Арда ақын Әзімбек

Арда ақын Әзімбек
ашық дереккөз
Арда ақын Әзімбек

атындағы еске алу айтысы да, мүшәйра да өз мәресіне жетті

Жерлесіміз, өмірден ерте өткен айтыскер ақын Әзімбек Жанқұлиев атындағы «Алты Алашқа танылған ақын еді..» атты III дәстүрлі айтыс биыл оңтүстікқазақстандық Әселхан Қалыбекова, Бөрібай Оразымбетов, қарағандылық Қуаныш Мақсұтов, шығысқазақстандық Абаш Кәкенов, жамбылдық Күміскүл Сәрсенбаева, Алтынкүл Қасымбекова, Алик Бекмұсаев, Ербол Қамбатыров, Есет Досалы, Нұрлыбек Құрманов сынды ақтангерлерінің қатысуымен өтті.

Аудандық Мәдениет үйінде аудан әкімдігі мен облыстық мәдениет, құжаттама және мұрағат басқармасының ұйымдастыруымен шымылдығы түрілген іс-шарада аудан әкімі Мұратхан Шүкеев «Қай халықтың да қадір тұтары – өзінің кегін қуар батыры, сөзін сөйлер ақыны болады. Халықтың бойынан табылар сарқылмас жігер мен шабыттың ғана емес, дуалы ауыз ақылдың да иесі саналатын ақындар ауданымызда аз емес. Міне, осындай өр тұлғалы азаматтың бірі, қасиетті өнерді жанына жалау етіп өткен Әзімбек Жанқұлиев өзіндік өрнегімен айтыс әлемінде, халық жадында ұмытылмастай болып сақталып қалды» деп ақиық ақынды еске алу айтысына қатысушыларға сәттілік тіледі. Аталған іс-шара аясында өткізілген Ә. Жанқұлиев атындағы «Жырмен өткен көп күні» атты жас ақындардың облыстық жабық жыр мүшәйрасының да қорытындысы осы күні шығарылып, жүлделер өз иелерін тапты. Бас жүлдеге ақын Хамит Есаман лайық деп табылды. Ал, Жанғазы Ахметовке бірінші, Мәулен Жаппасбайға екінші, Арайлы Жақсылыққа үшінші орын жүлделері берілді. Табиғат Абаилдаев, Нұржан Қадыралы, Наурызбек Саршаев ынталандыру сыйлықтарына ие болды. Ал, өнер жанашырлары көптеп жиналған сөз додасы қазылардың қатысуынсыз, балдық жүйесіз де қызу өтіп, сайыскерлердің барлығына бірдей ақшалай сыйлықтар және алғыс хаттары табыс етілді. Сырттан келген айтыскерлерге аудан әкімі атынан шапан жабылып, тиісінше сый-құрмет көрсетілді. Осылай байзақтықтар Әзімбектей ақын ұлдарының атын, әруағын және бір асқақтатып тастады.

Баймаханбет АХМЕТ,  «Ақ жол».

Байзақ ауданы.

Ұқсас жаңалықтар