МАЙКӨТ АҚЫННЫҢ ЕСІМІ НЕГЕ ЕЛЕУСІЗ?

МАЙКӨТ АҚЫННЫҢ ЕСІМІ НЕГЕ ЕЛЕУСІЗ?
ашық дереккөз
МАЙКӨТ АҚЫННЫҢ ЕСІМІ НЕГЕ ЕЛЕУСІЗ?

Облысымыздың 2014 жылы аталып өткен 75 жылдығына арналған салтанатты жиынында облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев өлкемізде өмір сүрген қазақтың ұлттық төл әдебиетінің ірі өкілдері Жамбыл Жабаев, Кенен Әзірбаевтардың қатарында XIX ғасырдағы қазақ ауыз әдебиетінің дүлдүлі болған Майкөт Сандыбайұлының есіміне де тоқталған болатын. Шындығында, қазақ жыршылығы мен айтыс өнерінің биік шыңына жеткен Майкөт Сандыбайұлын бүгінгі ұрпақ, оның ішінде әдебиетке жақын жүрген жастар толыққанды біле ме? Оның кіндік қаны тамған Саудакент өңірінде аты алысқа кеткен қазақтың ірі тұлғасына лайықты құрмет жасалуда ма? Міне, біздер ауданның бір топ құрметті азаматтары, соғыс және еңбек ардагерлері, зиялы қауым өкілдері сіздердің назарларыңызды осы бір руханиятымыздың өзекті мәселесіне аударғымыз келіп отыр. Бір анығы, Майкөт сынды алып ақынның есімі оның туған топырағында өз дәрежесінде еленіп, ескерілмей келеді, аса құнды шығармашылық мұрасы жете зерттелуде деп те айта алмаймыз. Осы уақытқа дейін кезінде В. Радлов, В.Бартольд сынды орыс зерттеушілерінің назарын аударған, Әбубәкір Диваевтай сұңғыла зерттеушімен бетпе-бет кездескен Майкөт Сандыбайұлының ұлт тарихындағы және қазақ әдебиеті тарихындағы орнының осы уақытқа дейін айқындалмауы өкінішті. Өз заманының заңғар тұлғасы болған Дінмұхамед Қонаев «Өнер үй ішінің ғана ләззаты емес, жалпақ жұртқа ортақ қазына ғой. Майкөт ақынның есімі исі қазақ баласына жақсы таныс» деп атап көрсетуі көп нәрсені аңғартса керек. Шын мәнінде, Майкөт Сандыбайұлы кім болған? 1824 жылы қазіргі Сарысу ауданы аумағындағы Шабақты өзенінің бойындағы Бестоғай шатқалында туған. 1902 жылы қайтыс болған. Жастайынан оқып, білім алған. Ақындық талантымен өзі туған өңірде шиырлап қалмай, бүкіл қазақ даласына танылған. Майкөттің Сыр бойына, Жетісуға, Сарыарқаға аты кеңінен таралған. Қазақ айтыс өнерінде Майкөт ақынның шығармашылық жетістіктері айрықша. Құлыншақ, Мола мұса, Майлықожа, Сүйінбай, Бақтыбай, Түбек, Мәделі қожа, Бөлтірік, Құлмамбет, Қазанқап, басқа да өз заманының белгілі ақындарымен айтысқа түсіп, олардың көбісінде жеңіске жетіп отырған. Атақты Құлмамбетпен айтысы айтыс өнері тарихының інжу-маржаны ретінде орыс, қазақ ғалымдары тарапынан өзінің лайықты бағасын алған. Құлмамбет ақын Майкөтті «...көмейінен құс ұшырған» деп бағалап, «...ел жайын молда Майкөт білген екен» деп жырға қосқан. Ал жыр алыбы Жамбыл болса «Қаздай қалқып ерінбей, өлең тердім жасымнан, Майкөт ақын Құлмамбет орын берді қасынан» деп өлеңдеткен. Жамбыл Әулиеатаға арнайы іздеп келіп, Майкөттің аузынан «Көрғұлы» дастанын тыңдап, үйреніп қайтқан екен. 1876-1965 жылдары өмір сүрген Сұлтанбек Айқожаев Майкөт ақынның қасында жүріп, оның орындауындағы «Алпамыс батыр» жырын қағазға түсірген. Бұл жыр «Алпамыс батырдың» ең көлемді нұсқасы болып табылады. Майкөттің «Саржан болысқа айтқан жыры», «Сарыбай асында айтқан құттықтау толғауы», Құлмамбетпен, Қазанқаппен, Бөлтірікпен болған айтыстары, басқа да біраз туындылары сақталған. Шығыстанушы ғалымдар «Қисса Майкөт немесе қазақтардың мыңжылдық тарихы туралы мың сөз» деген зерттеудің орысша аударылған нұсқасын өздерінің еңбектеріне арқау еткен. Жалпы, Майкөт Сандыбайұлы шығармашылығына қазақ әдебиетінің негізін салушылары Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов жоғары бағалаған. Көрнекті әдебиет зерттеушісі Мырзатай Жолдасбековтің ғылыми еңбектерінде Майкөттің жыраулық өнері мен ақындығына кең талдау жасалған. «Жақсының аты өлмейді, ақынның хаты өлмейді» деген. Біздің халықтың көкейінде жүрген мына мәселені тиянақты шешуге ықпал етуге, қолдап, көмектесуге назар аударсаңыздар деген тілегіміз бар. Майкөт сынды тұлғаның есімі өзінің туған топырағында ұмыт қалмауы керек. Олай дейтініміз біздің ауданда Майкөт Сандыбайұлының атымен не бір көше, не бір мәдениет ошағы, не бір мектеп немесе елді мекен осы уақытқа дейін аталмапты. Майкөт ақынның осы уақытқа дейін бір де бір мерейтойының аталып өтпеуінің өзі біздің өз өткенімізге енжарлығымдың белгісі болмай ма? Оның ескерткіші туралы бұл арада айтудың өзі артық. Шынтуайтына келгенде бұл айтылғандардың бәрі біздің елдігімізге сын. Бұл арада бар мәселені жергілікті билікке арта салуға да болмас. Ауданымыздың аты алысқа кеткен, елдің қамын жейтін азаматтары бар, Майкөт ақынның ұрпағы да жоқ емес, кіндігінен тараған шөбере, немерелері Таразда және оның төңірегінде өсіп, өрбуде, ағайындары да баршылық, жалпы қандай да бір игілікті шаруаны көтеріп алар ел-жұрты бар. Сондықтан сіздер бас болсаңыздар, сіздерді аудан халқының сөзсіз қолдап кетеріне біз кәміл сенеміз. Ақиық ақынның есімі кешегі өткен ұлы қобызшы Ықыластың, тарихи тұлға Шоқай датқаның есімдерімен қатар аталып, құрметтеліп, әспеттеліп жатса, құба-құп. Ұсыныс айту оңай. Айтылған екен, ол зерттелуге, зерделенуге, ойластырылуға тиіс. Осы орайда, айта кетуге тиіспіз. Жаңатас қаласындағы іргелі мәдениет ошағы – аудандық Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті. Кіреберіс алды, жан-жағы әрленіп, абаттандырылды, көріктендірілді. Сол Мәдениет үйінің алдындағы алаңда Майкөт Сандыбайұлының еңселі ескерткіші тұрса, Мәдениет үйіне ақынның аты беріліп жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Бұл тек біздің ғана пікіріміз емес, аудандағы көпшілік қарияның, зиялы қауым өкілдерінің, жалпы жұртшылықтың ойы, ізгі ниеті.

Ауданның Құрметті азаматтары: Қабыл Ібжанов, Ұлы Отан соғысының ардагері, Өтелбай Сармолдаев, Алтын Досжанова, Отыншы Әлібаев, Орынтай Дүйсенов, Жанайдар Сұлтанбеков, Қойшыбай Жүсіпәлиев, еңбек ардагерлері, Пернебай Дүйсенбин, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Төлеу Үшқоңыров, сазгер, Алдаберді Мақашев, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Әбиірбек Сағынтаев, Марқаш Мизамбаев, Егізбек Сәтов аудан тұрғындары. Сарысу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар