КОММУНАЛДЫҚ ТӨЛЕМ БАҒАСЫ АРТА МА?

КОММУНАЛДЫҚ ТӨЛЕМ БАҒАСЫ АРТА МА?
ашық дереккөз
КОММУНАЛДЫҚ ТӨЛЕМ БАҒАСЫ АРТА МА?
Жаңа жылдан бастап коммуналдық төлем бағасының артатыны туралы ел арасында түрлі ақпарат тарауда. ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің ендігі кезекте бағаларды бақылауда ұстамайтыны, соған сәйкес, осы уақытқа дейін аталған комитетпен бекітіліп келе жатқан баға қаншалықты артатыны жұртшылықты алаңдатып отырғаны жасырын емес. Осыған орай, біз аталған комитеттің облыс бойынша департаментіне арнайы сауал жолдаған едік. Аталған департаменттің табиғи монополияларды және бағаларды реттеу бөлімінің басшысы Бауыржан Көрпебаев бұл мәселеге байланысты толыққанды жауап берді. Оның айтуынша, жыл басынан жылу, электр, газ, су жүйелері бойынша төлемдер бағасы бұрынғысынша қала бермек. Тек кәріз жүйелеріне төленетін ақы 7,2 теңгеден 16,41 теңгеге артпақ. Айта кетейік, республика бойынша кәріз жүйелеріне ең арзан төлем біздің облыста болатын. Ал жыл ортасында газ бағасының біршама көтерілуі күтіліп отырғандықтан, соған байланысты жылу энергиясының да құны артуы мүмкін деген болжам айтады бөлім басшысы. Ал биылғы жылдан бастап бағаны монополистердің бақыламайтыны туралы Бауыржан Көрпебаев: «Осы уақытқа дейін электр энергиясы, газ, темір жол, азаматтық авиация сынды салаларда бағаны біздің комитет нақтылап бекітіп беретін. Ендігі кезекте, бұрыннан қалыптасқан талаптарға, арнайы Заңға сәйкес, аталған сала мамандары бағаны өздері бекітеді. Алайда, олар ойына келген бағаны қоя береді екен деп ойламау керек. Өйткені, бағаны бекітудің бірыңғай жүйесі қалыптасқан және барлығы сол жүйе бойынша бақыланып отырады. Ал бағаны негізсіз өсіріп, заңсыздыққа жол берген мекемелерге арнайы тексеру жүргізіліп, тиісті шара қолданылмақ. Негізсіз өсімді байқаған кез-келген азамат құзырлы органдарға шағымдана алатынын айтқым келеді», – деді.

Маржан рақай, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар