Сәулеті келіскен «Достық» үйі

Сәулеті келіскен «Достық» үйі
ашық дереккөз
Сәулеті келіскен «Достық» үйі

Маржан Қожаева, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі.

Тараз қаласында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен 2005 жылы «Достық» үйі ашылған болатын. Бұл осы уақытқа дейін көптеген этномәдени орталық өкілдерінің мақсат-мүдделерін бір арнаға тоғыстырған, татулық ұялаған мекен болды. Өңірдегі Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысы жанданып, бір шаңырақ астына топтасқан өзге ұлт өкілдерінің де саны артқан сайын ғимарат тарлық ете бастаған. Осыны ескерген Мемлекет басшысы тапсырма беріп, Көне Тараз кешені аумағында жаңа ғимарат бой көтерген еді. Жаңа «Достық» үйі жамбылдықтар үшін Тәуелсіздіктің 25 жылдығына тамаша тарту болды. Ежелгі сәулет дәстүрі негізінде салынған заманауи ғимараттың құрылымы өте күрделі. Архитектуралық үлгісі жағынан Астана қаласындағы бейбітшілік пен келісім сарайына ұқсайтын тұстары да бар. ТМД кеңестігінде бірегей сәулет десе де болады. Күмбезінің диаметрі 56 метр, аралық тіреуішсіз орналасқан. Қарау мұнарасы арқылы жоғарыдан қарағанда сегіз тармақты жұлдызға ұқсайды, «Айша бибі» әшекейлік сарынын да байқау қиын емес. Архитектуралық жобасында үлкен мән-мағына бар. Біріншіден, нысан қазақтың күйіз үйіне өте ұқсас. Екіншіден, оның жоғары жағында шаңырақ орналасқан. Бұл – Тәуелсіз қазақ елінде, кең-байтақ жерде қаншама ұлт өкілдерінің тату-тәтті өмір сүріп жатқанын аңғартса керек. Ғимараттың бір өзгешелігі – жер асты қабатының болуы. Жобалаушылардың шешімі бойынша ол қыста жылы, жазда салқын ауа беріп тұрады. Қазақ даласында мұндай сәулет үлгісі ертеден қолданылып келеді. Қожа Ахмет Яссауиден бастау алған тәсілмен Маңғышлақта мешіт соғылды. Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарының шекарасында, Қаратаудың солтүстік баурайында «Баба ата» құлпытасы да сондай үлгіде салынған. Бүгінгі уақытта жер асты тұрғын үйлері Германияда да қолданылады. Ғимараттың тағы бір ерекшелігі – тік жарықтандырудың қарастырылғаны. Ғимараттың үстіндегі күмбез арнайы күңгірт шыны пирамида ретінде орналасқан, тәулік бойына тікелей жарықпен қамтамасыз етеді. Түрлі студиялар, киім бөлмесі, хореографиялық және басқа да сыныптар бар. Аудио-бейне жазба жеке студиясын орналастыру қарастырылған. Бірінші қабатта үлкен гардероб, әкімшілік кабинеттері, Ассамблея хатшылығы мен «Қоғамдық келісім» мекемесі, қосалқы үй жайлары және 900 шаршы метрді қамтитын, әрқайсысы 116 шаршы метрден тұратын 8 этномәдени бірлестік орналасқан. Осы қабатта шағын мәжіліс-холл, екінші қабатта 260 орындық үлкен мәжіліс зал бар. Сән-салтанаты келіскен ғимараттың құрылысы өткен жылы басталған. Бас мердігер – «Астана автострой» компаниясы. Нысанға жалпы 1,6 миллиард теңге бөлінген. Құрылыс материалдары Украина мен Ресейден және Астанадан тасымалданған. Осындай сәулеті ерекше жаңа «Достық» үйінің пайдалануға берілуі – 2016 жылдың ең бір елеулі оқиғасы болды. Бұл нысан ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне қатысушы туристердің, ресми делегаттардың назарын өзіне аударатыны анық. Бір сөзбен айтқанда, сыртқы және ішкі туризмді дамытуға қызмет жасайтын болады. Әрі өзге ұлт өкілдерін ортақ мақсатты жүзеге асыру үшін бір арнаға тоғыстырған татулықтың темірқазығына айналарына сенім мол.

Ұқсас жаңалықтар