Дерекке сүйенсек, отандық медицина саласында 500-ге жуық маман жетіспейді екен. Әсіресе, дәрігерлер тапшылығы ауыл-аймақта байқалады. Осы мәселенің шешімін табу үшін Денсаулық сақтау министрлігі жоғары оқу орындарында жетіспейтін мамандарға грант көп бөліп, мәселені түбегейлі шешуді көздеп отыр. Ал біздің өңірде кадрға деген сұраныс қалай қанағаттандырылуда? Осы және денсаулық сақтау саласындағы түйткілдер туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаевтан сұраған едік. – Бұл өте өзекті мәселе. Дегенмен, осы бағытта қарқынды жұмыс жүргізіліп жатыр. Соның арқасында облыста жыл сайын дәрігерлер саны артып келеді. Мәселен, былтыр 2796 дәрігер жұмыс істесе, биыл жоғары білімді мамандар саны 2841-ге жетті. Тұрғындарды дәрігермен қамту көрсеткіші 10 мың адамға шаққанда 25,1-ден 25,5-ке дейін өсті. Ал орта буынды медицина қызметкерлерімен жасақтау көрсеткіші – 95,4-ті (2016 жылы – 89,9) құрайды. Біз басқарманың және өңірдегі емдеу мекемелерінің жұмысын үйлестіруде негізінен ана мен бала денсаулығын қорғауға, аналар мен нәрестелік өлімді төмендетуге, әлеуметтік мәні бар ауруларға қарсы күресті күшейтуге, материалдық техникалық базаны нығайту және денсаулық сақтау жүйесін басқару ісін жетілдіруге басымдық беріп отырмыз. Сондықтан облыстағы 406 медициналық мекеме осы бағыттағы жұмыстарға баса көңіл бөледі. Өңірдегі емдеу мекемелерінің 30-ы аурухана, 138-і амбулаториялық-емханалық ұйымдар екенін айта кету керек. Жүйелі жүргізілген жұмыстардың арқасында соңғы 3 жылда облыста өлім көрсеткіші 1000 адамға шаққанда 6,86-дан 4-ке дейін төмендеді. 2016 жылы күтілетін өмір сүру ұзақтығы – 72,1 жасты құрады (2014 жылы – 71,16). Бұл – медициналық көмектің қолжетімділігінің нәтижесі. – Көп мәселе кадрға байланысты екені белгілі, маман тапшылығымен қатар дәрігерлердің біліктілігін арттыру да күн тәртібінен түспейтін өзекті жайт. Бұл бағытта облыста қандай жұмыстар атқарылуда? – «Денсаулық» бағдарламасы шеңберінде 5 Жол картасы қабылданып, жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын инфаркт, инсультке және обыр ауруларына қарсы, жол апатынан және басқа да жарақат алған кезде, босандыру шараларында көрсетілетін дәрігерлік көмектің жаңа моделі жасалды. Ана мен бала өлімін азайту үшін біз дәрігерлеріміз бен орта буын медицина қызметкерлерін Литваға және Астанаға оқуға жібердік. Жалпы, бүгінге дейін 130 маман оқытылды. Үш дәрігер жарақат алған кезде көрсетілетін қызметтің жаңа әдістемелерін үйреніп келсе, 40 қызметкер ұлттық нейрохирургиялық орталықта біліктіліктерін арттырды. Бұл жұмыс жылдан-жылға жақсарып, өз нәтижесін беруде. Алыс-жақын шет елдерден келген білікті мамандар да өзекті тақырыптарда тәжірибе алмасып, шеберлік сыныптары мен семинар-тренингтер өткізіп, бұл істе бізге көп көмек көрсетіп отыр. – Қазіргі талап – дәрігерлік көмекті қолжетімді ету және сапасын арттыру. Облыста қанша емдеу мекемесі жамбылдықтар үшін жоғары медициналық қызмет ұсына алады? – Жоспарлы шараларды жүзеге асырудың нәтижесінде бүгінде шалғайдағы ауыл тұрғындарына да мамандандырылған медициналық көмек көрсету қолжетімді бола бастады. Бұған осы мақсатта құрылған санитарлық авиация қызметі үлкен септігін тигізіп отыр. Бүгінде бұл қызметке жүгінушілер де артып келеді. Мәселен, былтыр санавиацияға 1289 рет шақырту жасалған. Сапа – емдеу мекемесінің материалдық жабдықталуы мен білікті кадрға байланысты. Былтыр республикалық және облыстық бюджет есебінен бөлінген 1 454,5 миллион теңге көлеміндегі қаржыға Талас ауданы Қаратау қаласындағы және Меркі ауданы Меркі ауылындағы бір ауысымда 250 келушіге арналған аудандық орталық емхана құрылыстары салынып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар, Байзақ ауданы Бурыл ауылында – 40, Сарысу ауданы Жайылма ауылында – 20 келушіге арналған дәрігерлік амбулаториялар, Талас ауданы С.Шәкіров ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт және Мойынқұм ауданы Қияқты бекетінде медициналық пункт салынды. Сондай-ақ 25 медициналық мекемеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазір емдеу мекемелерінде инновациялық технологиялар кеңінен қолданылады. Тараз қаласында жамбылдықтарға облыстық аурухананың кардиология бөлімшесі, «Кардиохирургия және трансплантология ғылыми орталығы» мен «Жүрек» жеке меншік клиникалары тәулік бойы кардиологиялық және кардиохирургиялық көмек көрсетеді. Бұл мекемелер жүрек қан-тамыр ауруларынан болатын өлім-жітімді төмендетуге үлкен үлес қосып келеді. Облыста 2011 жылы небәрі 6 ұйым ғана жоғары технологиялық медициналық көмек көрсететін болса, былтыр олардың саны 12-ге жетті. Алты жыл бұрын жарақат бөлімдерінде және хирургиялық, нейрохирургиялық, кардиохирургиялық, жалпыхирургиялық, урологиялық бағытта 830 емделушіге қызмет ұсынылса, былтыр 2133 науқасқа ота жасалған. 2015 жылы облыстық балалар ауруханасында Karl Storz. компаниясының эндоскопиялық құрылғысымен жабдықталған OR1® интеграциялық операциялық залы ашылды. Бүгінге дейін осы залда жасалған оталардың саны 191-ді құрап отыр.
Түйін: Мемлекетіміз халық денсаулығын жақсартуға барынша көңіл бөліп келеді. Дені сау ұлт – ел тірегі. Сондықтан медицина қызметкерлеріне зор жауапкершілік жүктеледі. Күн демей, түн демей кісі өмірін сақтап қалуға ұмтылатын ақ желеңді абзал жандардың атқаратын жұмысы да ауыр.
Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді