Көкейіміздегіні тап басты

Көкейіміздегіні тап басты
ашық дереккөз
Көкейіміздегіні тап басты

Жуырда «Ақ жол» газетінен «Қазақша ет», «ет»... деп аталатын мақаланы оқып, риза болып қалдым. Шынында да заман өзгерді деп, сан ықылым замандар бойы жинақталып, сыннан өтіп, салтымызға енген құндылықтарымызды жоққа шығарып, біртіндеп жоғалта берсек, келешегіміз не болады? Бір кездері бүкіл Шығыс пен Батысқа бас шайқатқан тағылымға толы салт-дәстүрлерімізден айырылып, тек «қазақ» деген атымыз ғана қалғанының несі жақсы?! Құндылықтарымызды құнттайтын кез келді ғой. Егемендігімізге қол жеткізіп, жоғымызды түгендеп, ес жиып жатқан шақтың өзінде базбір кәсіпкерлер ашқан жекеменшік тамақтандыру орындарының маңдайшасына, ас мәзірлерінің қатарына «бесбармақ» деп бадырайтып жазып қойғанын көргенде, зығырданың қайнайды, тіпті! Бұлай деп ат қойып, айдар таққандар қадірлі ұлттық асымызды қорлауы, келеке етуі деп ойлаймыз. Қай заманда қай қазақ үйіне келген қонағын «бесбармақ» асып беріп, күтіп еді! Тіпті адамның он саусағының екеуі ғана «бармақ» аталмай ма? Бесіктегі сәбиіміздің де «бас бармақ, балаң үйрек, ортан терек, шылдыр шүмек, кішкене бөбек» деп «тілін сындырып» өсірген қазақ емеспіз бе? Әр елдің өз ұлттық асы болатыны белгілі. Өзбектер палауымен, ұйғырлар лағманымен, немістер сырасымен мақтанады. Ал жалпы дүниеде қазақтар секілді ет асып, оны түр-түрімен – бас-шекесімен, қазы-қартасымен, жал-жаясымен дастарқанына қойып көрсететін халық жоқ. Сондықтан, дәмханалар маңдайшаларындағы жүгіртпе жолдарға ең сыйлы қонағымызға ұсынар осынау қадірлі асымыздың атауын «бесбармақ» та, «бешбармақ» та деп емес, «қазақша ет» деп жазып көрсетуді ұмытпайық. Басқа да көптеген ұлттық ас мәзірлерімізді қазақша атауларымен әлемге танытудың бір оңтайлы жолы – ЭКСПО қонақтарына тиімді насихаттап, жарнамалай алу болып тұр. Осы мүмкіндікті мүлт жібермеуге тиіспіз.

Байұзақ КӨЛБАЕВ, ауданның Құрметті азаматы.

Талас ауданы.

Ұқсас жаңалықтар