Күнделікті өміріңізді бір сәт көңіл айнасынан өткізіп көріңізші… Тілек тілеусіз өткен, ең болмаса, бір күніңіз бар ма? ТІЛЕК – іс-әрекетіңді сезінуге, оған жауапкершілікпен қарауға, әр қадамыңды (ой-санаңды) саналы түрде басқаруға және күтілетін нәтижені алдын ала болжауға мүмкіндік береді. «Атымды адам қойған соң, қайтіп надан болайын?», – деп Абай ақын айтқандай, дүниеге келіп, адам деген атқа ие болған саналы тіршілік иесі барынша қателеспеуге тырысып, салиқалы амалдар жасауға ұмтылуы парыз. Ұйқыдағы адам мен ояу жүрген адамның арасында айырмашылық қандай болса, ойланбай іс қылатын адам мен әр әрекетіне жауапкершілікпен қарайтын адам арасындағы айырмашылық тап солай. Жазушы Рой Бредбридің «Вино из одуванчиков» атты шығармасында 12 жасар баланың санасының ояну сәті әсем суреттеледі: тоғайда аяғына шырмауық оралып құлап қалып, бір сәт қиял әлемін шарлап, кеңістік-ғаламға саяхат жасап қайтқан бала, есін жиған бойда, кенеттен керемет ғажайып сезімге бөленеді. Көк шөптің танау жарған жұпар исін сезініп, шегірткенің шырылын естіп, сол сәт көзге көрінбес көп жәндіктің тілін түсініп, ойша тілдескен баланың жан-жүрегін толассыз қуаныш кернеп, рахат сезімге бөленіп, жаратушыға шексіз рахмет айтып, алғысын жаудырады. «Мен – тірімін, мен – тірімін» деп толассыз күбірлеген жеткіншек, өзінен өзі «ал адамдар біле ме екен, өздерінің тірі екендіктерін?» деп сұрап, оған өзі тап сол сәтте «адамдардың басым көпшілігі ұйқыда жүр, олар – оянбаған» деп жауап береді. Сананың сәулеленуіне әкелер қарапайым жол – НИЕТ тазалығы. Бір адам табиғатынан таза, пәк ойлы боп жаратылса, қатал тағдыр илеуінен өткен екінші адам сансыз сынақтан сансырап, кірлеген рухтан еңсесін көтере алмай, қиналады. Тағдыр тәлкегіне ұшыраған жанның айналасындағы жақындары да зардабын тартады. Ниет, менің пайымдауымша, Алладан сұрап алар қасиет емес. Адам ниетпен туылады. Бұл тұжырым түсінікті болуы үшін «тән – қонақ, жан – мәңгі» концепциясы тұрғысынан қарау керек. Заманымыздың заңғары, белгілі үнді мистигі Ошо дүниеден өтерінде өз қабіріне былай деп жазуды аманаттапты: «Туылмаған. Өлмеген. Бұл өмірге осындай мерзім аралығында қонақ болып, келіп-кеткен». Қазақтың халық әні «Сәулемайда» «..адамдар бұл өмірге қонақ екен» деген жолдар бар. Абай мен Шәкәрім шығармаларындағы жан мен тәннің арақатынасы және қызметі туралы ой толғамдар – осылардың барлығы мәңгілік жанның пәни өмір есігін қағып, қайта туылуын растайды. Ал әрбір өмірге келу – белгілі бір тәжірибе жинаумен байланысты: бүкіл ғұмырының өзегі болар ақиқатқа көз жеткізу үшін; өткен өмірінде аяқталмай қалған бір істі тәмамдау үшін; келесі ғұмырында орындалуы тиіс мұратты анықтау үшін. Әрбір өмір соқпағынан өткен сайын, жан ысылып, тазара береді. Жанмен бірге ниет те тазарады. Әрине, адамның қалыптасуына ықпал ететін 3 фактор: тұқым қуалау, орта, тәрбие деп берілген педагогикалық қағиданың туралығына шек келтірмейміз. Тіпті, осындағы «тұқым қуалау» факторының жоғарыда айтылған тұжырымға сәйкестігін де мойындауымыз керек. Орта мен тәрбиенің маңызы мен орасан зор рөлін де растаймыз. Әйтсе де, соңғы 2 фактор адам баласы жүріп өткен «ғұмыр» деп аталатын ұзақ жолдың бойындағы жол ережелері іспеттес. Қазақтың халық педагогикасындағы «тектілік» ұғымы да осыны айғақтайды. Санасы сәулеленген жан ниетті тазарту күшіне ие. Бұл – таяқтың екі ұшы сияқты жайт. Ниеті таза адам өз санасын сәулелендіре алады. Сәулелі сана иесі көптің ниетін тазарта алады. Ал бұл екеуінің де астарындағы негіз –ТІЛЕК. Қалау болмаса, қара тас орнынан қозғалмас. Адам баласына бұйыртылған нығметтердің барлығының жүзеге асуы – ТІЛЕКТІҢ күшімен: тіршілік етуге керекті ең қарапайым физиологиялық қажеттіліктерден бастап, сананың трансформациялануы сынды алхимиялық өзгерістерге дейін. Қауым болып тілеген ТІЛЕКТІҢ әсер ету қуаты зор. Қазақ халқының салт-дәстүрлерінде мұны айғақтайтын мысалдар өте көп. Мәселен, «жеті күлше тарату» дәстүрін алыңыз. Бейсенбі, жұма күндері аруақтарды еске алып, құран бағыштау мақсатында пісірілетін күлше от басында қалып қоймай, міндетті түрде таратылады. Олардың саны бір 7, екі 7 немесе үш 7 болуы шарт. Табиғат құбылыстары мен олардың сырларын терең түсінген дана халқымыз «7» санын киелі деп ұққан. Бұл туралы халық арасына кеңінен тараған «жеті қат көк», «жеті жұлдыз», «жеті ата», аптаның жеті күні, жеті жыл, адам баласының жеті қабаты (әлемі), т.с.с. ұғымдарды атауға болады. Дәметкен аруақтарға тие берсін деген ниетпен ұсынылған күлшені алған жан, өз кезегінде «құдайыңыз қабыл болсын» деп алғысын білдіреді. Бұл «ТІЛЕГІҢІЗ қабыл болсын» деген ұғым. Демек, таратылған 7, 14 немесе 21 күлшені алған, жеген адамдардың барлығы сізбен бірге, сіздің ТІЛЕГІҢІЗДІҢ орындалуын тілейді. Халқымызға тән ақылды дәстүрлердің бірі – тасаттық беру. Көнекөз қариялардан естігеніміз, көктем-жаз жауын жаумай, егістікті қуратып жіберердей, аптап ыстық белең алған құрғақшылық жылдары ауыл-аймақ жиылып «тасаттық» берген. Жағдайларына қарай үлесін қосқан әр түтіннен (шаңырақ) жиналған ортақ қаржыға алынған мал бауыздалып, «құдайы» ретінде таратылған. Бір мезгілде «еңкейген қарттан, еңбектеген балаға дейін» шын ниетімен жалбарынып сұраған ТІЛЕКТІҢ нәтижесі көп ұзамай көрініс беріп, жаңбыр жауар болған дейді. ТІЛЕКТІ бір мезгілде, жаппай (көпшілік болып) тілеу – оның әлеуетін арттырады. 2000 жылдары Ресейдің Санкт-Петербург қаласында дәрігер С.С.Коновалов халықты сауықтыру сеанстарын жүргізетін-ді. Кәсіби тұрғыда жетіліп, дамудың нәтижесінде, бертін келе ол бетпе-бет кездесулермен қатар, сырттай сеанстар да жүргізе бастады. Жер шарының кез-келген нүктесінен қатысуға ниет білдірген жандарды аптаның белгілі бір күні, Мәскеу уақыты бойынша нақты бір мезгілде, жаппай, ғаламдық байланысқа түсіп, ТІЛЕК ТІЛЕУ арқылы сауықтыру шараларын жүзеге асырды. Өз үйінде отырып, ешбір коммуникациялық құралдың (теледидар, телефон, компьютер т.б.) көмегінсіз-ақ байланысқа түскен жүздеген адамдар, сеансқа дейінгі денсаулық жағдайы мен сеанстан кейінгі ахуалы туралы пікір білдірісіп, дәрігерге алғыстарын жаудырып жататын. «Адам – ақпаратты-қуаттық құрылым» концепциясын ұстанған дәрігер С.Коновалов ақпарат – жер шарын былай қойғанда, тіпті о дүниемен де, ғарыш әлемі, тұтас кеңістікпен де байланыстыру құралы екенін және қазіргі кезде ол айғақтауды қажет етуден қалған өмір шындығы болғанын негіздейді. Расында да, бүгінгі ақпараттық болмыс ақиқатына бір сәт ойша көз жіберейікші: – о дүниелік болған жақындарымызбен түс көру арқылы байланысқа түсуіміз; – интуиция және сәулелі сана (асқан сезімталдық) деңгейінде алдағыны көру қабілетіміздің ашылуы; – Балғожа бидің немересі Ыбырайға (Алтынсарин) жазған хатындағыдай, «айшылық жерден хабар алғызған» интернет желісі. Осының барлығы адам баласының ҚҰДІРЕТТІЛІГІНЕН хабар бермей ме? Әрбір жан әуел баста өз бойындағы табиғат сыйлаған мүмкіндіктерін қолдануға талпыну және оны үнемі жетілдіріп отыру арқылы оянып, таңдаулылар қатарынан орын алу мәртебесіне ие… Ақпараттық жүйе ретіндегі адам болмысы туралы қысқаша мағлұмат келтірдік, енді оның қуаттық болмысын қарастырайық. Егер адам құрылымын талдар болсақ, оны ең қарапайым түрде «тән – жан – рух» тізбегі арқылы түсіндіру ләзім. Қуат – ғылымда физика пәнінің зерттеу нысаны болғандықтан, әуелі оның қасиеті физикада қалай сипатталғанын анықтайық. Қуат жойылмайды және жоқтан пайда болмайды, бір түрден екінші түрге айналады. Осы қағида негізінде адам болмысындағы қуат өрісінің жан екендігін болжаймыз. Жанның қуат құбылысы екендігі М.Мырзахметұлының «Абай және Шығыс» шығармасында және ерлі-зайыпты Ә.Шонабаев, Қ.Шонабаевалардың «Адам – жер бетінің халифасы» т.б. еңбектерде талданды. Адам тәнінде қазіргі психологияда чакра деп аталып жүрген 7 қуат орталығы бар. Оларды «адам өмірінің белсенділігін арттырып, қуаттандыратын жан хабаршылары» деп атады Алиса Бейли өзінің «Душа и ее механизм» атты еңбегінде. Адамды бүкіл кеңістік әлемі бағынатын тұтастық қағидасы (кеңістік заңдылығы) тұрғысынан қарастырғанда оны «ақпараттық құрылым» немесе «қуат құрылымы» деп бөліп-жара алмаймыз. Егер олай етер болсақ, адам қасиеті жоғалады, құндылығы кемиді, адам адам болудан қалады. Ал «ақпаратты-қуаттық құрылым» деп, ғаламдық өремен өлшер болсақ, онда адам жаратылысының үнемі даму үстіндегі өте күрделі біртұтас жүйе екендігіне және «тән», «жан», «рух» қасиеттерінен құралғандығына көз жеткіземіз. Адам құдіреттілігі де, міне, осында! ТІЛЕКТІ бір мезгілде және тұтас қауым боп тілеу оның әлеуетін арттырып, орындалуын жылдамдататыны туралы Крайон ченнелингтерінде де айтылады. Америка бизнесмені Ли Кэролл тікелей каналы болып табылатын Крайон уағыздары бұл күнде жер шарының барлық нүктесіне кеңінен тараған. Олардың мәні – жаңа дәуірдің басталуымен бірге, адамзат баласының ерекше қасиеттерінің артуы, жанның алхимиялық өзгерісі мен ғарышпен байланысын сезіну нәтижесінде, әр адам өз болмысының құдіреттілігіне көзін жеткізуі; Қ.Йасауи бабамыздың еңбектерінде көрсетілген «ақиқат пердесін» түріп, фәни-жалғаннан тысқары жатқан ақи-өмірді тануы. Қазіргі қоғамда қандай да бір елеулі оқиғаларға арналған айтулы күндері түрлі деңгейде ауқымды іс-шаралар өткізіліп жатады. Солардың бірі – флешмоб. Қазақстанның барлық жерінде бір мезгілде еліміздің Әнұранын шырқау, күй тарту, би билеу, т.б. акциялар қазақстандық патриотизмді дамыту құралы ретінде қоғамдық санаға оң ықпал ету ТІЛЕГІНЕ бағытталған. Бүгінгі таңда ислам қағидаларының ғылымға негізделе құрылғаны жаппай (ресми) дәлелденді. Бес парыздың бірі – намазды жамағатпен оқу сүннет делінеді. Неге? Әдетте, жеке-дара оқылған намаз барысында тілейтін ТІЛЕКТЕР: жеке кәсіп-нәсіп, отбасы амандығы, айналасының саулығы… Ал мешітте, халықпен бірге, көп болып оқылған намаз дұғасының ауқымы кең – Отан, жер-ана, ғалам, халық, ұлт, ұлыс, ұрпаққа деген ТІЛЕККЕ ұласады. Сондай-ақ, сенімі бір, ниеттес адамдар жиналған жерде айтылған уағыздың таралуымен қатар, әсер ету күші де артады. Жиналған халық санасы бір арнаға тоғысып, рухы сабыр мен ұстамға, жүректері мейірім мен иманға ұйиды, жаны тазарады. Ал адам баласы рух, жан, тән бірлігінен тұратын біртұтас құрылым болғандықтан, осы сәтте ағза молекулярлық деңгейде оң өзгерістерге ұшырап, жаппай сауығу үрдісі орын алады. Әттең, адамдардың көпшілігі оны сезінбейді. Себебі, аға буын өкілдері сусындаған материалистік ілімнің тамыры тереңге кеткен; әрі сана әлі күнге дейін ұйқылы-ояу күйде. Осы ретте өткен ғасырдың басында (1911ж.) халыққа үндеу ретінде жазылып, таратылған Міржақып Дулаттың «Оян, қазақ» өлеңі еске түседі. Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты, Өткізбей қараңғыда бекер жасты. Жер кепті, дін нашарлап, хал харам боп, Қазағым, енді жату жарамас-ты. Уағында ұлттық намыс пен халық сауатын арттыруды көздеген шығарманың түпкі идеясын ойша қазіргі күннің ақиқатына телісек, мазмұны одан бетер тереңдеп, маңызы артып, өзектілігі жоғарылай түскенін көреміз. Түсінуге жеңіл болу үшін, қымбатты оқырманым, «қазақ» деп берілген жалпы атауды жалқы есіммен алмастыра оқуды ұсынамын. Сонда мынадай сурет келеді көз алдыңызға: игерілмей шыт-шыт жарылып жатқан жерің анау, дінсізденіп харам болған кебің мынау, жалқаулық иек алып бойыңызда, сырғып өтіп барады уақыт-бұрау, санаңды бүгін серпіп, сергімесең, ертеңің (ұрпағың) талап етер сенен сұрау. Заманауи өмір ағыны адамдарды тәуелділікке тоғытуда. Еңсені басқан күнделікті күйбең тірлік көңілді серпілтіп, айналаны сергек бағдарлауға мұрша бермейді. Егер адам баласы бұл өмірге келгендегі басты міндетін нәзік сезініп, пенделік емес, періштелік бастамамен өмір сүруге талпынса ғой. Оған деген қажеттілік шешімінің бір парасы – күнделікті ТІЛЕКТЕ. Өз пиғылыңа (НИЕТ) өзгенің үн (ТІЛЕК) қосуы тілек күшін еселейді. Халқымызда «баласы атқа шапса, анасы тақымын қысар» деген мақал бар. Бауыр еті баласы, көзінің нұры – перзентінің басынан өтер қиындықты алдын ала сезіп-біліп, жүрегі елжірей жаны ашып, қайтсем жүгін жеңілдетем деп тырысқан ананың НИЕТІ. Түрлі деңгейдегі спорттық жарыстар мен мәдени-көпшілік және өнер байқауларындағы көрермендердің арасында аса маңызды, белсенді топ бар. Олар – жанкүйерлер. Атының өзі-ақ айтып тұрғандай, сүйікті саңлағына жаны күйіп, барынша болысып тұрған адамның ақ ниеті сыналушыға әсер етпей қоймайды. Жеңіске бастар жолда ең басты қадамдардың қатарында жанкүйерлердің де тұруы – соның айғағы. 2012 жылы іссапармен Израиль мемлекетінде болғанымда, ол елде дін иелеріне мемлекет тарапынан жүйелі түрде арнайы ақы төленетінін білдім. Оның себебін сұрағанымда, «Олар мемлекетіміз бен еліміздің амандығын ТІЛЕП, жатпай-тұрмай дұға жасайды», – деген жауап естідік. Басқаның амандығына алаңдап, оны өз мүддеңнен жоғары қоя білу – ЖАНАШЫРЛЫҚ деп аталатын керемет қасиет, адамгершіліктің жоғары шыңы. Батагөй қариялардың «ТІЛЕКШІҢ көбейсін» деп бетін сипауы осының айғағы. Халқымызда «шын жыласа – соқыр көзден жас шығады» деген нақыл бар. Мұның мәнісі шын ниетіңмен, барынша қалау дегенге саяды. Оның астарындағы ұлы күш – сенім. ТІЛЕГІҢ үшін Тәңіріңе қанша жерден жалбарынсаң да, оның орындалуына сенбесең, бар күшің зая кетеді. Сондықтан, ТІЛЕК тілеуге жұмсалатын уақыт пен әлеуетке қоса, СЕНІМ қажет. Бүкіл болмысың, жан-дүниең, сеніміңмен беріле тілеген ТІЛЕКТІҢ орындалуы шапшаң. ТІЛЕКТІ дұрыс тілей білу шарт. Оны ТІЛЕК ТІЛЕУ сауаты деп атаймыз. Сауатты ТІЛЕК толық болады. Егер сіз «бақытты болайын» деп тілесеңіз, оны қаншалықты дұрыс қойылған деп ойлайсыз? Мұндағы қателікті талдап көрелік: біріншіден, сіз үшін бақыт ұғымының мәні не, соны ажыратып алу керек. Біреу дәулетті тұрмысты бақыт санайды; екінші біреу арманының орындалуын бақыт деп біледі, үшінші біреу сүйгеніне қосылуды бақыт дейді, төртінші адам үшін мықты денсаулық – зор бақыт, базбіреулер қолы жетпей жүрген затты сатып алуды бақыт көреді. Қысқасы, адамның сұранысына қарай, үлкенді-кішілі қалаулар жалғаса береді. Демек, ең әуелі ТІЛЕКТІ нақтылау қажет. Ол қолжетімді, орындалуы айқын әрі өлшенетіндей болуы шарт. Біздің мысалымызға оралар болсақ «бақыт» ұғымы субъективті мазмұнына байланысты, бұл талаптарға сай келмейді. Сондықтан, әуелі жеке адамның бақытты болу АРМАНЫН қолжетімді, орындалуы айқын әрі өлшенетіндей ТІЛЕККЕ айналдыруымыз керек. Мысалы: мен үшін бақыт – сүйікті ісіммен айналысу. ТІЛЕК нақтыланды ма? Жоқ. «Бақытты болғым келеді» дегендей, «сүйікті ісіммен айналысқым келеді» ТІЛЕГІ де әлі түсініксіз. Мазмұнында белгісіздік орын алған жағдайда, ол сауатты қойылған ТІЛЕККЕ жатпайды. Екіншіден, әр нәрсенің мерзімі, уақыты болады. Оны ашып көрсетпесеңіз, қашан бақытты болуыңыз ұзаққа созылып кетіп, ақырына жету-жетпеу мәселе болады. Жоғарыдағы мысалды енді мерзіммен толықтырайық: мен үшін бақыт – әрдайым сүйікті ісіммен айналысу. Үшіншіден, ТІЛЕК ТІЛЕУ ӘДЕБІН ұстанған жөн. Сіздің тілегіңіз ешкімге зиянын тигізбейтіндей, өмір талаптары мен кеңістік заңдарына қайшы келмейтіндей болуы қажет. Олай болмаған жағдайда «жүйелі қарғыс – жүйесін табады, жүйесіз қарғыс – иесін табады» дегендей, адам келеңсіздіктердің шырмауына оратылуы әбден мүмкін. ТІЛЕК мақсаты жақсылық дәнін себу, өсу, өркендеу, даму, гүлденуге бағытталу, жеңіс, бақыт, шаттыққа негізделуі шарт. Сондықтан, ТІЛЕК тілегенде жағымды жағдайды тілеңіз. Мысалы көп ретте адамдар бір-біріне денсаулық тілеп жатады. Бұл – ақ көңілден туған ізгі ниет! Бірақ сол ақ тілек қалай айтылады, мәселе осында. «Ешқашан ауырмаңыз» деген тіркес адамға ең бірінші ауру туралы сигнал береді, «дерт көрмеңіз» тілегі де солай. Ал оларды «деніңіз сау болсын», «аман болыңыз» деп айтып көріңізші, әсері қандай болар екен! Есіңізде болсын, ТІЛЕК тілегенде болымсыз есімдіктен аулақ болыңыз, оларды мүлдем қолданбаңыз. Болымсыз есімдік түбір сөзге ма, ме, ба, бе, па, пе жалғаулық шылауларының қосылуымен анықталады. Мысалы: талмас талап, қажымас қайрат, бітпес дәулет, сарқылмас байлық, таусылмас жігер. Байқайсыз ба, басталмастан жатып-ақ, болмысыңа шектеу қояр мұндай тілектер кісіні қуантудың орнына қынжылтады. Себебі ауыздан шыққан әрбір сөздің әуелгі мағынасы маңызды! Ал бұл тіркестердің түбірі мынадай: талу, қажу, біту, сарқылу, таусылу. Оларды шаттыққа толы келесі тілектермен алмастырып көріңіз: таудай талап, қажырлы қайрат, мол дәулет, баянды байлық, жалынды жігер. Жүрекжарды қуанышымен бөлісіп жатқан қайсыбір жанның ақ дастарханында отырып, «қызығың ортаймасын», «қаламың мұқалмасын» немесе «шаңырағың шайқалмасын» деп тілеу қаншалықты дұрыс деп санайсыз? Меніңше бұлар орынсыз қолданылған, көргенсіз тілектер. Олар жақсылықтан бұрын, сәтсіздік шақырып тұр. Нағыз әдепсіздік дегеніміз осы емес пе? Бұл мысалдарды әдепті ТІЛЕКТЕРГЕ айналдырып көрейікші: «қызығың берекелі болсын», «қаламың ұшталсын», «шаңырағың шаттыққа толсын». Салыстырып көріңіз. Енді қандай әсерді сезінесіз? ТІЛЕК әдебі туралы толғанғанда ойға оралар тағы бір келеңсіздік – шектеу. Ол қазір «тек», «тек қана» деген сөздер арқылы жүзеге асырылуда. Бір қарағанда тілге тиек етуге тұрмайтындай ұсақ-түйек көрінгенімен, оның салдары (зардабы) зор. Назар аударыңыз, мен саған тек қана сәттілік тілеймін. Ұшан-теңіз ғаламаттарға бай мына өмірдің адам баласына берілген нығметтері қандай! Шексіз… Солардың бұйыруын тілеудің орнына, тегін тілекті шектейміз. Аяғандықтан емес, әрине, көп ретте білместіктен. «Тек», «тек қана» тіркестерін қолданбай ТІЛЕК айтып көріңізші. Әдемі сөздер көмейден тоқтаусыз ағылады. Олай болса, бір-бірімізге ТІЛЕК тілегенде жан-дүниеміздің тереңдігін, ниетіміздің тазалығын, көңіліміздің молдығын, қатынасымыздың ашықтығын, қалауымыздың ақтығын көрсетіп, шынайы, игі ықылас көрсетелік. Бүгінгі таңда «қуанышты бөліссең – көбейеді, қайғыны бөліссең – азаяды» деген қағидамен өмір сүріп жатқан қазақ қоғамында үлкенді-кішілі жиын-той мол. Басқосу болған соң, айтылар тілек, көтерілер тост, берілер бата көп. Осы ретте мынаны есте сақтаңыздар: қазақтың тілі өте бай әрі қуатты тіл! Жиын иесіне жасар сыйлығыңызбен қатар, айтар тілегіңізді де алдын ала қамдаңыз. ТІЛЕК әдепті, оның иесі мәдениетті болсын, өсер елдің өрендері! Өзгеге жақсылық тілеу арқылы өзіңе сауап жинайтының белгілі. Өз өміріңді көркейту үшін, қазақша әсірелеп айтқанда «қысқа күнде қырық рет» ТІЛЕК тілейсің. Оның да өзіндік ерекшеліктері бар. Қайсыбір жандар түнде ұйқыға жатар алдында өткен күнге есеп беріп, келер күннің тілеуін ТІЛЕЙДІ. Ал енді біреулері таңғы ұйқыдан оянған сәтте күндік жоспарын құрып, оның сәтімен орындалуына орай, ТІЛЕГІН жұптайды. Кей кісі күнделікті оқылатын бес уақыт намазда ТІЛЕК ТІЛЕУДІ әдетке айналдырған. Қайткенде де, әркім өзінің ыңғайына қарай ТІЛЕГІН ТІЛЕП, әрекет етеді. Маңыздысы –ТІЛЕКТІҢ орындалуы! Ол үшін ТІЛЕК тиімділігін ұстану шарт. ТІЛЕК мазмұнын анықтауда «SMART» әдісін қолдану анағұрлым тиімді. 1954 жылы П.Друкер айналымға енгізген SMART аббревиатурасының мазмұны былай жіктеледі: нақты, өлшенетін, қолжетімді, шынайы, уақтылы. Демек, айқын мақсатқа бағытталған нақты ТІЛЕКТІҢ орындалуы өлшенетіндей, әрі шындыққа сәйкес қолжетімді, уақытпен анықталған болуы керек. Мысалы «бүгінгі күнімнің сәтті өтуін тілеймін» ТІЛЕГІ нақты, қолжетімді, шынайы болуымен қатар, онда уақыт факторы бар, бірақ өлшем бірлігі жоқ. Сәттілікті не анықтайды? Бір күндік жоспарыңыздың толық жүзеге асырылуы ма? Әлде күні бойы көңіліңіздің көтеріңкі болуы ма? Жағымды жаңалық, күтпеген қуанышқа кез болып, өзіңізді бақытты сезінуіңіз бе? Ал егер осы ТІЛЕК былай құрылса ше, «бүгінгі күні ойға алған жоспарларымның барлығы жылдам әрі оңай орындалып, жағымды жаңалықтармен көңілім көтеріліп, кешкілік бала-шағаммен ырза кейіпте табысайын». Бұл ТІЛЕК мазмұны сыртқа бағытталғанын байқадыңыз ба? «Бүгінгі күнінің» сәттілігін тек сыртқы ортамен байланыс тиімділігіне бағыштаған ырза жан. Тәулікте 24 сағат болатын болса, шартты түрде оның 8 сағаты сыртта (жұмыста), 8 сағаты ұйқыда өтеді. Ал қалған 8 сағаты өзінің және отбасының еншісінде. Ұйқыдағы уақыт күндізгі болып есептелінбегендіктен, біздің мысалымыздағы «күннің сәттілігі» алғашқы 8 сағатты ғана қамтып отыр, ал отбасымен бірге өткізетін қалған уақытыңыздың сәттілігі қайда? «Адам – табиғат – қоғам» үштігінің үйлесімділігін сақтау үшін, замандастарымыз осы мәселені өзекті ТІЛЕККЕ айналдыра білулері шарт! Тілек тілеу сауатын игеру нәтижесінде тұлғаның жауапкершілігі күшейіп, әрбір іс-әрекетін саналы түрде басқара алатын болады, өзіндік дамумен қатар, айналасына оң ықпал ету қабілеті артады. Әр жеке сананың сәулеленуі негізінде қоғамдық сана кемелденеді. ТІЛЕГІҢІЗ ҚАБЫЛ БОЛСЫН, АҒАЙЫН!!!
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді