Тарихи тұлғалар өнегесі

Тарихи тұлғалар өнегесі
ашық дереккөз
Тарихи тұлғалар өнегесі

Шу ауданындағы «Ақ жайлау» демалыс орнында Қазақстан Республикасы Судьялар одағы облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Ұлттық сана жаңғыруы және тарихи тұлғалар өнегесі» тақырыбында республикалық ғылыми конференция өтті. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын талқылау шеңберінде өткен жиынға облыстық соттың төрағасы Рүстем Алшынбаев, Шу ауданының әкімі Қайрат Досаев, аудандық және оған теңестірілген соттың төрағалары мен еліміздегі бірқатар жоғары оқу орындарының профессорлары қатысты. Бұл конференцияның киелі Шу өңірінде өтуінің өзі тарихи тағылымға толы екенін айта кету керек. Себебі, қазақ хандығының тұңғыш туы тігіліп, ұлттық сананың жаңғыруы да ең алғаш осы өңірден бастау алған. Міне, осыған байланысты еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған зиялы қауым өкілдері тарихқа көз жүгіртіп, Елбасының мақаласында айтылған ұсыныстарды жүзеге асыру мақсатында ел тағдырына әсер еткен тарихи тұлғалардың өнегесіне тоқталып, өз ойларын ортаға салды. Келген қонақтар конференцияны бастамас бұрын аудан орталығында орналасқан Төле би бабаның ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, аудандық өлкетану мұражайының жәдігерлерімен танысты. Шу өзенінің сағасындағы ашық аспан астында өткен басқосуды Тараз қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы Думан Болатұлы ашып, аудан әкімі Қайрат Әскербекұлына ғылыми конференцияның жоғары дәрежеде өтуіне атсалысқаны үшін алғысын білдірді. Жиында алғашқылардың бірі болып сөз алған облыстық соттың төрағасы Рүстем Алшынбаев өз ойын Елбасының бағдарламалық мақаласында айтылған бірқатар мәселелермен сабақтастырды. Одан кейін облыстағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы, заң ғылымдарының кандидаты Айгүл Маликова Елбасы мақаласының артықшылықтарын көрсете отырып, «Мәңгілік Ел болу жолындағы рухани жаңғырудың бүгіні мен ертеңі» деген тақырыпта баяндама жасады. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Философия» кафедрасының доценті, философия ғылымдарының кандидаты Лесхан Асқар тарихи тұлғалардың ел тарихына қосқан үлесі туралы баяндаса, облысымызға белгілі журналист, мұрағатшы Мақұлбек Рысдәулет «Мөр – тарих таңбасы» атты тақырыпта сүбелі әңгіме өрбітті. Ал, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің «Құқық» кафедрасының меңгерушісі Бақытжан Қуандықов облыстық соттың төрағасына қарата айтқан сөзінде «Сот жүйесіне өзгерістер енгізіп, жеңіл қылмыстарды шешетін сотқа дейінгі алқа билер кеңесін құру керек» деген ұсынысын білдірді. Өз кезегінде модератор Думан Мәуленов конференция барысында талқыланған мәселелердің барлығы түгелдей ескеріліп, арнайы жинаққа енгізілетіндігін жеткізді. Конференцияда сөйлеген өзге де баяндамашылардың ой-пікірлері кез келген халықтың қуаты оның бірлігінде екенін айғақтайды. Сондай-ақ, бүгінгі ұлттық сананың жаңғыруы тарихи тұлғалардың өнегесі арқылы жүзеге асып, еліміздегі бірегейлік пен біртектіліктің қайталанбас моделін қалыптастыруда орасан зор маңызға ие. Біздің артықшылығымыз да, күшіміз де – біртұтастығымызда. Сондықтан, осы бір азаматтық қағидаттарды одан әрі нығайту Елбасы мақаласындағы идеяларға негізделуі тиіс деген пайымдар да айтылды. Басқосу соңында конференцияға қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтар мен ұсыныстар жан-жақты талқыланып, тиісінше, облыстық соттың алдағы уақытта өткізетін іс-шаралар жоспарына сәйкес бірқатар қаулылар қабылданды. Сонымен қатар, сот қызметкерлері мен судьяларының арасында өткен «Ұлы Дала – жыр арқауы» мүшәйрасының жеңімпазы атанған Жамбыл облыстық ювеналды сотының жетекші маманы Бағлан Ерболұлы марапатталса, жиында белсенділік танытқан бірқатар қатысушыларға облыстық соттың төрағасы Рүстем Мырзакәрімұлы Алғыс хаттарын табыс етті.

Шу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар