Балабақшаның баласы миллионға дейінгі есептерді шемішкедей шағады

Балабақшаның  баласы миллионға дейінгі  есептерді шемішкедей шағады
ашық дереккөз
Балабақшаның баласы миллионға дейінгі есептерді шемішкедей шағады

Қызылорда қаласының 5 жасар тұрғыны Ерхан Исламбектің математикаға ынтасы зор. Есте сақтау қабілеті де таңғалдырады. Ол миллионға дейінгі есептерді ойша шешіп, шемішкедей шағады. Ерхан күнделікті ағасы жасырған есептерді осылайша шешеді. Миллионға дейінгі сандарды бір-біріне қосып, айыру бүлдіршін үшін қиын емес. Есеп күрделі болған сайын қызығушылығым да арта түседі дейді. Ерханның мұндай қабілетін жақындары жете байқап, онша мән бере қоймаған. Бала бүгінде өз бетінше көбейту, бөлу амалдарын меңгеруде. «Есепті ешкім үйреткен жоқ. Өзімнің тілегіммен үйрендім. Ойыма келгеннің бәрін қағып алып отырдым», – дейді бүлдіршін. Кішкентай Ерханның мұндай қабілеті балабақшадағы тәрбиешілерін де таңғалдырады. Өз қатарластарынан ерекшеленетін баланың есте сақтау қабілеті де жоғары. Ұзақ әрі қиын өлеңдерді тез-ақ жаттайды. «Ерхан өте зерек. Біз балабақшада 1 мен10-ға дейін санды үйрететін болсақ, ол күрделі сандарды біледі. Оларды алып-қосып береді», – дейді тәрбиешісі. Ерхан биыл мектепке барады. Сондықтан әжесі немересінің оқуға дайындығын мықтап қолға алыпты. Мұғалім жалдауды да ойластырып отыр. Баланың бірінші емес, бірден екінші сыныпқа барғанын қалайды. «Ертеңгі күні оқуға ынтасы жоғалып кете ме деп қорқамын. Сондықтан екінші сыныпқа беруге мүмкіндік болатынын білгіміз келеді. Жаз бойы тамызға дейін әліппеден беретін мұғалім жалдамақпыз. Ал, математикадан қиындық жоқ», – дейді Ерханның әжесі. Бес жасар балғын қазір ойнауға емес, тездетіп мектеп партасына отыруға асығып жүр екен.

«Ақ жол-Ақпарат».

Ұқсас жаңалықтар