Аймағымыздағы Адамзатқа ортақ құндылықтар немесе ЮНЕСКО-ның тізіміне енген өңіріміздегі 5 тарихи нысан

Аймағымыздағы  Адамзатқа  ортақ  құндылықтар   немесе ЮНЕСКО-ның тізіміне енген өңіріміздегі 5 тарихи нысан
ашық дереккөз
Аймағымыздағы Адамзатқа ортақ құндылықтар немесе ЮНЕСКО-ның тізіміне енген өңіріміздегі 5 тарихи нысан

Жаңғырған әлемнің жаңа бейнесі де тарихтың шежіресіне еніп үлгерді. Бүгінде бұрынғы дәуірлердің әлеуметтік-әлеуеттік, моральдық-психологиялық, ұлттық-ұлыстық дәрегейі болған құндылықтар да, уақыттың, замананың ырқына орай жаңа сипат, жаңа реңкіне бөленіп, әлемнің әріне әр қосып тұрғанын байқаймыз. Тарихи мұралар тәліміне тәу етіп, жұлдызды жәдігерлердің жүзінен ұлттық тарихнамалардың толымды іздерін іздеген адамзат санасына XX ғасырда тым жайлы да, жөргем толас берген жаңалық – БҰҰ-ның «Ғылым, Білім және Мәдениет жөніндегі» арнайы бөлімшесі «ЮНЕСКО» айдарымен адамзатқа ортақ отаудың шаңырақ көтеруі болғаны баршаға аян. «ЮНЕСКО» өзі шаңырақ көтерген 1945 жылғы қараша айының 16 жұлдызынан бастап осынау үш саланың – білім, ғылым және мәдениет салаларының әлемдік деңгейін бағамдап, жалпы адамзатқа ортақ құндылықтар санатына жататын жәдігерлерді арнайы тізімге алып, олардың қазіргі озық технология, жылдам ақпарат, ғылыми жетістіктер жемісінің жағдайындағы жай-күйін жіті бақылап отыратын деңгейге дейінгі жолдан өтті. Тәуелсіздікке дейін ұлы тарих, өркенді өркениет отаны Қазақ даласындағы ерте дәуірлерден жеткен бірде-бір нысан, бірде-бір мәдени дәстүр аталған тізімге ене алмады. Сайын далада самсаған, кертартпа ғылымсымақ «еуроцентризм» (бар жақсыны Еуропаға телу) «елегінен» өте алмай «өкпесі деміккен» құндылықтарымыздың тынысы тек ұлт тәуелсіздігінің таңғы самалының арқасында ғана кеңіді. Алдымен Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі (ХV ғ.), Жетісу жеріндегі түркі шеберлігінің шеңбері кең шырайлы нұсқасы, кертартпа «евроцентризм» «көшпенділер» деп ат қойып, айдар таққан алып этнос, адамзат өркениетіне үйретілген жылқы, ертоқым мен үзеңгі, алғаш темір қорытып, адамзатқа шалбар кигізіп («Хазрасп аңызы») үздік үлес қосқан ежелгі түркілер өнерінің айшықты нұсқасы «Таңбалы» (б.з.д. I ғ.- б.з.VI ғасыры) тас-галереясы (петроглифтері) енді. Сөйтіп аталмыш тізімге жаңағы сөз болған «еуроцентризм» елесі иектеген Ұлыбритания, Германия, Испания, Италия бастаған елдердің қатарына Қазақ елі де өзінің ғажайып мұраларымен қадам басты. Ал 2014 жылы ЮНЕСКО-ның Доха қаласында өткен 38-сессиясында адамзат өркениетінің асыл қазынасы тізіміне елімізден тағы да 8 жәдігер енді. Олар – Жетісу жеріндегі Талғар (Талхиз VI-XII ғ.ғ.), Қойлық (VII-XII ғ.ғ.) Қарамерген (VI-XI ғ.ғ.) қалалары және киелі Әулиеата-Тараз жеріндегі «Ақтөбе» (Баласағұн) (VI-XIIғ.ғ.), «Құлан» (VI-XIІIғ.ғ.), «Қостөбе» (VI-XIIғ.ғ.), «Өрнек» (VІІI-XIIғ.ғ.), «Ақыртас» (VIІ-VІIIғ.ғ.) қала-қоныстары болатын. Аталған қала-қоныстар ежелгі Түркі дәуірінен бүгінге жеткен жәдігерлер. Мысалы, Ақтөбе-Баласағұн қаласы кейбір тарихшылардың екіұдай пікіріне – бірі Қырғыз еліндегі «Қызылсу» («Борана» мұнарасы), бірі, жоқ, Жамбыл облысы Шу ауданындағы Ақтөбе қала-қонысы дегеніне қарамай, киелі мекеннің арғы-бергі тарихынан хабардар адам ретінде, Екінші, Үшінші Түрік қағанаттары дәуірінің әлеуетті қаласы, ортағасырлық Қарахандар империясының астанасы, атақты «Құтты білік» жазылып, Жүсіп Баласағұн ұзақ уақыт мекендеген Баласағұн қаласы осы Ақтөбе-Баласағұн қаласы екендігіне куәлік етеміз. Ұлттық тарихнамаға жүгінсек көп жақсының басында тұрған, әлемдік тарихнамаға «Шу-Талас аңғары» – дейтін арнайы Тараз болып енген мекеніміз, көптеген мемлекеттік құрылымдардың астанасы да болған. Мысалы, Шу аңғарында шаңырақ көтерген 7-8 хандықтардың бар екендігін бертінде қолға түскен тарихи жазбалар арқылы, бүгінде жақсы білеміз. Сондай қаланың біреуі Құлан жеріндегі ежелгі «Құлан» қаласы. Сонымен қатар археологтардың (Байпақов, Артистов, Бернштам) пайымдауларынша өлкеміздегі ең алғашқы мешіт үйі салынған «Өрнек» қаласы, іргесін Талас суы шайған «Қостөбе» мекені, Орталық Азияда теңдесі жоқ, құндылығы жағынан республикамыздағы №1 мұра «Ақыртас» қала-бекінісі ЮНЕСКО-ның «Жалпы адамзатқа ортақ құндылықтар» тізімінен ойып тұрып орын алған. Ендігі мәселе, осындай марапат биігіне көтерілген жәдігерлерімізге бүгінгі ұрпақ парызы есебінде қандай игі істерімізді арнап, бағыштап отырмыз, ата-баба аманатын қай деңгейде әспеттеп-әрлеп отырмыз? «Ақыртас» пен «Ақтөбе-Баласағұнда» ұзақ жылдар бойы археологиялық зерттеулер жүргізіліп, тарихи мұралардың тарихына жаңа беттер қосылуда. Бүгінде ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің туристік бағытына енген бұл қос қалаға апаратын көлік жолын салу ісі қолға алына бастады. Құрылысы өткен жылдың маусымында басталған «Ақыртас – Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тас жолы көрме уақтысына дейін аяқталады деп отырмыз. Кезекте «Құлан», «Өрнек», «Қостөбе» нысандарындағы жан-жақты ғылыми-археологиялық зерттеулер мен уақыт толқынынан, заманалар дауылынан аман қалған қабырғаларды қайтадан қалпына келтіру жұмысы тұр. Қалалар қоршалып, оларды қорғайтын арнайы күзет қызметі ұйымдастырылды. Қазір жазба деректер іздестіріліп, жүйеленуде. Қаржы мәселесі оң шешімін тауып жатқан жағдайда оларға археологиялық зерттеулер жүргізуге дайын отырмыз. Бір айта кетерлігі – жалпы тарихи мұраларға иелік ету бір ғана құрылымның, бір ғана мекеменің жұмысы емес, олардың тағдыры – бүкіл халықтың қолында.

Тәкен Молдақынов, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» қорық-музейінің директоры.

Ұқсас жаңалықтар