Ел тұрмысын түзеуге елеулі үлес

Ел тұрмысын түзеуге елеулі үлес
ашық дереккөз
Ел тұрмысын түзеуге елеулі үлес

Еңбек өрлеуіне, жарқын жетістіктерге толы тауық жылы да тарих қойнауына кетті. Бұл жылы өңіріміздің түрлі салалаларында нендей тірліктер тындырылды? Осыған байланысты облыстық басқармалар жылдық қорытынды есеп беру жиындарын бастап та кетті. Олардың қатарында облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы да бар. Аталған жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Б.Орынбеков қатысып отырды. Басқарма басшысы М.Қасымов өздерінің былтыр атқарған жұмыстары жөніндегі есебін 2017-2018 жылдардағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары барысымен таныстырудан бастады. Осынау жауапты кезеңде жылу энергиясын қабылдауға 795 білім, 409 денсаулық сақтау, 534 спорт, әлеуметтік-мәдени нысандары және 1608 көп қабатты тұрғын үй дайындалыпты. Осыған байланысты 463 қазандық, 333,0 шақырымдық жылу желісі ағымдық және күрделі жөндеу, қайта жаңғырту жұмыстарымен қамтылған. Электр желілері мен газ құбырларын жөндеу, қайта жаңғырту жұмыстары да тиісті деңгейде іске асырылыпты. Отынмен қамту жайы да ойдағыдай. Облыстың бюджеттік мекемелерінде қажетті 69,9 мың тонна көмір және тұрғындарға қажетті көмір 331,7 мың тонна көлемінде толықтай дайындалған. Отын-энергетика кешені нысандарындағы резервтік мазут отынының көлемі 8878,8 тоннаны құрайды. Әзірге облыста қысқы жылыту маусымы еш іркіліссіз қалыпты өтуде. Баяндамашының айтуынша, 2017 жылы электр энергиясын өндіру жалпы қуаттылығы 1408,7 МВт құрайтын 11 электр стансасы күшімен іске асырылған екен. Өндірілген электр қуатының көлемі 2,986 миллиард кВт/с-ты құрап, 2016 жылмен салыстырғанда 135,0 миллион кВт/с-қа немесе 4,7 пайызға артқан. Оның ішінде жаңартылатын энергия көздері нысандарының үлесі – 10,2 пайызға – 304,3 миллион кВт/с-қа жетіп отыр. Ал биыл бұл үлестік көрсеткішті 15 пайызға дейін көбейту көзделуде. Осы орайда Мүсілім Жеңісұлы «Бизнестің жол картасы–2020» бағдарламасы шеңберінде жалпы құны 449,3 миллион теңгені құрайтын 10 жобаның құрылыс жұмыстары басталып, оның 9-ы іске қосылғанын, оның ішінде Ұлттық қордан бөлінген 200 миллион теңгеге жүзеге асырылатын 1 жоба 2018 жылға өтпелі болып табылатынын да атап өтті. Газ шаруашылығын дамытуда да ауқымды жұмыстар жүзеге асырылу үстінде. Бүгінгі күні облыстың 377 елді мекенінің 181-і немесе 48 пайызы тауарлық газбен қамтылған. 2025 жылға дейін өңірдегі 354 елді мекен толықтай газдандырылмақ. Бұл ретте қолға алынған алты жоба іске асқан жағдайда облыстағы газдандырылған елді мекендер саны 265 құрайды, немесе жалпы көрсеткіштің орындалуы 70 пайыздық деңгейде қалыптасады деп күтілуде. Бұдан кейін облыс әкімінің бірінші орынбасары Б. Орынбеков салада өткен жылды қай мекеме, қалай қорытындылағанын саралап-талдаудың маңызды екенін, бұл алға айқын бағдарлар белгілеуге де мүмкіндік беретінін атап өтіп, Қаратау, Жаңатас, Шу, Тараз қалаларында көп қабатты тұрғын үй қорын жаңғырту бағдарламасының жүзеге асырылуы мен кондоминиум нысандары жұмысының үйлестірілуі жайына назар аударды. «Көп қабатты тұрғын үйлердің паспорттары мен мемлекеттік актілері алынуын жүйелеу керек-ақ. Әсіресе Таразда көп қабатты үйлердің иесіз қалып отырғандығы жөнінде бізге Ұлттық қауіпсіздік комитеті тарапынан арнайы хаттың келіп түсуі тараздықтар үшін үлкен сын. Осы тұрғыдағы жұмыстар ширатылуға тиіс», – деді ол. Тараз қаласында жылу желісі болмаса, су-құбыр жүйелерінің әлі жаңартылмағаны, осыған байланысты кезінде облыс көлемінде түрлі нысандар бойынша конкурстар өткізілгенмен, тиісті шешімін таппаған шаруаларды да қайта қараудың мерзімі жеткендігі, сондай-ақ өңірдегі әлі күнге дейін негізгі нысанға жапсарлас ғимаратқа көшірілмей отырған жеті бірдей қазандық бар екендігі өткір сын тезіне алынып, өңірдегі басқа да шешімін күткен өзекті мәселелер алға тартылды. «Таразэнергоорталығы» АҚ президенті М. Өтегенов, «Интергаз Орталық Азия» АҚ «Тараз» МГБ директоры Б. Мұртазаев өздеріндегі атқарылған жұмыстар туралы баяндап, бірлесе шешуге болатын мәселелерін ортаға салды. Ал «Жамбыл электр желісі» ЖШС бас директорының орынбасары Т. Сержанов Қошқарата елді мекеніне электр қуатын жеткізу жайы кезінде қаралып, арнайы жоспары да жасалғанмен, жүзеге асыру мүмкіндігі табылмағанын, бұл істің әлі де назарда екенін жеткізген. Осы тұрғыда облыс әкімінің бірінші орынбасары «Таяу арада кестеге сәйкес Жуалы ауданына шығамыз, осы мәселе тағы да көтерілетін болады. Сіздердің міндеттеріңіз елді мекендерге үзіліссіз электр энергиясын беру ғой. Ал бұл іс шешімін таппай отыр» деп көңілі толмастығын жеткізді. Басқосуда бюджеттік мекемелерге бөлінген қатты отынның сапасы нашар екендігі де сөз болды. Осыған байланысты облыс әкімдігі білім беру басқармасы басшысының орынбасары Ж.Бекбатырова мектептер қазандықтарына пайдаланылып жатқан көмірдің бықсып, жанбайтындығы жөнінде шағымданатындардың баршылық екенін айтты. Ендігі жерде бюджеттік мекемелерге бөлініп, жеткізілген қатты отынның сапасына, қайдан алынғанына облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы тарапынан арнайы тексерулер жүргізілмек.

Баймаханбет ахмет

Ұқсас жаңалықтар