Кенен мұражайында ақын тұтынған 842 экспонат бар
Қордай өңірінде ән мен жырдың дүлдүлі Кенен Әзірбаевтың туғанына 130 жыл толуы мерейтойына дайындық жұмыстары қызу жүргізілуде.
Мерейтой аясында аудан елді мекендерінде, мәдениет ошақтарында әдеби кештер мен концерттік бағдарламалар, мектептерде ашық сабақтар, сондай-ақ, аудандық деңгейде мәдени-көпшілік іс-шаралары өтуде. «Тас түскен жеріне ауыр», кенендіктер де бұл іске айрықша дайындалуда. Ақын атындағы ауылда жақында ғана 600 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Ақын мұражайында – қарбалас жұмыс. Кенекең дүниеден өткеннен кейін артында қалған мол мұрасы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпеуі үшін, жеке өзіне арналып туған жерінен бейіті маңындағы саябақ аумағынан әдеби-мемориалдық мұражайы тұрғызылғаны белгілі. Оның құрылыс жұмыстары 1981 жылғы 14 сәуірде бітіп, кілті сол кездегі мұражай директоры, ақынның ұлы Көркемжан Кененұлына салтанатты түрде тапсырылған-ды. Арада өткен 33 жыл ішінде мұражай әлденеше мәрте жаңғыртылып, жаңартыла түсті. Айтулы тұлғаның 125 жылдық мерейтойы тұсында аудан, облыс басшыларының қолдау, көмек көрсетуінің арқасында күрделі жөндеуден өтті. Қазіргі таңда сән-салтанаты келіскен бұл мәдениет нысанына атбасын бұрушылар көп-ақ. – Мұнда ақын пайдаланған 842 бірлікті құрайтын экспонаттық бұйымдар қойылған. Ауылдың кіре берісінен мұражайға дейінгі аралықтағы жеті гектар аумақта желегі мол саябақ жайқала өсіп тұр. Оның негізін салудағы Көркемжан ағаның еңбегі айрықша. Мәдени нысанды әр жылдарда Бақытжан Кененұлы, Мергенбай Құттымбетов, Эльмира Байниязова, Мая Атшабаровалар басқарды. Олардың әр қайсысының мұражайда өз қолтаңбалары қалды, – дейді мұражайдың қазіргі басшысы Марат Оспанов. Мұражайды 2008-2009 жылдары күрделі жөндеу барысында оған қосымша әкімшілік ғимараты салынып, жылу жүйесі жүргізілген. Ауласына мың шаршы метр аумаққа тақтатас төселіпті. Мұражайды күтіп ұстау үшін 10 штаттық бірлік қарастырылып, барлық жағдайлар жасалған. Қазіргі таңда жалпы экспонаттар саны 3500 бірліктен асып жығылады. Жылына мұнда екі мыңнан астам адам келеді, екі жүзге жуық экскурсия өткізіледі. Мұражайға 1994 жылдың 15 тамызында Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтың жолы түсіп, өзінің қолтаңбасын қалдырып кеткені белгілі. Кенендіктер мұны да айрықша ілтипатпен еске алысады. Ақын мұражайына елімізге танымал мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, ақын-жазушылар, өнер майталмандары жиі атбасын бұрып тұрады. Мұнда Қаратай Тұрысов, Сағадат Нұрмағанбетов, Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов, Манаш Қозыбаев секілді айтулы тұлғалардың табан ізі қалған. Сонымен қатар, алыс және жақын шет мемлекеттерден де келіп-кетіп жатқан азаматтар қаншама?! Барлығы да қазақтың біртуар абызы Кенен атамыздың әруағына тағзым етіп, мұражайда сақтаулы тұрған тарихи жәдігерлер мен көрнектерді (экспонат) қызыға тамашалайды. Жәдігерлер демекші, мұнда Кенекеңнің әр жылдарда әдебиет, мәдениет, өнер саласындағы еңбегі үшін алған марапаттары, ескерткіш сыйлықтары, өмірі мен шығармашылық қызметінен сыр шертетін фотосуреттері, тұрмыста пайдаланған дүниелері, тұтынған заттары әспеттеліп қойылған. Мұражайдың негізгі мақсаты – көрнекті халық ақынының шығармашылық мұрасын зерттеу және насихаттау. Осы бағытта мәдениет қызметкерлері ғылыми-зерттеу, ғылыми-ағарту жұмыстарын да жүргізеді. Еліміздің ұлттық байлығы болып саналатын ақынның шығармашылық мұрасын жаңғырту, сақтау, зерттеу, насихаттау жұмыстары жалғаса бермек.
Жандос ОМАРОВ, журналист.
Қордай ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- Бүгін, 01:47
Президенттің балаларға ерекше құрметі
- Бүгін, 01:40
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді