Қытай пирамидасының жұмбағы

Қытай пирамидасының жұмбағы
ашық дереккөз
Қытай пирамидасының жұмбағы

20Жұрт «пирамида» дегенде Мысырдың және Орталық Америкадағы үндістердің ғажайып құрылыс туындыларын көз алдына елестетіп жүргенде, кереметтігі мен құпиялығы олардан аспаса, кем түспейтін ғимараттар Қытай жерінен де табылды. Келешекте Қытай әлемдегі жеті кереметтің бірі болып саналатын қорған-қабырғаларымен қатар, пирамидалармен де мақтана алады. Қытай пирамидасы қандай? 1945 жылы көктем айында американдық әскери ұшқыш Джеймс Гауссман Орталық Қытайдың Циянь шаһарына жақын жердегі Кин-Линь-Сян тауының үстінен ұшып бара жатып, тау аңғарларының ішінен керемет бір құрылысты көріп қалады. Ұшқыш ойланбастан ғажайып ғимаратты суретке түсіріп алды. Бірақ ол дәл сол кезде, адамзат үшін белгісіз болып келген, құпия пирамиданы тапқанын білген жоқ. Пирамиданың биіктігі 300 метр, ені 500 метр еді. Бұл дегеніміз, бүгінгі күні тамсанып жүрген Мысыр пирамидаларының ең үлкені, Ұлы ғимарат саналатын Хеопстен екі есе үлкен. Хеопстің биіктігі 148 метр ғана. Алайда Джеймс Гауссман түсірген сурет американың әскери мұрағатында кенеттен із-түзсіз жоғалып кетті. Қолды болды ма, қайда кетті, ешкім білмейді. Мұны «пирамиданың құпиялығын сақтау үшін қытайлардың өзі ұрлап алды» деген де болжам бар. Қытай билігі мен археологтары «ондай ежелгі құрылыстар біздің аумақта жоқ, болған емес» деп қанша жалтарса да, тағы бір жаңазеландиялық ұшқыш Брюс Кати әлгі құпия пирамидаларды 1960 жылы тағы да кездестірді. Ол өткен ғасырдың басында осы аймақта болған екі австралиялық саудагердің күнделігін тапқан. Күнделікте саудагерлер Қытайдың Шэнси өлкесінде алып пирамидаларды көргенін жазып қалдырыпты. Жазбаларға қарап отырып, Брюс Кати бір емес, тұтас пирамидалар қалашығын жасап шықты. Пирамидалардың саны 17 екен. Тұтас қала деуге болады. Бұл қай кезде тұрғызылды, қандай мақсатта? Бұл жағы құпия, белгісіз. Жалпы, бұл пирамидалар алқабы сырт көзден таса жерде. Шетелдіктердің ол жаққа баруына тыйым салынған. Бұл нысандар бұдан 5000 жыл бұрын тұрғызылған деген дерек бар. Жүздеген пирамиданың биіктігі – 25-100 метр. Көлемі де сондай. Тек Цзя Линь өзенінің жағасындағы пирамида ғана ең үлкен. Оның үлкендігі басында айтып кеткендей, Хеопстен екі есе ірі. Оны қытайлар «Ұлы Ақ пирамида» дейді. Рас, Қытай пирамидаларының құпиясы Мысыр пирамидаларынан кем емес. Сыры әлі ашылған жоқ. Қытай өкіметі ол өлкені жабық аудан ретінде қарастырып отыр. «Ол пирамидаларды қазып неге зерттемеске?» деген сауалға, қытайлықтар «бұл болашақ ұрпақтың несібесі, солардың үлесіне қалдырдық» деп қысқа-нұсқа жауап береді. Неге қазір емес, неге болашақта? Оның не құпиясы бар? Мұның бәрі әзірге жұмбақ. Сонымен қатар, қытайлықтар пирамидалардың маңына тез өсетін тал егіп, сырт көзден неғұрлым құпия ұстауға тырысуда. Мұның себебі не? Қытайдай алып ел пирамидалардың құпиясын ашудан бекерден-бекер сескенбесе керек-ті. Мүмкін, әлемнің жаратылысына, тіршілік иелерінің пайда болуына байланысты бар құпияны әлгі пирамидалар ішіне бұғып жатпасына кім кепіл?! Қалай айтсақ та, Қытайдағы, Египеттегі, Америкадағы пирамидалар әлі күнге жер бетіндегі ең құпиясы көп ғимараттар болып қала бермек. Ал олардың сыры қашан ашылары белгісіз.

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ.

Ұқсас жаңалықтар