Бүгінгі таңда облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы қоршаған ортаны қорғау саласында мемлекеттік саясатты қалыптастыру және жүзеге асыру, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, орман-тоғайлы аумақтар көлемін ұлғайту, қорғау сынды жауапты міндеттерді жүзеге асыруда. Бұл туралы басқарманың өткен жылды қорытындылауға арналған кеңейтілген алқа мәжілісінде басқарма басшысы С. Қойбақов айтып берді. Есеп беру жиынына облыс әкімінің орынбасары А. Нұралиев, сондай-ақ, қала, аудан әкімдерінің орынбасарлары, тиісті басқармалар мен инспекциялардың, аудандық орман шаруашылығы мекемелерінің басшылары қатысты. Баяндамада айтылғандай, өңірдегі ормандарды қорғау, олардың қорын молайту және жаңадан орман өсіру шараларымен 14 орман шаруашылығы мекемесі мен «Ормандарды қорғау жедел қызметі» айналысуда. Салада барлығы 755 адам (қорықшылар, орман шеберлері, инженерлері, мамандары) қызмет атқарады. Бұл – үлкен күш. Аталған мекемелердің материалдық-техникалық әлеуеті де мол. Бүгінде орман қорының жалпы көлемі 4,4 миллион гектарды құрайды. Оның орманды аумағы 2,2 миллион гектар. Жыл сайын дерлік 5 мың гектар алқапқа орман ағаштары тұқымынан өндіріліп, көшет түрінде де егіліп өсірілуде. Сондай-ақ, жоспар бойынша Тараз қаласы мен аудандарда 1456 гектар аумаққа «жасыл белдеулер» жүргізілмек. Өткен жылы оның аумағы 366,7 гектарға жеткізілген. Орман қоры аумағында ормандарды заңсыз кесу, балық, аң аулау тоқталмай отыр. Былтыр бір жылдың ішінде жануарлар мен өсімдіктер дүниесін қорғау мақсатында 1133 тексерулер мен рейдтер жүргізіліп, заң талаптарын бұзғандарға барлығы 568 хаттама толтырылуы, заң бұзушылыққа жол берушілерден 125,5 текше метр сексеуіл отыны тәркіленуі көп жайдан хабар берсе керек-ті. Табиғат байлығы тиімділікпен пайдаланылса, оның игілігін болашақ ұрпақтың да көретіні анық. Осымен байланысты сала қызметкерлері орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі бойынша ағаш кесу, орман билеттерін беру, орман пайдаланушылардың ұзақ мерзімді келісімшарттарын тіркеу, орман қоры жерінде құрылыс салу, жануарлар дүниесін пайдалануға рұқсат беру секілді бес түрлі қызмет көрсету ісін үйлестіруде екен. Осы қызметтер есебінен бюджет қоржыны жыл ішінде 99, 17 миллион теңгеге толықтырылған. Соңғы жылдары табиғи газбен, қатты отынмен қамтамасыз етілуіне байланысты Талас, Мойынқұм аудандары тұрғындарының қара шірік отынға сұранысының екі-үш есеге кемуі байқалуда. Бұл да жетістік, сексеуілдің сақталуына сеп. Серік Мамыртайұлы орман өртінің алдын алу, арнайы телімдердегі орман қорын, жер қойнауын, су ресурстарын, қоршаған ортаны қорғау мен пайдалануды үйлестіру мәселелеріне де тоқталды. Салада шешімін күткен жайлар да жоқ емес екен. – Бүгінгі таңда орман шаруашылығы үшін білікті мамандар жеткіліксіз. Орман шаруашылығы кадрларын даярлау үшін жоғары және орта арнаулы оқу орындары жанынан арнайы факультеттер мен біліктілікті арттыру курстарын ашу, семинарлар өткізу қажеттігі туындап отыр, – деді ол бұл тұрғыда. Бұдан кейін Меркі ауданы әкімінің орынбасары Б. Әбжаппаров, Ақкөл орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің басшысы А. Бектай өздерінде атқарылған жұмыстар жөнінде айтып, басқарма басшысының жұмысына қанағаттанарлық деген баға берді. Жиынды қорытқан Абдалы Тоқбергенұлы салада жұмыс бар екенін, алайда олардың мерзімдік басылымдар арқылы жұртқа егжей-тегжейлі жеткізілмейтінін, озық тәжірибелердің тиісті деңгейде таратылып, насихатталынуы кемшін соғып отырғанын, салаға қатысты басқа да өткір, толғақты мәселелердің баяндамада қамтылмай қалғанын еске салып, бұл тұрғыда басқарма басшысына ауқымды міндеттер жүктеді. Орманшылардың қол жеткізген жетістіктері аталып өтіп, бірқатарына «Үздік еңбегі үшін» төсбелгілері табыс етілді.
Баймаханбет АХМЕТ,
"Ақ жол".
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді