Ат қоюға атүсті қарамайық, ата-ана!

Ат қоюға атүсті қарамайық, ата-ана!
ашық дереккөз
Ат қоюға атүсті қарамайық, ата-ана!

«Адамның өмiрi есiмi қойылған сәттен басталады», депті бұрынғылар. Дана халқымыз ежелден балаға ат қоюға үлкен мән берiп, әр ата-ана шыр етiп жарық дүние есiгiн ашқан перзентiне есiм беруге бей-жай қарамаған. Балаға есiм беруде ата-әжелерiмiз ырым мен салт-дәстүрге ерекше көңiл бөлген. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Қиямет күнi өз аттарыңыз және әкелерiңiздiң аттарымен шақырыласыздар. Сондықтан балаларыңызға жақсы ат қойыңыздар», деген. Яғни, ата-ананың перзентi алдындағы ең алғашқы борышы – баласына жақсы ат қою. Ал қазiр ше? Пайғамбары­мыздың үмбеттерi нәрестелерiне есім қоюда сол талап-сенiм үдесiнен шығып жатыр ма? Ат қойғыш қазекең бұрынғы кеңес одағы кезiнде туған балаларына «жөнi түзу есiм таба алмай» бытырлатып Колхозбай, Совхозбек, Съезд, Фестиваль деп ат қойғаны да белгiлi. Ондай есiмдi «арқалап» жүрген аға-құрбыларымыз жүздеп, мыңдап саналады десек, ешкiм дауласа қоймас. Ал Маркс, Энгельс, Ленин, Сталиндердің басқы әріптерінен құралған Мэлстер тіпті мыңнан да көп шығар, сірә. Кеңестiк кезеңнiң «сарқытындай» болған әлгiндей есiмдер елiмiз тәуелсiздiк алған жылдардан берi сап тыйылғандай болған. Алайда қазiргi таңда жаңадан отбасын құрған жастар сәбилерiне экранымызды жаулап алған түрiк-кәрiс телесериалдарындағы кейiпкерлердiң есiмдерiн және еуропаша ат-есiмдердi қоюға құлшына кiрiсiп жүр. Ал сайттардың бірінен баласының есімін Дағдарыс деп қоймақшы болғанын оқып, ата-анасының ақыл-есінің түзу екеніне күмәнданып, кәдiмгiдей дағдарып қалдық. Рас, бұрынырақта баласы шетіней беріп, аяққа тұрмай жатқанда көптің көзіне түспейтін жұпыны аттарды қоятын болған. Мәселен, Малбағар, Боқбасар немесе ұзақ жасасын деген ырыммен Өлмес деген сияқты. Халық түсінігі бойынша қыз балаға тіл-көз онша тие қоймайтын болған. Сондықтан оларға әдемі аттар таңдалған. Айталық, Айман, Шолпан, Жұлдыз, Алтынай, Күміс, Жібек, Мақпал, Шынар, Раушан, Құралай, Кәусар деп тізімді ұзын-сонар жалғастыра беруге болады. Ал айдың-күннің аманында баласына мағынасыз ат қою сайып келгенде оның болашағына бей-жай қарау емес пе? Мұны айтып отырғанымыз, ғалымдар көркем есiмдi сәби көркем боп өседi дейді. Сонымен бiрге адам аты мен оның туған мезгiлiне планеталардың да ықпалы болады екен. Мысалы, қыстыгүнi туғандар ширақ, пысық, көктемде дүние есiгiн ашқандар жұмсақ мiнездi, жаз мезгiлiнде өмiрге келгендер қайырымды және күзде туғандар шаруақор болатын көрiнедi. Психолог-мамандардың зерттеуi бойынша, Қайрат есiмдi ер балалардың денсаулығы мықты, белсендi болса, Әдiл есiмдi ер балалар аты айтып тұрғандай адал болады. Мұхтар, Мақсаттар алдына қойған мақсатына жетпей қоймас iскер, талапшыл болса, Қуаныш, Дәурен, Думандар өз ортасын шаттыққа бөлеп жүретiн, әзiл-қалжыңға жаны жақын келедi екен. Арулардың есiмiне келер болсақ, Әсел, Әсем есiмдi қыздар қылықты, сұлулыққа жақын болса, Мақпал есiмдi қыздардың бойында өнерге деген құштарлық басым болады деседі. Сондай-ақ, Гүлнәр, Динара есiмдi қыздар қимылы ширақ, тез тiлтабысқыш, iске бейiм. Тоқсан ауыз сөздiң тобықтай түйiнiн айтар болсақ, баланың аты затына лайық болуы керек. «Ал мағынасыз есімді адамдардың өмiрi де мәнсiз өтедi» дейдi ғалымдар. Сондықтан балаңызға, немереңізге ат қоюға атүсті қарамайық, ағайын.

Нұрболат ӘЛДИБЕКОВ,

"Ақ жол".

Т. Рысқұлов ауданы.

Ұқсас жаңалықтар