Білікті дәрігерлер көбейсе, медициналық қызметтің сапасы да артады
- author «Ақ жол»
- 10 қаңтар, 2017
- 451
Қазір бұрынғыдай емес, шалғай ауылдың тұрғындары дертіне дауа іздеп, облыс орталығына сабылмайтын болған. Себебі, елді мекендердегі емдеу мекемелері заманауи медициналық жабдықтармен жабдықталып, дәрігерлік көмектің сапасы артты. Ауылға білікті мамандар тұрақтап, жұмыс ілгеріледі. Сондай ісі ілгерілеген медициналық мекеменің бірі – аудандық орталық аурухана. Аудандық орталық ауруханада білікті мамандар қатары жылдан-жылға көбейіп келеді. Соған орай тұрғындардың да медициналық қызметтің сапасына көңілі толып, сенімдері нығая түскен. Әсіресе, жалпы терапия бөлімінің қызметіне дән риза. – Ауруханада бір аптадан аса жатып емделдім. Бөлім меңгерушісі Күлзира Омарова мен дәрігер-терапевт Нина Качалованың біліктілігіне, еңбекқорлығына дән риза болдым, – дейді Талас ауданының Құрметті азаматы, еңбек ардагері Байұзақ Көлбайұлы. Дәрігерлер туралы мұндай жылы лебізді емделуші Е. Нұржаубаев та білдірді. Ол осы бөлімнің аға мейірбикесі Ләззат Жұманова мен егу медбикесі Ботагөз Аллабергенова және кезекші мейірбике Әзиза Дүйсенбекованың өз істеріне үлкен жауапкершілікпен қарайтынын, науқастарға жылы сөйлеп, ізеттілік сақтайтынын айтты. Басы ауырып, балтыры сыздаған жанның дәрігерге келгенде жанына шуақ, еміне дәру іздейтіні белгілі. Бір ауыз жылы сөздің өзі науқастың жанына дауа болады. Содан болар, ақ халатты абзал жандардан адал қызмет қана емес, аялы алақанның жылуын күтетіні. – Жан жылуы – емнің ең басты кепілі іспетті. Мен 1988 жылы Қарағанды мемлекеттік медициналық институтын бітіріп, жолдамамен Қаратау қаласына келдім. Содан бері 28 жылдан асты. Білікті дәрігер ретінде талай жерге қызметке шақырды. Бірақ, мен осы жерді, Қаратауды таңдадым. Маған бұл жер ыстық. Осында отбасын құрдым, перзент сүйдім. Ұлым қазір Алматыдағы аграрлық университетте оқып жүр, – дейді Күлзира Омарова. Иә, ауданда медициналық көмектің қолжетімділігі артып келеді. Тәуелсіздік жылдарында елді мекендерде 13 емдеу мекемесі пайдалануға берілді. Былтыр Сәду Шәкіров ауылында жаңа фельдшерлік-акушерлік бекет бой көтерді. Ақкөл ауылындағы ауруханадағы төсек саны ұлғайтылды. Қаратау қаласынан заманауи үлгідегі технологиямен жабдықталған жаңа аудандық емхана салынып, тұрғындарға қызмет көрсетуде.
Сәулембай Әбсадықұлы, «Ақ жол».
Қаратау қаласы, Талас ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді