Бұл әңгімені талай мәрте айтуға оқталып, іркіліп қалғанмын. Біреу сенер, біреу сенбес. Алайда, бұл аңыз емес, бертінде болған оқиға.
Атам Үсейін бойы сырықтай, ашаң жүзді, өз ісіне құнттай, жуас кісі болыпты. Өзі сондай балажан, екі ұлынан көрген немерелерін айналып-толғанып отыратын дейді көзкөргендер. Жиған-тергенін тығып жемей, көрші-қолаңымен бөлісіп отырғанымен, немереге деген қызғанышы алабөтен, нағашыларына жуытпайды екен. Қолы ашық, жомарттығынан шығар, оның үйінен кісі үзілмепті. Сонысына қарай, кемпірі Ақшайдың қара қазаны оттан түспейтін деседі қариялар. Дастарқанынан құрт-май да үзілмепті. Өзі қомағайланып тамақ жемегенімен, сары майды қасықтап асап, кесе-кесе айран ішеді екен. Ішкенде де шара-шара айранды жұқ көрмейтіні көрші-қолаң, үй ішіндегілерге таң емес. Тек, мұнысына бейтаныс меймандар ғана қайран қалып жүретін көрінеді. Бұл жайды қайдан, кімнен естігені белгісіз, бір күні Үсейінді Мәскеуден бір профессор іздеп келеді. Үйінде екі-үш күн қона жатып, ұзақ әңгімелесіпті. «Апта өткеннен кейін сол кісі тағы айналып соқты. Шөптен дәрі қайнатып берді ме, әйтеуір ем-домын жасап жүретін. Атам тізем ауырады дейтін. Әлгі профессор уқорғасынның тамырымен жұлып, күміспен күйдіріп, тізесіне тартты. Бірнеше күннен кейін уқорғасын тартқан жерін кесті. Саған өтірік, маған шын ішінен ұзындығы жарты құлаш жыланды суырып алғанда өз көзіме сенбедім. Тізесінің ауырғаны да қойды. Бірақ, осыдан кейін тамаққа тәбеті күрт төмендеп кетті», – деген еді бірде осы оқиғаға куә болған анам. Жалаладин Румиден мынадай бір мысал қалған дейді. «Ағаштың көлеңкесінде ұйықтап жатқан адамның аузына жылан кіріп кеткенін байқап қалып, тұсынан өтіп бара жатқан атты жолаушы әлгіні қамшымен тартып жіберіп оятады. Түкке түсінбеген бейшараны сабап жүріп, ағаш маңында шашылып жатқан шірік жемістерді зорлап жегізеді. Қамшыдан қорыққаннан әлгі адам жемісті тоя жеп, жүрегі айнып, жеміспен бірге жыланды қоса құсып, жаны қалыпты». Тегінде, қазақ қомағайланып ас ішкенмен, ішкен-жегені бойына дарымайтындарды «ішінде жыланы бар» деп жатады. Кім білсін, бұл сөз жайдан-жай айтыла салмаған шығар?!
Ардақ Үсейінова.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді