«Нұрлы жер»: Кредиттiк тұрғын үйдiң шаршы метрi 140 мың теңге болады

«Нұрлы жер»: Кредиттiк тұрғын үйдiң шаршы метрi 140 мың теңге болады
ашық дереккөз
«Нұрлы жер»: Кредиттiк тұрғын үйдiң шаршы метрi 140 мың теңге болады

«Нұрлы жер» бағдарламасының кредиттiк тұрғын үй бағыты бойынша баспананың шаршы метрi өңiрлерде 140 мың теңге, ал Алматы, Астана, Ақтау, Атырау қалаларында 180 мың теңге болады. Ай сайын «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкi» салымшылары екi бөлмелi пәтер үшiн шамамен 50-70 мың теңге төлейдi. Бұл туралы бүгiн мемлекеттiк бюджеттен және Ұлттық қордан бөлiнетiн қаражаттың мақсатты жұмсалуына бақылау жүргiзу бойынша Мәжiлiстегi «Нұр Отан» партиясының фракциясы жанындағы тұрғын үй коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын жаңғырту бағыты бойынша комиссия отырысында ҚР ҰЭМ Құрылыс iстерi және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитетiнiң төрағасы Мархабат Жайымбетов айтты.

«Тұрғын үй құрылысына байланысты «Нұрлы жол» бағдарламасында болған дүниенiң бәрi «Нұрлы жер» бағдарламасына көшiп отыр. Бағдарламаның бiрiншi бағыты бойынша ипотекаға сұранысты ынталандыру үшiн азаматтарға субсидия бөлiнедi. Мысалы, екiншi деңгейдегi банктер 17 пайызбен борыш берсе, соның 7 пайызын мемлекет субсидиялайды. Осылайша, азаматтар 10 пайызбен ипотека алатын болады. Екiншi бағыт бойынша құрылыс компанияларына да осындай қолдау көрсетiледi», - дедi М.Жайымбетов.

Бағдарламаның үшiншi бағыты – кредиттiк тұрғын үй. Бұл бағыт бойынша 250 мың пәтер салынады.

«Былтыр Елбасының тапсырмасы бойынша құрылыс саласына 400 млрд теңге қаражат бөлiндi. Соның iшiнде «Бәйтерек» АҚ-ға 180 млрд теңге, «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлiк қорына 97 млрд теңге берiлдi. Бұл 277 млрд теңге, осы қаражатқа 2016-2017 жылдары барлық өңiрлерде құрылыс салынады. Сосын 2018 жылдан бастап үйлер әкiмдiктерге берiлетiн болады. Бiздiң жоспар бойынша 15 млрд теңгеден әр өңiр, Шымкент, Ақтөбе 20 млрд, Астана мен Алматы қалалары 30 млрд теңге шамасында құрылыс салады. Үйдiң бағасы барлық өңiрлерде шаршы метрi 140 мың теңгеден болады. Алматы, Астана, Ақтау, Атырау қалаларында – 180 мың теңге. Өздерiңiз бiлесiздер, нарықта 260-280 мың теңгеден жоғары. Бiздiң қазiргi есебiмiз бойынша, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкi» салымшылары аумағы 50-60 шаршы метр болатын екi бөлмелi үйге шамамен ай сайын 50-70 мың теңге төлейдi. Бұлар мемлекеттiк қызметшiлер, мұғалiмдер, дәрiгерлер, оларға қалтасы көтеретiндей мүмкiндiк берiлiп отыр. Сосын әлеуметтiк жағынан әлжуаз топтарға да мүмкiншiлiк бар», - дедi комитет төрағасы.

Бағдарламаның төртiншi бағыты – сатып алынбайтын жалдамалы үйлер. Бұл баспана бiрiншi топтағы мүгедектер мен жетiм балаларға берiледi.

Бұдан бөлек, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жеке тұрғын үй құрылысына үлкен көңiл бөлiнедi.

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 15 жылда 1,5 млн пәтер тапсырылады. Оның 45 пайызы жеке тұрғын үйлерге берiлетiн қаржы. Мемлекет жыл сайын инфрақұрылымды салуға 80 млрд теңге қаржы бөледi. Бiздiң жоспар бойынша жыл сайын 42 мың жеке тұрғын үй салынатын болады», - деп атап өттi М.Жайымбетов.

ақпарат көзі: Baq.kz 

 

Ұқсас жаңалықтар