Ұлы Жібек жолы бойындағы Тараз – еліміздегі ең ежелгі шаһарлардың бірі. Әлемдегі ұлы қалалармен де тағдырлас. Ол мыңдаған жыл бойы талай тарихи тағдырдың куәсі болды. Сол бай тарихы бар қалада тұрып, ұрпақтарымызды өсіріп-жетілдіріп, қызмет етіп, еңбегімізбен ел экономикасын арттыруға өз үлесімізді қосып жүргенімізді мақтаныш етеміз. Қала тұрғындары да басқа өңірлердегіден айрықша қонақжайлығымен, аңқылдаған ақ пейілімен, таза да шынайы ой-пікірлерімен де ерекшеленеді. Қайда жүрсек те, ол ойымыздан шықпайды, түсімізге де кіреді. Бұл туған қаламызға деген сүйіспеншілігімізден, махаббатымыздан болар. Тараз жыл сайын жайнап, тотыдайын таранып, сұлудайын сыланып, көркейе түсуде.Тек соңғы он жылдың өзінде «Астана», «Бәйтерек» шағын аудандары, ҚР Тұңғыш Президенті атындағы саябақ, «Тараз-Арена» спорт сарайы, Көне Тараз мұражайы мен Достық үйі қала көркіне көрік қосты. Жәнібек пен Керей хандар, Төле би, Балуан Шолақ ескерткіштері мен «Қазақ елі» монументі, халықаралық «Әулиеата» әуежайының жаңа ғимараты сәулетіміздің сәніне сән қосты. Достық алаңы мен орталық көшелер жаңғыртылды. Бірқатар жаңа гүлзарлар пайда болып, жол жиектері әсем гүлдермен көмкерілді. Тізе берсе, тіпті көп-ақ. Бұл бізді қуантады әрі көңілімізде түрлі ойлар туындатады. Бір қарағанда, біздің қаламыз көкжелегімен көмкеріліп тұрған, көшелері таза, саялы шаһар болып көрінеді. Шыны да сол. Қала климаты жанға жайлы, ауа райы жылы, табиғаты көркем оңтүстік өңірде орналасқан. Су да тапшы емес, қала көшелерін Талас өзенінен тармақталған бірнеше каналдар кесіп өтеді. Міне, осы ағын сулар ұсынықтылықпен тиімді пайдаланылар болса, бұдан әлденеше артық нәтижеге қол жеткізуге болады. Сәулет, бұл – құрылысты жобалау, салу, оған көркемдік бейне беру өнері, архитектура ғылымы мен өнердің бір ендікте тоғысуы ғой. Ал біздің облыс орталығында кейбір әлеуметтік нысандар жаттанды, таптаурын үлгіде салынуда. Сәулет өнерінің үздік үлгілері, жаңа ұлттық нақыш-өрнектер болса дейсің. «Астана», «Бәйтерек» шағын аудандарындағы ғимараттар неге қызыға, сүйсіне қарарлық келбет-айшыққа ие емес. №13-шағын аудандағы көппәтерлі үйлер ығы-жығы орналасқан. Базбірінде балкон, лоджия дегенің атымен жоқ, тоқал ешкінің сымпиған кейпіндей тұрқынан көз ұялады. Көп қабатты тұрғын үйлердің сыртқы сәулеттік келбеті, сапасы сонау кеңестік кезеңнен бері үзілмей жалғасып келе жатқан «әйтеуір үй салсақ болды» деген немқұрайлылықтың «жемісі» секілді көзге ұрып тұр. Қолынан келгендер «қонышынан» басып, «бос жатқан жер» деп скверлер мен балалар ойнайтын алаңдарға дейін иемденіп, зәулім үйлер салып жатқаны анау. Қаланың онсыз да енсіз көшелерін одан сайын тарылтып, бұрынғы ескі ғимараттар бүйірлерінен қосамжарлап дүкен, дәмхана, дәріханаларды «балалатып» жатқандар да жеке бастарының жайын ойлаудан әріге барып жатқан жоқ. Сонда қаланың сәулеттік келбет-айшығы кімді толғантуы тиіс? Неге архитектуралық пішімге ие заманауи үлгідегі зәулім ғимараттар салмасқа? Қала сәулетшілерінің қабілеті, біліктілігі, қиял-фантазиясы оған жетпей ме? Әлде біреулер олардың қолын байлап, негізгі істеріне кедергі жасап, аяқтарынан шалып отыр ма? Олар мына қатар жатқан Алматы, Шымкент қалаларының қазіргі сәулетіне көңіл аударып, әсем, көрікті ғимараттар, үйлер құрылысын жоспарлап, оны құрылысшылармен біріге салып, қала келбетін көріктендіре түсуге неге ықыласты емес? Мысалы, Шымқаланың кіреберісіндегі жаңартылған демалыс аймағы мен оның Қонаев көшесі бойындағы көзтартар көп қабатты әдемі ғимараттары қандай керемет, шіркін! Осыларды көріп, танысқанымызда, ішіміздің қыж-қыж қайнайтыны рас. Ол заңды да. Өйткені, әркім өз қаласының, өз өңірінің патриоты. Тіпті, жай ғана «Итің жаман екен» деген сөздің өзі намысымызға тимей ме? Әр қаланың өсу, даму бас жоспары бар екені белгілі. Біздің Тараз қаласының бас жоспары бекітілгенде, комиссия мүшелері неге қала келбетіне көрік беретін әсем ғимараттар салуды талап етпеген? Енді таяу жылдарда жаңа №15- шағын аудан автовокзал мен Талас өзені арасындағы алқапта бой көтереді деп күтілуде. Осыған байланысты Таласты екі-үш жерден «байлап», бөгет орнатып, өзен жағасын Астана, Өскемен, Семей, Павлодар қалаларындағы жағажайлар сияқты бетондап, гранит тастармен әрлеп, абаттандырып, қала халқы бір мезгіл серуен құратын, демалатын аймаққа неге айналдырмасқа? Тіпті, онда жаз айларында қайықтар мен су велосипедтерімен жүзетін айдын-бассейн жасаудың да мүмкіндігі бар емес пе? Сонда жаздың аптап ыстығында демалушылар өзен жағасына барып, бір сергіп қалар еді. Ал осыдан он шақты жыл бұрын қыруар қаржы жұмсалып, іске қосылған «Зербұлақ» көлінің бүгінде кісі көп жиналатын жайлы мекенге айналып жарытпағанының куәсіміз. «Қалауын тапса, қар жанар» демейтін бе еді бабаларымыз. Ендеше, табиғат сыйы Талас өзенін қаламыздың сәулеті мен көркі үшін пайдалансақ, оның несі жаман? Тек, көпшіліктің қолдауы мен ниеті керек, басшылардың ынтасы қажет. Соңғы жылдары бойынан мол оттегі бөлетін жасыл ағаштардың орынсыз оталып, гүлзарлар орнынан бой көтерген мейрамханалар, дәмханалар, қонақ үйлер мен техникалық қызмет көрсету орындары саңырауқұлақтай қаптап бара жатқаны көңіл қабаржытады. Бұрын шағын аудандар аралықтарына арнайы скверлер орнатылып, көшелер ортасында кең жолақтар қалдырылып, оларға ағаштар егу дәстүрі бар еді. Сыртқа шыққан адамның тынысы кеңейіп, тал-дарақтар қалаға көрік беріп тұратын. Қала ішіндегі каналдар мен арықтар мезгіл-мезгіл тазартылып, егілген жас көшеттер дер кезінде суарылып отыратын. Ал қазір керісінше, қала ішіндегі жасыл желек көлемі азайып, «өкпесі» қысылып, қала тұншығып барады. Кең жерді неге қолдан тарылтамыз? Жөн-жосықсыз жыпырлата салып қала ішін сәулеттік келбет-айшығы сүреңсіз ғимараттармен толтыра бергеннен ұтарымыз не? Қала орталығындағы Қ.Рысқұлбеков саябағы сырт көзге иесіз қалғандай әсер қалдырады. Жеңіс саябағының да қала тұрғындары көңілінен шығып жатқаны шамалы. Ал жаңа шағын аудандарда саябақ, сквер салу мүлдем жоспарланбаған сияқты. Мойындауымыз керек, бізде әлі бейжайлық, немқұрайдылық басым. Мұнан да сорақысы, көше бойындағы базбір ғимараттар мен үйлер иелері көпшілікке арналған аяқжолды (тротуар) өз иеліктеріне айналдырып жібергеніне кім жауапты? Дәлел үшін алысқа бармай-ақ Әйтеке би, №37 және Қолбасшы Қойгелді, №115 үйлерінің иелері үй тұсындағы аяқжолдарды қоршап алып, жаяу жүргіншілердің жолын бөгеп тастаған. Осындай мысалдарды әрбір көше бойынан табуға болады. Бұл жай назарынан қалай тыс қалып қойған? Көптеген тойханалардың жанында автотұрақтары болмауынан, негізгі көшені тарылтып, көлік қозғалысына едәуір кедергі жасап жатқаны тағы бар. Тойхана және басқа да ғимарат салу жобасын бекіткенде қаланың бас сәулетші-архитекторы мұны неге ойламайды? Әлде оның құзыреті жетпей ме? Мүлдем түсініксіз жай. Неге ертеңгі күнімізді ойламаймыз? Осыдан шығады, біз тамақ ішіп, тостаған босатып қана жүрген сияқтымыз. Кейбір дереккөздеріне қарағанда, қаладағы тойхана мен мейрамханаларымыздың саны 300-ден асады екен. Бір ғана көшенің бойында 15 дәмхана, тойхана, кәуапхана мен сырахана бар. Басқа көшелер де олардан кенде емес. «Бизнеске жол ашық, қолдау бар» деп қаламыздың бизнесін тек тамақтандыру, ішімдік ішу ісіне бағыттап жүргеніміз ұяттау емес пе? Ойланайықшы... Тараз қаласы үшін басқа кәсіп жат па? Неге басқа өңірдегі кәсіпкерлер секілді халыққа қажетті тауарлар өндірісін дамытуды қолға алмаймыз? Біздің кәсіпкерлердің оған білім-білігі, іскерлігі жетпей ме? Қаламыздың төңірегіндегі табиғаттың берген жер релефін де тиімді пайдаланып жүрмегенімізді мойындауымыз керек. Мысалы, қаламыздың тау беткейіндегі Тектұрмас қыратын Алматыдағы «Көктөбе» сияқты демалыс аймағына айналдыруға неге болмайды? Тектұрмастың етегінде ағып жатқан Талас өзенінен су тартып, кыратты көгеріштендіріп, жасыл ағаштар отырғызып, арнайы панорамалық алаң жасап, ұлттық тағамдармен, шұбат, қымыз сияқты сусындармен қарсы алатын тамақтандыру орнын ашып, сырттан келген қонақтарға қаламыздың келбетін биіктен тамашалауға мүмкіндік жасау соншалықты қиын жұмыс емес қой! Әрине, бәрі де айтуға оңай. Дегенмен, біз айтқан ой-пікір, ұсыныстарды көзі ашық, көкірегі ояу, талғамы биік, бойында намысы мол басшыларымыз қолдайды деген ойдамыз.
Сағындық ОРДАБЕКОВ, дәрігер-хирург, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді