Балабақшадағы әр күн бақыт ты

Балабақшадағы әр күн  бақыт ты
ашық дереккөз
Балабақшадағы әр күн бақыт ты

Әз-Наурыз мерекесін өңірдегі барлық өнер ордалары мен оқу орындары, әрбір мекеме ерекше атап өтуді дәстүрге айналдырған. Оған қалалық білім бөлімінің №21 балабақшасында өткен мерекелік шарада тағы бір көз жеткізгендей болдық. Балабақша ауласы шағын қазақ ауылына айналғандай. Сары самаурын, қара қазанның буы бұрқырап, жеті түрлі дәмнен құралған «Наурыз көженің» аңқыған иісі еріксіз осындай ойға қалдырады. Балабақша қызметкерлерінің түгелдей атсалысуымен әр бөлімдердің өзара ұйымшылдығымен «Төле би», «Қазыбек би» және «Әйтеке би» деп аталатын шағын ауылдар құрылып, ақ дастархан жайылыпты. Алдымен шағын концерттік бағдарлама қойылып, онда бүлдіршіндер өнер көрсетіп, қошеметке бөленді. Түрлі ұлттардың биі биленіп, әні шырқалды. Қыдыр ата келіп, ақ батасын берді. Өнерлі тәрбиеленушілер мен оларды дайындаған Эльвира Дюкова, Оксана Ковикова, Зарина Шойбекова шараға арнайы келген ата-аналар мен көрермендердің ризашылығына кенелді. Бұдан соң балабақша меңгерушісі Әмина Сәттібаева қонақтарды, ата-аналарды үш бидің есімімен аталған шағын ауылдарды аралатты. Әр ауылдың тұрғындары қазақтың ұлттық салт-дәстүрлерін көрсетіп, ән-жырдан шашу шашты. – Менің немеремнің аты Бауыржан-Момыш. Атақты батыр Баукеңнің құрметіне орай атасы солай деп қойды. Осы балабақшада 12-топта тәрбиеленеді. Немереміздің күтімі жақсы. Тәрбиешілер жақсы қарайды. Бұл балабақша басшылығының ұқыптылығы мен балаларға деген қамқорлығының әсері деп білемін. Әр мереке сайын кішкентайымыздың қызығын бөлісу үшін келіп, тамаша әсерде қайтамыз. Бүгін де сондай жақсы сезімдеміз, – дейді ата-ана Бибігүл Тілемісова. 7-топтың тәрбиеленушісі, кішкентай Катерина Малхосьянның анасы Елена Малхосьян да ойын бөлісіп, балабақша ұжымына ризашылығын білдіріп, Наурыз мерекесімен құттықтап жатты. Бүлдіршіндердің ыстық ұясы осылай жыл басы Наурызды қошеметпен қарсы алып, айналасын шат күлкіге бөледі.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар