Сарысулықтар «көгілдір отынды» қашанғы күтеді?

Сарысулықтар  «көгілдір отынды» қашанғы күтеді?
ашық дереккөз
Сарысулықтар «көгілдір отынды» қашанғы күтеді?

...Осы сұрақ ауыл адамдарының аузынан күні бүгінге дейін түскен емес. Екі ауылдас жол үстінде кезігіп қалса болды, әңгіменің бір ұшы табиғи газ тақырыбына тиіп кетеді. «Айта-айта Алтайды, Жамал апайды қартайтқан» бұл мәселе осыдан төрт жыл бұрынғы аудан әкімінің халыққа берген есебінде «Табиғи газ алдағы бес жылдықта тартылады» дегенде тұрғындардың құлақтары көтеріліп қалған-ды. Тіпті аудандық мерзімді басылым бетінде жарияланған ақпаратқа сүйенсек, осы мәселеге байланысты облыстық бюджеттен 49,0 миллион теңге қаражат бөлініп, оған жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі дайындалып жатса керек. Сол газет санында аудан орталығы – Жаңатас қаласы мен 13 елді мекен газбен қамтамасыз етілетіні жайында тарқатылып жазылған еді. Жоба құны шамамен 8,8 миллиард теңгені құрапты. Құлақ естіп, көз көруден бұрын, тіл сынбайтын цифрлардан бір жақсылықтың қайырын күткенбіз. Бірақ одан бері үш жылдың ішінде аудан әкімі үш рет ауысты. Осыдан-ақ аталған жұмыстың жай-жапсарын бағамдай беріңіз... Иә, бұл шешімі оңай шаруа емес. Жер аяғы қияннан құбыр тартып, «көгілдір отынды» көпшілікке жеткізу бір жылдың жұмысы еместігін де ел жете түсінеді. Ал отын-суға мұқтаж болған қараша халықтың жағдайын кім түсінбек?! Мәселе сонда. Күн жылыда ауыл адамдарына газдың бар-жоғы аса білінбейді. Тек қара күз келіп, екі бүйірден қара суық қысқанда табиғи газдың тамашасын тағы аңсайды. Қыстың көзі қырауда үй жылытып, от жағып, бүрсең қағып жүргенді кім қалайды дейсіз. Әсіресе биылғы қыстың қақаған қаңтарында «көгілдір отыннан» бұрын, көмірдің өзіне қолымыз жетпей жатты. Сарышұнақ аязда қара отынға деген тапшылықтың байқалғаны рас. Оның өзінде бар көмірдің бағасы «бар адамға» ғана бұйырып тұрғандай. Жылдағы әдетінше біздің аймаққа қыспен қатар қымбатшылық қоса келеді. Шындығы сол, биылғы шұбаркөлдік көмірдің 1 тоннасы 25-27 мың теңге аралығында. Ауыл адамдарының алатын айлығының өзі осы шамада. Ал енді шотқа шағып, есептей беріңіз... Мен мұнымен жер астынан жік, я болмаса қос құлақтан тік шықты деп жатқаным жоқ. Тек ауыл-аймақтың арманын, тілегін айттым. Жалпы жұрттың жай-күйін жеткіздім. Алдағы уақытта аталған мәселенің оңды шешімі табылатынына сеніміміз мол.

Нұрсұлтан РАХЫМБАЙ, ТарМУ-дың студенті

Сарысу ауданы

Ұқсас жаңалықтар