самсы бауырынан. Наурызбай шығып жолыққан Кекіліктің тауынан. Айқасқанда екеуі, Өшігіскен жауынан Билер барып жығылды Күрең қасқа аттың сауырынан. Қыстай шауып жол болған Шу менен таудың арасы. Бұл сапарда жар болды». Атты жасақтың қаша жүріп ұрыс салуы әбден мүмкін ғой. Мәселе онда емес. Бар кілтипан – хан Кененің сүйегінің қайда жатқандығында. Бұған дейінгі мәліметтерде Он бір жылға атауының айтылмай келуіне не себеп? Бәлкім, бар гәп шын мәнісінде Кенесарының мүрдесін алып кетеді деп қауіп қылып, тіс жарып, сыр ашпауда жатқан шығар.

Түйін

Ту сыртымызда қарауытып Әулиешоқы қалып барады. Экспедиция мүшелері тегіс қалың ойға шомған. Он жыл бойы Ресей патшасына қарсы азаттық үшін күрескен Кенесары хан өмірінің соңғы жылдарында Кекіліксеңгір тауына ат шалдырған екен. Ал осы тау құтты қоныс болған қордайлықтар Кенесары, Наурызбайдың рухын асқақтатып, көшеге, мектепке есімін берсе, қандай ғанибетті іс болар еді! Ойды-ой қаузайды, батырдың өлімді қасқайып қарсы алуы да ғажап қой, ел аузындағы әңгімелердің бірінде былай айтылады: Кенесарының інісі Наурызбайды найзаға шаншып, көкке көтеріп, «Наурызбай енді қандайсың?» десе, «Сенен әлі найза бойы биік тұрған жоқпын ба?!» деп жауап беріпті. Ал хан Кене... Ол туралы алдағы уақытта жазамыз.

Экспедиция мүшелері: жетекші – Көсемәлі Сәттібайұлы, мүшелері: Құрманбек Әлімжан, Ардақ Үсейінова, Ақәділ Рысмахан (фототілші).

Тараз – Қордай – Тараз. Қаракемер – Кекіліксеңгір – Қарасай.

Ұқсас жаңалықтар