Тасқын судан қауіп бар ма?

Тасқын судан қауіп бар ма?
ашық дереккөз
Тасқын судан қауіп бар ма?

Жылма-жыл, әсіресе, көктем сайын қарғын судан келер қауіп жоқ емес. Сондықтан қамсыз отыруға да болмайды. Осы тұрғыда едәуір қауіп тудырушы бірегей нысан – көршілес қырғыз жеріндегі Киров су қоймасын 2012 жылы қосымша нығайту жұмыстары жүзеге асырылғаны белгілі. Биыл аталмыш су қоймасы күрделі жөндеуге қойылмақ. Қазір онда иірілген су жалпы сыйымдылығының 45 пайызын құрайды екен. – Өңірімізге Кировтан келер қауіп жоқ. Жалпы жағдай қазір де жіті бақылауда. Екіжақты байланыс орнауының арқасында көршілес ел мамандарымен тұрақты хабар алмасып отырамыз, – дейді бұл тұрғыда облыстық ТЖД бастығының орынбасары Ерік Алпысбаев. Жалпы, облыс бойынша су тасу жағдайы негізінен Талас, Шу және Аса, сондай-ақ аймақтарда орналасқан бес ауданның аумағындағы Қарақоңыз, Ырғайты, Аспара, Меркі, Қарақыстақ, Қайыңды, Ақсай, Көксай өзендері бойында еріген қар суы есебінен орын алуы ықтимал. Күн күрт жылынғанда облыс аудандарында биік белестерден қарқынды су ағыны пайда болатыны белгілі. Қардың түсуі өткен жылғы деңгейден төмен, алайда тоңның қатуы 60-70 сантиметрдей тереңдікте (былтырғыдан 20-30 сантиметрге) артық болғандықтан, сел-тасқын топыраққа сіңбей, біраз аймаққа жылдам жайылуы мүмкін. Еріген қар суының молаюына байланысты су шаруашылығы нысандарынан еріксіз апатты су жіберілуіне де тура келеді. Су тасқынының алдын алу барысында сақтық шаралары күшейтіліп, бүгінге дейін 95 шақырымдық дренажды канал және 155 шақырымдық арық жүйелері, күрежолдар бойындағы 100 көпір мен 500-ден астам су өткізу құрылғылары тазартылып қойылыпты. Бұдан басқа, облыста жеткілікті жанар-жағармай мен материалдар қоры қалыптастырылып, 23 мыңнан астам мүшек, тұрғындарды қауіпсіз аумаққа көшіріп-қондыру үшін 41 қабылдау бекеті, 28 шатыр үй, 1983 кереует, 10817 жиынтықты төсек жабдығы әзірленген. «Жаман айтпай, жақсы жоқ», су тасқынының алдын алу және салдарын жою жұмыстарына жұмылдырылатын құрамда 237 құрылым, 1976 адам бар. 576 техникамен, 5 жүзу құралымен, 42 мотопомпымен жарақтандырылған азаматтық қорғау қызметінің аумақтық күштері сақадай сай дайындық сапына қойылып отыр. Төтенше жағдайлар департаментінің жедел штабы мен тобының құрамы бекітілген.

Қазіргі таңда аса қауіпті аймақтардағы жағдай, әсіресе, ірі су қоймаларының толымдылығы мен қалыпты жұмыс істеуі, су деңгейінің реттелуі ерекше бақылауға алынып, таулы-қыратты өңірлердегі қардың қалыңдығы мен өзен арналарында туындауы ықтимал мұз кептелісінің қаупі зерделенуде екен. Су тасуының алдын алу мен жедел ден қою жұмыстарын ширату тұрғысында қала, аудан әкімдіктеріне арнайы хат та жолданған. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының орынбасары, төтенше жағдайлардың алдын алу, төтенше жағдайларды жою бөлімдерінің басшыларды Руслан Шариев, Омар Тәкеев, Денис Охрименко жер сілкінісі мен азаматтық қорғау шаралары кезінде тұрғындардың не істеуі керектігі жөнінде де тарқата айтып, журналистер қойған сұрақтарға жан-жақты жауап қайтарды.

Ұқсас жаңалықтар