Мәскеу Ноқрабеков,
журналист.
Мақсат ес білгелі анасының жанында. Не ішем, не кием деген жоқ. Анасы дәрігер еді. Айлығы екеуіне молынан жететін. Есейгенде білгені – әкесі сауда саласының адамы екен. Бұл дүние есігін енді ашқанда ол сауда саласындағы сұлу келіншекпен көңіл қосып, сонымен отбасын құрған көрінеді. Оныншы сыныпта оқып жүрген кезінде үйіне келіп, анасынан кешірім сұрап, «қайта қосылайық» деген. «Осынша жыл әлгімен тұрып, не бетіңмен келіп отырсың? Құры, көзіме көрінбе!» деп анасының даусы қатқылдау шыққан соң ол ас бөлмеге кіргенде ұзын бойлы, мұртты жігіт ағасын көрді.
– Апа, не болды, даусыңыз қатты шықты ғой, – дей бергенде анасы: – Мына кісі сен екеумізді тастап кеткен әкең, 15 жылдан соң ұялмай үйге келіп тұр. Ана сұлуы бұл жұмыстан босағасын үйінен қуып шыққан көрінеді. Қай бетімен келді? Ұлымды ешкімнен кем қылмай өсірдім, қиналдық. Сол кезде қайда болдың? Ана әйеліңді көлігіңе салып алып, талай рет жанымыздан тоқтамай өтуші едің. Құдайға шүкір, біреуден кем, біреуден артық өмір сүрдік. Күндіз ауруханада, түнде жедел жәрдемде еңбек еттім. Амандық болса Мақсат биыл мектеп бітіреді. Оқуға түсіп, өзім сияқты дәрігер болам дейді. Енді сенің бізге керегің жоқ. Бар ана сүйікті әйеліңе, шық үйден, – деді. Осы сәтте Мақсат: – Апа, кешірім сұрап келіп тұр ғой. Қалсын да, – деген жанарын мұң торлап. – Балам бізді бір рет тастап кеткен адам екінші рет тастап кетпейді деймісің. Ана әйелі кел десе, ұшайын деп тұр ғой. Не болмаса тағы бір сұлуды тауып алар. Кірмейді үйге, барсын, – деді анасы ызаға булығып. – Қарлығаш, алдыңа келіп кешірім сұрап тұрмын ғой. Мына балаға да әке керек емес пе? – деді әкесі ақталғандай сыңай танытып. – Балаңды енді ойладың ба? Бұрын қайда болдың? Әкелік қамқорлық танытсаң қайда қалдың? Сүндетке отырғыздың ба? 1-сыныпқа алып бардың ба? Қаладағы саябақта қатының екеуің жанымыздан көз салмай өтуші едіңдер ғой. Құдай қосқан әйелім мен балам қалай күн көріп жатыр деп хабарластың ба? Енді не бетіңмен келіп тұрсың? Бар, шық үйден! – деп анасы әкесін қуып шықты. Мақсат үнсіз, есік алдында тұрып қалды... Мектепті ойдағыдай аяқтап, Алматыдағы медицина институтына оқуға түсті. Студенттік қызығы мол жылдар көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Ауылға келіп, аудандық ауруханаға дәрігер болып орналасты. Ауыл мектебіне мұғалім болып келген Ғалия деген қызға үйленді. Анасы барын салып, тойды ойдағыдай өткізді. Жұбайлардың бақытты өмірі басталды. Келіншегі: – Менің қайын атам қайда? Бар ма өзі, – деп ойлы жүзбен сауал қойғанда Мақсат та, анасы да не айтарын білмей отырып қалды. – Атаң бар, тек бізден бөлек тұрады, – деген анасының жауабына Ғалия тосырқай қарады. Мақсаттың көз алдына сол сонау бір кезде іздеп келіп кеткен әкесінің бейнесі елестеген. Әкесі қайда жүргенін елден сұрап білуге бекінді. Біледі-ау деген кісілерден сұрады. Солардың бірі: – Әлгі келіншегі үйінен қуып жіберген соң, қалаға кетті деп естиміз, қайда екенін ешкім білмейді. Сен кімі боласың? Бұрынғы әйелі жақсы адам еді. Ана әзәзіл саудагер отбасынан айырып, үйіне кіргізіп алды ғой. Ол кезде дүрілдеп тұрған кезі. Сельпоның бастығы. Астында жеке көлігі, дүниесі жететін. Одақ ыдыраған соң жұмыссыз қалды. Қысқасы ана келіншек үйінен қуып шықты. Әбден пайдаланды ол байғұсты. Бұрынғы күйеуінен туған қызын үлдемен бүлдеге орап өсірген, оқуға да түсірді. Тұрмысқа шыққанда той жасап ұзатты, қаладан екі бөлмелі пәтер сыйлады, күйеу баласына автокөлік әперді. Ана сұлуы да қаладан пәтер алып көшіп кеткен. Асқарды сол қаладан таппасаң, мұнда жоқ. Бірінші әйелінен баласы қалды деп еді, мүмкін сол баласын тапқан шығар. Ер-азамат әкесін іздейді. Бұлар бұрын жап-жақсы отбасы еді. Ана сұрқия басын айналдырып, әйелінен ажыратып, тиіп алды. Өзі сұлу, тойларда өлең айтып, би билеп, думанның көркін келтіретін. Сол сұлулығына еркектер сұқтана қарап, соңынан еретін. Еркектерді шыр көбелек айналдырып алатын. Бірінші күйеуі тастап кеткен соң, Асқарды үйіне кіргізіп алды ғой... Осы әңгімені естіген соң тағы да іздеді, таппады. «Қалайда табамын» деген ой Мақсатқа маза бермеді. Бір жылдан кейін анасы қан қысымы көтеріліп, қайтыс болды. – Айналайын ұлым, немере көрдім. Рахмет саған. Кезінде әкең келгенде үйге кіргізбей қуып шыққаным дұрыс болмапты. Не дегенмен әкең. Ізде, тірі болса табылар, – деп соңғы сөзін айтты да жүріп кетті. Мақсат қалалық ауруханаға хирургия бөлімінің меңгерушілігіне шақырған соң сонда көшкен. Бір күні жұмыстан қайтар уақытта мейірбике жүгіріп келді. – Өте ауыр халде екі адам түсті. Құдықтан тауып алыпты. Қаланың шет жағындағы ауылдан әкеліпті. Өзіңіз көрмесеңіз болмайды, – деді жанұшыра тіл қатып. Кезекші дәрігер: «Адам болмайды, іш құрылысы күйіп кеткен. Бір нәрседен қатты уланған. Әзірше ішін жуып жатырмыз. Өзіңіз көрмесеңіз болмайды» деген соң, жан сақтау бөліміне кірді. Бірі ұзын бойлы, сақал-мұрты өскен, жүдеп кеткен, екіншісі етті кісі екен. Беті ісіктен көлкілдеп кеткен екеуі де әрең тыныс алып жатыр. Дереу іске кіріспесе болмайды. Мейірбикеге қарап: – Кезекші хирургты шақырыңыз. Екеуіне де ота жасаймыз. Бар мүмкіншілікті пайдаланып, аман алып қалудың қамына кірісейік. Мен ана кісіге жасаймын, – деп, сақал-мұрты өскен адамды көрсетті. Түрі таныс сияқты. Бір жерден көрген адамы. Аты-жөні де белгісіз. Операция ұзаққа созылды. – Жүрегі соғып тұр. Бар мүмкіндікті пайдаландық. Енді өзіне байланысты, – деді де орындыққа отыра кетті. Қатты шаршағанын енді білді. – Мақсат аға, енді қайта беріңіз, кезекші дәрігер бар, мен осында боламын деген аға мейірбикеге: – Жоқ, менде осында қалам. Науқастардың жағдайын өзім бақылаймын. Таң атуға жақын қалды ғой. Бүгін аман шықса, ертеңгісін тағы көреміз, – деп өзі ота жасаған адамға қарай берді. – Мақсат аға, ана кісіге сонша қарадыңыз, таныдыңыз ба, – деген мейірбикенің сұрағына: – Жоқ, бір жерде көргенмін, есіме түспей отыр, – деді. Тағы да қарады, таныс сияқты. Отырған орнында көзі ілініп кеткен екен, түсінде әкесінің анасына келіп кешірім сұрап тұрған сәті кіріпті. – Әке, – деп оянып кетті. – Мынау сол менің әкем сияқты ғой, – деп жатқан адамға қарады. Ұқсайды. Тек әбден жүдеген. Әкесі болуы мүмкін емес. Тағы да қарады. Ұқсайтын тәрізді. Осылай қарап отырып көзі тағы ілініп кетіпті. – Балам танымадың ба әкеңді, мен ғой, – дегенде, – Жо-оқ, мүмкін емес, – деп айқайлағандай болды. Бірақ үні шықпайды. – Мынау сенің әкең, – деп арғы жақтан анасы көрінді. – Жо-оқ, деп тағы да айқайлады, бірақ ешкім естімейді. – Мақсат аға, не болды, – деген мейірбикеге таңғала қарап, – Уһ, жаным-ай, – деген дыбыстан оянып кетті. Тағы да: – Уһ, жаным-ай, – деген сөзді төсекте жатқан адамның айтқанын естіп, орнынан ұшып тұрып, науқастың жанына барды. Көзін ашып, дәрігерге қарап «су, су» деп дыбыстады. Мейірбике жүгіріп келіп, аурудың аузын сулы мақтамен сүртті. – Сізге су ішуге болмайды, әзірше мына мақтадан суды сорыңыз деді де: – Аға, мына кісінің беті бері қарады. Есін жиды ғой... деді. Осы сәтте Мақсат: – Дереу қан қысымын өлшеңіз, қызуын байқаңыз, енді кетуге болады, мен қайтайын, – деп мейірбикеге тапсырма берді де, далаға шықты. Үйіне келгенде есік ашқан әйелі: – Не болды, қатты қиналып, күйзеліп тұрсың ғой. Түрің әбіржулі, тыныштық па әйтеуір, – деп сұрады. – Бәрі жақсы, мен демалайын, операция өте күрделі болды, – деп жатын бөлмеге бет алды. Қанша шаршап тұрса да, көз алдынан науқастың бейнесі кетпей қойды. Орнынан тұрып, анасының альбомын алып, қарай бастады. «Міне, мынау ғой әкемнің жас кезіндегі суреті. Ал ана ауру адам бұған мүлде ұқсамайтын сияқты. Тағы да анықтап қарады. Бет әлпеті келеді. Әкем бе, әкем емес пе?!», – деп отырды да, қисайып жата кетті. Түсіне тағы да жаңағы науқас кірді. – Мен ғой, балам, таныдың ба? Мен де өзіңді танымай отырмын. Бірақ мен сенің әкең екенім рас. Әне, анаңнан сұрашы, – дейді. Қараса анасы тұр. – Балам, бұл сенің әкең, – дейді. – Мүмкін емес, – деп айқайлап оянып кетті. Әйелі келіп: – Не болды, Мақсат? Шошып ояндың ғой, – деп сұрағанда: – Отыршы, айтатын әңгіме бар, – сырын жайып салды. – Егер әкең болса үйге әкел. Балалар да атамыз бар деп мақтанып жүрсін. Енді далаға тастамаймыз. Бірақ бәрін анықтап біл, – деп кеңес берді. Науқас бір-екі күннен кейін есін жиды. Аты-жөнін айтты, жанындағы жолдасының да атын айтты. Арақ ішкен, отқа қақтап саңырауқұлақ жеген. Арғысын білмейді. Мақсат аурудың жағдайын білейін деп бөлмеге кіргенде ол ұйықтап жатыр екен. Қасына отырып түрін анықтап қарады. Үйдегі суреттен аумайды. Иә, әкесі. Мұндай жағдайға қалай душар болған, бұрын көргенде бақуатты, сымбатты еді. Не болды екен? Есі кірген соң сұрауға бел буды. Жағдайы оңалып, аяққа тұрғаннан кейін, мейірбикелер сақал-мұртын алып, жуындырған соң өзгеріп шыға келді. Денсаулығы дұрысталған соң: – Ағай, бүгін үйге алып кетем. Сізге де, досыңызға да күтім керек. Қарсы болмасаңыздар мына киімдерді киіңіздер. – Қой айналайын, рахмет, өлім аузынан алып қалдың. Ризамыз. Әуре болма. Ниетіңе рахмет. Көп жаса қарағым. Екі шалды не етесің. Біздің қала сыртындағы саябақта үйшігіміз бар, соған қайтайық. Саған да, қыздарға да рахмет. Мына киімдеріңді алайық. Ал, үйге жүр дегеніңе келіспейміз. Мақсат: – Ең болмаса үйге жүріп тамақ жеп қайтыңыздар. Келіндеріңіз дастархан жайып күтіп отыр, – деп мейірлене үн қатты. Екі қария бір-біріне қарап: – Мейлі, астан үлкен емеспіз ғой. Тамақ ішуге барайық, одан кейін бізді қинама. Біз үйренген жерімізге барамыз деп тоқтады. Түс ауа екеуін көлікке отырғызып, үйіне алып келді. Келіншегі мен балалары есік алдынан күтіп алып, сәлем берді. – Мына кісі келіндеріңіз, ана екі бұзық Қайрат пен Самат. Қайрат – 3, ал Самат 1-сыныпта оқиды. Екеуі үйге кіре бергенде қабырғада ілулі тұрған Мақсаттың анасының суретіне көзі түскен Естай үнсіз тұрып қалды. – Мынау Әмина ғой... – Иә, бұл менің анам Әмина, ал сіз менің әкемсіз, мына Ғалия сіздің келініңіз, екі бала сіздің немерелеріңіз. Бәрі үнсіз тұр. Тек кіші Самат: – Папа, это мой аташка, – деп әкесінің жеңінен тартты. – Иә, балам, екеуіңнің аталарың... – Ураа, менің атам бар, аташка сіз менің атамсыз ғой, иә, – дей бергенде Естай орнынан тұрып, – Айналайын Мақсат, балаларым, келінім мені кешіріңдер, сендерге құл болуға дайынмын, – деді тізесін бүгіп. – Әке тұрыңыз, бұл сіздің үйіңіз, анамның өсиетін орындадым, сізді таптым. Енді ешқайда кетпейсіз, – деді. – Адасқанның айыбы жоқ. Ұлыңды, немерелеріңді таптың. Енді сен бақытты адамсың. Мен сияқты бейбақ емессің, – деді жолдасы Шәріп: – Жоқ аға, сіз де осы балалардың атасы боласыз. Енді ешқайда кетпейсіз. Осында боласыз. Менің әкем сіздің досыңыз болса, мен де сізге баламын, ал мыналар немерелеріңіз. Енді бір емес, екі атасы бар, – деді Мақсат. Кенет Самат: – Алақай, менде екі ата бар. Мен достарыма барып айтамын, – деп далаға тұра жүгірді. – Ал аталар, төрлетіңіздер, тамақ дайын, – деп Ғалия ас бөлмеге шығып кетті. Естай әлі де есін жия алмай тұр. – Әке, төрге өтіңіз. Сіз де жоғары шығыңыз. Айып етпесеңіз есіміңіз Шәріп қой, – деген Мақсатқа ол: – Иә, айналайын, атым Шәріп, менде ұл да қыз да болған емес. Әйеліміз екеумізге Құдай бала бермеді. Кемпірім өлген соң жалғыз қалдым. Содан Естай екеуміз бірге тұрып жатырмыз. Рахмет айналайын, қазір астан соң мен жүрейін. Естай баласы мен немерелерін тапты. Бұл деген үлкен бақыт, – деді. – Аға, не деп тұрсыз. Айттым ғой жаңа, ешқайда кетпейсіз. Үйде боласыз. Құдайға шүкір, бәрімізге жетеді. Сіз кетем дегенді қойыңыз. Осы кезде Естай да әңгімеге араласып: – Әй, Шәріп, екеуміз енді неде болса бірге болайық. Мақсат айтып тұр ғой, сен де қал. Бөлмеге Ғалия кіріп – Ата ешқайда кетпейсіз. Мен бүгін бақыттымын. Бір емес екі аталы болдым. Сіз үшін жеке қазан көтермейміз ғой. Бәрі жеткілікті. Мына немерелеріңізге қарайсыздар. Көрдіңіздер ғой, жаңа Самат екі атам бар деп қуанып кетті... Міне, сол күннен бері олар бір отбасы болып өмір сүріп жатыр. Тек Естай ғана түнімен көз ілмей шығады. Жастық шақта адасқанын, қателескенін ойлап, қатты өкінеді. Әйелінің мұны өмір бойы сүйіп өткенін білгенде қатты қиналып өзін-өзі жерден алып, жерге салады. Жаратқаннан «Менің қателігімді ешкім қайталамаса екен, адаспаса екен» деп тіледі.
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді