Былтырғы теп-тегіс жол, биыл... ой, шұңқырға айналыпты

Былтырғы теп-тегіс жол,  биыл... ой, шұңқырға айналыпты
ашық дереккөз
Былтырғы теп-тегіс жол, биыл... ой, шұңқырға айналыпты
Жаңатасқа бармағалы жылға жақындап қалыпты. Сәуір айының алғашқы аптасының соңғы жұмыс күні қас қарая жолға шықтық. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автожолы бойымен зулап барып, «Күйік» асуына бір шақырымдай қалғанда бұрылып, бұрынғы жолға түстік. Құдай сақтасын, былтыр ғана теп-тегіс жолыңның тас-талқаны шығыпты. Пәлен тонналық жүк көліктеріңіз осы жолмен өтуде. Жолдың «обалына» қалған осы алып техника мен үздіксіз жауған жауын-шашын-ау деп қоямын іштей. Бір шақырымдық жолды бір тоқтап, бір жүріп, жарты сағатқа жуық әрең жүріп өттік-ау. Оңға бұрылып, тақтайдай тегіс жолға түстік. Сонау кеңес заманынан бері жөндеу көрмек түгілі көлік доңғалағы тие бермейтін апатты жол ана жылы облыс басшылығының пәрменімен күрделі жөндеуден өткен. Жиырма шақты шақырым болатын жолдың бір жері кертілмегеніне, торғайдың ұясындай да шұңқыр кездеспегеніне қарап, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген мердігер мекеме жұмысшылары мен басшыларына алғысты жаудырып қоямын. Қуаныш ұзаққа бармады. «Қаратау – Жаңатас» бағытындағы жолға түскеніміз сол еді, зулап келе жатқан жеңіл көлігіміз қайтадан жүрісінен жаңылып, оңға бір, солға бір бұлғақтай бастады. Қара қазандай ойылып қалған шұңқыр көп. Рульді тізгіндеген балаң жігіт алға жіті көз салып, сергек отыр, әйтеуір. Сарысу ауданының шекарасына енгеннен соң ғана барып жол азабынан құтылып, «уһ» дестік. Жаңатасқа емес, ертегі елінің таңғажайып қаласына келе жатқандай күй кештік. Тақтайдай тегіс жолмен жүйткіп отырып, көзді ашып-жұмғанша шаһарға да жетіп келдік. Қайтарда да сол көрініс. Тек, анау «Күйік» маңындағы қол созым жер болмаса...

Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».

 

Ұқсас жаңалықтар