Зейнетақы 9 пайызға, жәрдемақы 7 пайызға көбейді

Зейнетақы 9 пайызға,  жәрдемақы 7 пайызға көбейді
ашық дереккөз
Зейнетақы 9 пайызға, жәрдемақы 7 пайызға көбейді

Жаңа жылдан бастап зейнетақы көбейтілді. Нақты қанша пайызға өсті? Осыны білмек болып, біз «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік коммерциялық емес акционерлік қоғамының облыстағы филиалының әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталығы департаментінің директоры Нұржан Төртбаевқа хабарластық. Маман төлемақылар тек зейнет жасына жеткендерге ғана емес, әлеуметтік зейнетақы, мүмкіндігі шектеулі жандар мен асыраушысынан айырылғандарға, бала туылуына байланысты біржолғы мемлекеттік төлемге, баланың бір жасқа дейінгі күтімі секілді мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың барлық түрінің мөлшері 1 қаңтардан бастап өскенін айтты. – Биыл 1 қаңтарда базалық зейнетақының көлемі 9 пайызға ұлғайып, ол 12 802 теңгені құрады. Шілде айында тағы да 11 пайызға өседі. Осылайша, ең төменгі зейнетақы мөлшері ең төменгі зейнетақы мен базалық зейнетақыны қосқанда 40950 теңгені құрайтын болады. Мемлекеттік базалық зейнетақыны еңбек өтілі мен табысының мөлшеріне қарамастан зейнет жасына жеткен барлық азаматтар ала алады. 1 шілдеден бастап базалық зейнетақы жалпыға бірдей белгіленген зейнеткерлік жасқа жеткен кезде және зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты тағайындалады. Олардың жүйеге қатысу өтілі кемінде 10 жыл болса, ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызын, 20 жылда – 70 пайызын құрайды. Ал 35 жылға жетсе, ең төменгі күнкөріс деңгейіне тең есептеледі. Яғни, еңбек өтілі неғұрлым артқан сайын базалық зейнетақы да соғұрлым көбейе түседі. Сондай-ақ, базалық зейнетақыны өз жәрдемақыларына қосымша зейнеткерлік жасқа жеткен мүгедектер де алады. Зейнет жасындағылар, асыраушысынан айырылғандар немесе еңбек өтілі және зейнет жасындағы жәрдемақы алушы тұлғалардың көрсетілген жәрдемақылардың орнына базалық зейнетақыны алуға құқықтары бар. Бүгінгі күні облыста 118278 зейнеткер бар, – дейді Нұржан Мейірханұлы. Мәліметке сүйенсек, биыл әлеуметтік жәрдемақылардың барлық түріне 7 пайыз қосылған екен. Енді, өңіріміздегі 34217 мүгедектігі бойынша жәрдемақы алушы және 11922 асыраушысынан айырылған, 86 еңбек өтілі жоқ зейнет жасындағы жәрдемақы алушының бәрі оңды өзгерістердің шапағатын көретін болады. – Өңірімізде балалары бір жасқа толмаған 13111 азамат бар. Баланың туылуына байланысты отбасының табысына қарамастан төленетін төлем 71270 теңгеге ұлғайса, отбасында төрт және оданда көп баланың туылуына байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері 118783 теңгені құрады. Мүгедек баланы тәрбиелеушілерге баланың өзіне төленетін жәрдемақыға қарамастан ең төменгі жалақының 1,05 мөлшерінде төлем төленетін болды. Былтыр бұл төлем 24002 теңге болса, биыл бұл сома 25682 теңгені құрап отыр. Ең негізгі жаңалық – осы жылдың шілдесінен бастап зейнетақы мен баланың туылуына байланысты берілетін біржолғы төлем мөлшері 20 пайызға арттырылатыны. Бұл Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауының, «Зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасының» жүзеге асырылуының жемісі. Халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту мақсатында 2018 жылы қазақстандықтардың ең төменгі күнкөріс деңгейі қайта қаралатын болады, – дейді ол.

Нұрым сырғабаев, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар