Балаңызға батырлар жырын оқып бересіз бе?

Балаңызға батырлар жырын оқып бересіз бе?
ашық дереккөз
Балаңызға батырлар жырын оқып бересіз бе?

Жол түсіп ауылға бара қалсам, інім атасының тізесіне отыра қалып, «Ата-ау, өткендегі Қобыланды батыр жыры қалай аяқталушы еді? Айтып беріңізші», – деп мазалап отыр екен. Сосын атамыз ақ сақалын саусақтарымен салалап тарап алып: «Қара қыпшақ Қобыланды – Атасы мұның Тоқтарбай, Халықтан асқан болды бай...», – деп жырды қайтадан басынан бастайтын. Сосын інім өзін күні бойы Қобыланды батырға еліктеп, елдің амандығы, бүтіндігі үшін, отқа күйіп, суға батудан тайынбайтын ержүрек қаһарман сезініп, жауларымен «таяқ» қылышымен шайқасып жүретін... Кеш бата әжесінен: «Әже, мен Қобыланды батырға ұқсаймын ба? Ол қандай батыр болған? Айтып беріңізші» деп сүтке тойған қозыдай болып жататын... Араға апта салып інім екеуміз қалаға қайтамыз. Сосын інім «Қобыланды батырмен» қоштасып, қаладағы өзінің достары «Супермен», «Бен10» сынды қаһармандарымен қауышатын. Бұл тек менің інімнің басындағы жағдай емес, күллі қазақ қоғамындағы жас жеткіншектердің басындағы ахуал еді. Балаларға арналған әр шығарма болсын, ең негізгі көздеген мақсаты – тәрбиелік мәні болуы керек. Ал батырлар жыры сол тәрбиенің бастау көзі десек, артық айтқанымыз емес. Қаршадайынан халықтың батырлық жырларын сүйсіне тыңдап өскен әрбір жас еліне пайда тигізетін ер болуды армандап, шығарма арқылы ер мен езді, ақылды мен ақымақты, еңбекшіл мен тірліксізді айқын бағалай алады деген ойдамыз. Сонымен қатар, балалардың еліктегіш келетінін ескерсек, «көгілдір экрандағы» «жеңімпаздарға» емес, өзіміздің ауыз әдебиетіміздегі батырларға еліктеп өссе, патриоттық рух жоғары болар еді. Батырлар жырларындағы Қобыландының жылқы бағуын, Қамбардың аң аулауын, Тарғынның ат баптауын бейнелейтін көріністерге оқушылар зейінін аудара отырып, еңбектің адам өміріндегі маңызын, тіршілік тірегі екендігін түсіне алады. Батырлар жырындағы сүйікті кейіпкерлерінің ерлікке толы әрекеттері кез-келген баланы осы батырдай болсам деген арманға жетелейтіні сөзсіз. Қобыландының нағыз ержүрек батырға тән ерекше бітімі, жау әскерімен жалғыз өзі шайқасып, жеңіске жеткен, айбарынан жауы сескенген ер тұлғасы, Алпамыс батырдың да әсерлі теңеулермен берілген келбеті оқушыны шабыттандырмай қоймасы анық. Кей деректерде Шыңғысханның өзі «Алпамыс батыр» жырын тыңдап өсті деген болжамдар да бар. Қош. Эпостық жырлардың басты тақырыбы – туған жер мен елді қорғау мәселесі. Батырлар жырында халық тағдыры, адамгершілік, ар-ождан проблемаларын кеңінен әңгімелейді. Ар-ұятты қашанда бірінші қойған батырлар үлкенді сыйлау, кішіні құрметтеу жағынан алдарына жан салмаған. Сондықтан да келешекте еліміздің тұтқасын қолдарына ұстағалы отырған бүгінгі жеткіншектерге адамзаттың ақыл-ойы мен мәдениетінің дамуындағы бағалы байлықтың бәрін игертіп, ең әуелі, туған елі мен жері дегенде көкірегі қарс айрылатын азамат етіп тәрбиелеу қажет. Батырлар жырымен сусындап өскен қай бүлдіршін болмасын кіндік қаны тамған жерге деген жүрегінің түбінде өшпес махаббаты болары хақ. Ендеше, батырлар жырын әрбір ата-ана өз балаларына шынашақтай кезінен оқып беріп, бала тәрбиесіне ертерек назар аударса құп болмақ. Әй, бірақ, бүгінде ондай ата-аналар саусақпен санарлық шығар. Сіз не дейсіз?

Абылай Әшкен, студент.

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар