«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ауылдағы Жедел жәрдем қызметі

Ауылдағы Жедел  жәрдем қызметі
ашық дереккөз
Ауылдағы Жедел жәрдем қызметі

Бүгінде елімізде жедел медициналық қызметтер жетілдірілу үстінде. Күні кеше ғана денсаулық және әлеуметтік даму министрлігінің тұрғындарға осынау қызмет түрінің сараланған тәсілін ұсынғаны да белгілі. Осыған байланысты ендігі жерде жедел шақыртулар аурудың белгілеріне қарай оңтайландырылып, төрт санат бойынша топтастырылатын болады. Бұл жаңашылдық шұғыл көмек көрсетудің үш кезеңі арқылы госпитальға дейінгі өлім-жітім деңгейін төмендетуге бағытталған. Қазір жедел жәрдем бригадалары диспетчермен рация арқылы тікелей байланысады. Ол үнемі тиімді бола бермейді. Биылғы жылы Астанада медициналық ұйымдарда телефон байланыстарын сандық жүйеге көшіру жөніндегі қанатқақты жобаны іске қосу жоспарлануда. Әрине, мұндай жаңашылдық ауылдарға әзірге жете қойған жоқ. Дегенмен аудандағы Ойық ауылдық амбулаториясы базасынан биылғы ақпан айында жедел жәрдем бригадасы ашылып, жұмыс істей бастағаны тұрғындар үшін үлкен қуаныш болды. Шын мәнінде де ауылдықтар аудан орталығы – Қаратау қаласындағы заманауи медициналық әлеуетке ие орталық ауруханаға барып қаралып, көріну үшін де едәуір уақыт жұмсайды әрі жол да қашық. Былтыр облыс әкімі К. Көкірекбаев ауданда жұмыс сапарымен барған кезінде тұрғындар бұл жөнінде де баса айтқан болатын. Енді олар осы істі оңтайландыру мақсатында дүниеге келген жаңа құрылым қызметінің игілігін де көріп отыр. Аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Сәкен Садық аталған бригаданың штаттық кестесінде 15 бірлік қарастырылғанын, оның ішінде 10-ы орта буын медициналық қызметкерлер (фельдшер, диспетчер), 5-еуі жүргізушілер екенін айтады. «Бұл қызмет түрі бойынша айына орта есеппен 110 шақырту түсуде», дейді ол. Сәл кейіндеу ауылдағы жедел жәрдем бригадасының диспетчері Гүлшат Сүгірбаеваға хабарласып, жұмыс жағдайын сұрап білдік. Оның айтуынша, құрылым аудан орталығынан 100 шақырым қашықтықтағы аумақта орналасқан Ойық, Бөлтірік, Көшек, Бостандық, С. Шәкіров, Аққұм секілді 6 ауыл мен 7 бөлімшенің тұрғындарына күн, түн деместен алғашқы медициналық көмек түрлерін ұсынумен келеді екен. Шақырту ең алдымен диспетчерлік қызметте тіркеледі. Аудандық ауруханамен арада және өзара рациялық байланыс орнатылған. Бригадаға бекітіліп берілген заманауи медициналық құрылғылармен арнайы жарақтандырылған медициналық жедел жәрдем көлігі шақырту түсісімен-ақ, жолға шығады. Мамандандырылған медициналық көмек қажет болған жағдайда ауылдық амбулаторияға жеткізілген науқас дайын тұрған екінші бір көлікпен уақыт ұттырмай аудан орталығына жөнелтіледі. «Аумақта тұратын тұрғындар саны 8 мыңнан астам. Оларға шұғыл медициналық көмек көрсету ісі тиімді үйлестіріліп те отыр», дейді Сәкен Жүсіпұлы. Аумақ тұрғындары Ойық жедел жәрдем бригадасының қызметіне дән риза, әсіресе, фельдшерлер Айдана Ұзақбаеваға, Нұркелді Беркінбаевқа, диспетчерлер Назгүл Елеуқұловаға, Аяулым Нұриддинге, ауысыммен көлік жүргізетін Шалабек Әйнековке, Серік Нұрхановқа, Тұрмахан Таңжарықовқа, Бақыт Рысқұлбековке, Серік Бектасовқа, тағы басқаларына айтар алғыстары ерекше. Осылайша, алғашқы медициналық жәрдем қызметі ауылда да желісін кеңге жаю үстінде.

Баймаханбет АХМЕТ, «Ақ жол».

Ойық ауылы, Талас ауданы.

Ұқсас жаңалықтар