Ауыл ажарлы, дихан базарлы болсын

Ауыл ажарлы, дихан базарлы болсын
ашық дереккөз
Ауыл ажарлы, дихан базарлы болсын

Байзақ ауданының әкімі Рахматілдә Рахманбердиев ауылдардың тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында Дихан және Түймекент ауылдық округтерінде болып, ауыл қарияларымен өткен кездесуде  соңғы екі жылда қант қызылшасын өсіруге облыс, аудан басшылығы тарапынан ерекше назар аударылып отырғанын атап көрсетті.

Тәтті түбір еккен шаруа қауымының жеткен жетістіктерін айтып, ағымдағы жылы да аудан аумағында қант қызылшасын егуге басымдық берілетінін жеткізді. Сонымен қатар ұсақталып кеткен шаруа қожалықтарын ірілендіру арқылы ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру, оларға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар, пайдаланылмай жатқан бос жерлерді мемлекет меншігіне қайтару немесе оларды тиімді пайдалану жұмыстарын атқару, суармалы егістіктерге арқа сүйей бермей, тәлімді жерлермен де жұмыс істеуді жандандыру туралы сөз қозғады. Осы басқосуда аудан әкімі міндетті әлеуметтік сақтандыру мәселесіне де көңіл аударды. Ауылдық округ әкімдері мен ақсақалдар алқасы мүшелерін бірлесе жұмыс атқарып, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге және көктемгі тазалық айлығына біркісідей атсалысуға шақырды. Өз кезегінде ауыл тұрғындары да көкейлерінде жүрген баршаға ортақ мәселелерді ортаға салды. Қариялардың көтерген мәселелеріне қатысты нақты жауаптар берілді. Ауыл ақсақалдары аудан басшысының жұмысына сәттілік тілеп, баталарын берді. Дихан ауылдық округіне қарасты Аймантөбе, Дихан, Жеңіс, Түймекент ауылдық округтеріндегі Түймекент және Ақжар ауылдарындағы әлеуметтік нысандарда болып, олардың атқарып жатқан жұмыстарымен жіті танысты. Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет саласы нысандарының материалдық-техникалық жабдықталуы, орта мектептер мен балабақшалардағы жылу қазандықтарының жұмысы, көше тазалығы мен түнгі жарықтандырылуы аудан басшысының назарынан тыс қалмады. Аталмыш нысандарды аралау кезінде бірқатар сын-ескертпелер берді.

Мұхтар МАНЕКЕЕВ, журналист.

Байзақ ауданы.

Ұқсас жаңалықтар